Әліппе өлең

А-а

А дегенім атаң,
Ақ тілекті батаң.
Ақыл сөзін тыңдап,
Ардақтай біл, ботам!

       Ә-ә

Ә дегенім әжең,
Әлдилеген анаң,
Әлпештеген әкең,
Әспеттей біл, балам!

        Б-б

Б дегенім білім,
Білім – жарық күнің.
Ашып берер саған,
Бар әлемнің сырын!

       В-в

В дегенім вокзал,
Кісі толған көп зал.
Келіп қалса пойыз,
Вокзалдан тез қозғал!

       Г-г

Г дегенім гүлім,
Көрдің неше түрін.
Гүлмен бірге сенің
Күлімдейді күнің!

        Ғ-ғ

Ғ дегенім ғарыш,
Болса дағы алыс.
Қазақ ұшып барған,
Ғарыш бізге таныс!

       Д-д

Д дегенім дәптер,
Дәптер тола ақ тор.
Дұрыс, таза жазып,
Төрт пен бесті ап кел!

        Е-е

Е дегенім есеп,
Есеп қиын десек,
Неше болар екен,
Екі ешкі мен есек?

         Ж-ж

Ж дегенім жолда,
Жаңғалақтау болма.
Жасыл жанса, жүгір,
Қарап сол мен оңға!
 
         З-з

З дегенім зебр,
Тұяғы оның темір.
Шөп іздесе шөлде,
Кірмейді оған шөгір!

        И-и

И дегенім ине,
Кіріп кетер, тиме.
Қадайды ғой әжең,
Инеменен түйме!

        Й -й

Й дегенім қайда?
Бар ғой қаймақ, майда.
Сайда жүрген ойнап,
Тайынша мен тайда!

         К-к

К дегенім кітап,
Көп оқыған ұтад.
Күшті болсаң, кәне,
Кітаптан тез К  тап!

       Қ-қ

Қ дегенім қала,
Жан-жағыңа қара.
Қатар-қатар  үйдің,   
Қабаттарын сана!

       Л-л

Л дегенім лағым,
Кезіп ауыл маңын.
Маңыраған кезде,
Бір тынбайды жағың!

       М-м

М дегенім мектеп,
Кітабымды беттеп,
Мен  өсемін оқып,
Мектебімде көктеп!

         Н-н
      
Н дегенім наным,
Нанмен бірге әнім.
Наным менің нәрім,
Әнім менің сәнім!

        Ң-ң

Ң дегенім аңдар,
Аңдар інді  таңдар.
Қарға түскен ізден,
Аңның жолын аңғар!

          О-о

О дегенім орман,
Жан-жануар толған.
Жеміс-жидек теріп,
Орман кезу – арман!
         Ө-ө

Ө дегенім өзен,
Өзен бойын кезем.
Өзенде бар балық,
Өзім бірден сезем!

        П-п

П дегенім пілім,
Көрсеңдер де түрін.
Қане, көрген кім бар,
Таудай пілдің тілін!?
 
        Р-р
 
Р дегенде ретте,
Рет-ретімен бетте.
Дәптер, кітап, бәрін,
Ретсіз шашып кетпе!

       С-с

С дегенім сурет,
Көрдің бе сен бір рет.
Сонша неге тәтті,
Суреттегі сүр ет?!

      Т-т

Т дегенім талап,
Көңіліңмен қалап.
Талапты бол сен де,
Оқып жақсы  сабақ!

        У-у

У дегенім уыз,
Уыз жейді ауыз.
Уызына тойған,
Қозы болар нығыз!

      Ұ-ұ

Ұ дегенім ұлан,
Ауызында  ұран.
Ту көтеріп тұрған,
Ұлан нағыз қыран!

      Ү-ү

Ү дегенім үкі,
Үлпілдейді түлкі.
Үп дегенде үкі,
Түлкі болды күлкі!
 
         Ф-ф

Ф дегенім файл,
Поштамыз е майл.
Алыстан хат келсе,
Жылдам жауап қайыр!
      
          Х-х

Х дегенім халық,
Оқып, білім алып,
Халық үшін іс қыл,    
Бар күшіңді салып!
   
                

       
      Һ-һ

Һ дегенім жаһан,
Жаһанда бар наһан.
Наһан – үлкен балық,
Деп айтатын атам!

       Ц-ц

Ц дегенім цеце,
Улы маса десе.
Циркуль одан үлкен,
Әлденеше есе!

      Ч-ч

Ч дегенім чукча,
Сақалы бар шоқша.
Шаңғы тепсе, қарды,
Боратады оқша!
 
       Ш-ш

Ш дегенім шаршы,
Шаршыны тез салшы.
Шыны, шырша, шаштан,
Шы-ны тауып алшы!

        Щ-щ

Щ дегенді тапшы,
Кітабыңды ашшы.
Бір-біріне қарсы,
Тұщы менен ащы!
 
         Ы-ы

Ы дегенім ыдыс,
Шығарады дыбыс.
Ынтымақты үйде,
Ыдыс тола ырыс!

          І-і

І дегенім інім,
Бауырым ғой, күнім.
Қызықтаймыз оның,
Балдай тәтті тілін!
 
        Э-э

Э дегенді ізде,
Көріне ме көзге.
Элеватор, эпос,
Бар ғой біраз сөзде!

     Ю-ю

Ю дегенім ою,
Ойлап ойып қою.
Аю құсап маймақ,
Қою балға тою!

        Я-я

Я дегенім аяз,
Мал тоңады ояз.
Аяз қысқан кезде,
Су қатады саяз!

 

Баянғали Әлімжанов

6.10. 2015ж.- 9.12.2015ж.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар