Ғасырлар аманаты

 Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау ең алдымен елді тәуелсіздік, дербестік, мемлекет пен қазақ хандығының құрылуы идеясының айналасына топтастырады әрі бағзы замандағы ел мұраты үшін бар ғұмырын сарп еткен асылдарымыздың ерен ерлігін шынайы құрметтеу болып есептеледі. Сондықтан да, «Ғасырлар аманаты» республикалық акциясының негізгі мақсаты қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуына үлес қосқан Қазақстанның тарихи қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен мағыналы қызметін музейлік мұрағаттар арқылы дәріптеп, көпшілікке насихаттай отырып «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын жүзеге асыру болып табылады.
Акция барысында музейлік заттардың сипаттамасы берілген үш тілдегі бейнебаян түсірілді. Оның негізіне қазақ мемлекетінің тарихына байланысты жәдігерлер алынды. Сөз арасында Ақмола облысы музейлерінде қысқаметражды фильм-дер түсірілгендігін де айта кету керек. Ғасырлар қойнауынан ғажайып сыр шертетін бұл фильмдер ерекше қызығушылық туғызды.
Республикамыздың әр өңірінен жинақталған құнды жәдігерлер тарихи сандыққа салынды. Айрықша құнды дүниелердің арасында біздің облысымыздан салмағы 36 келі тартатын сауыт, сондай-ақ, Абылай ханның тағы, Бөгенбай батырдың дулығасы, Саққұлақ бидің кілемі, Ақан серінің адалбақаны, Ілияс Есенберлиннің қолжазбасы тәрізді жәдігерлер бар.
Тұңғыш Президент музейінде өткен тұсаукесерде облыстық тарихи-өлкетану, әдебиет және өнер, Көкшетау қалалық тарихи музейлерінің қорындағы саналуан мұрағаттардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ортағасырлық жауынгерлік қару-жарақтары, Абылайханның мүсіні,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алтын жіптермен кестеленген шежіресі, «Қазақ хандығының шежіресі» картасы қойылды. Облыстық филармонияның кәсіби әртістері қызғылықты концерттік бағдарламасын жиналғандар назарына ұсынды.
Акцияның ресми қорытындысында Қазақстанның 16 аймағынан жеткізілген құнды тарихи жәдігерлерді Тұңғыш Президент музейінің қорына тапсырды. Осы бір тарихи мәні зор салтанатты сәтке Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, есімдері елге белгілі ғалымдар мен көрнекті жазушылар және жастар қатысты.    
Акция шеңберінде облыс делегациясы еліміздің ұлы хандары мен баһадүр батырлары жерленген Түркістан қаласына арнайы барып, қасиетті орындарға тәу етіп қайтты.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар