Көңілімізде үлбіреген үміт…

Қашанда Жаңа жылдың алар орны ерекше. Ескі жылды еңсеріп, Жаңа жылдың табалдырығын аттағалы тұрған сәтте өткен жылдың қорытындысын шығару маңызды. Келер күндердің көкжиегін көкіректегі үміт-арманмен ұштастырып бағамдау үшін. Осыған орай, тарих қойнауына енгелі тұрған 2015 жыл елдің есінде қандай ерекшеліктерімен қалуы мүмкін, жақсылықтың өрісі қаншалықты кеңіді, жыл ішіндегі толымды оқиғалардың ізгілік мәні неде? Жалпыға ортақ осы бір сауалдарды бірқатар облыс тұрғындарына қойған болатынбыз.

 

1) Өткен жылдан күткен үмітіңіз ақталды ма?
2) Жеке басыңызда қандай жаңалықтар болды?
3) Қоғамымыздан қандай өзгерістерді байқадыңыз?
4) Жаңа жылдан не күтесіз?

 

Серік АЯҒАНОВ,
облыстық аурухананың бас дәрігері

 

Ел денсаулығын сақтау, емдеу, саналуан сырқаттың алдын алуға бағытталған қажырлы еңбекке толы тағы бір жыл өтті. Жаңа жыл да жарқырай жадырап, сәулелі нұрын шашып, үміт отын тұтатып табалдырықты аттауда. Өткен жыл несімен есіңізде қалды деген сауалға жадымызда жатталып қалған жақсы істердің көнермеген көрінісін қайта бір қаузап, түйіндейтін болсақ, ойға оралар, тіл ұшына үйірілер жақсылық аз емес екен.
Ең алдымен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аяқталғандығын айта кетуіміз керек. Аталмыш бағдарлама аясында жергілікті жерлерде бірқатар мәселелер шешілді. Әсіресе, алғашқы медициналық көмек көрсету деңгейі жақсарды. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы бұрнағы жылдармен салыстырып қарағанда атап айтарлық деңгейде жақсара түсті. Кадр мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Облыстық аурухананың ұжымы жас мамандармен толыға түсуде.
Медицина қызметкерлерінің көпшілігі баспана мәселесінің шешілмеуінен кәдімгідей қиналып жүретіндігі көпшілікке белгілі жай. Өткен жылы облыстық бюджеттің есебінен 36 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Мемлекет тарапынан жасалған осы шынайы қамқорлыққа дәрігерлер қауымы мейлінше қуанып, бір жасап қалды. Үлкен терапия кешені күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңа заманның қатал талаптарына толайым жауап беретін жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатылып алынды.
Өткен жыл ішінде 11 мыңнан астам науқастар емделді. Олардың 52 пайызы ауыл-село тұрғындары. Екі жүзден астам кардиохирургиялық ота жасалды, 30-дан аса жаңа диагностикалық және емдеу тәсілдері күнделікті тәжірибеде жүзеге аса бастады. Біз есеп беріп отырған мерзім ішінде атқарылған толайым табыстар 870 адам қызмет ететін облыстық аурухана ұжымының тұтас еңбегі деп айтсақ жарасымды.
Өткен жылғы ұлан-ғайыр жұмыстың бір парасы осындай. Әрине, түгел қамтып айту мүмкін емес. Біз тек толымдысын, жілігінің татымдысын бетінен қалқып айтып жатырмыз. Әйтпесе, адам үшін ең қымбат қазына – денсаулық болғандықтан дәрігерлер қауымының әр күнгі еңбегі ерлікке пара-пар. Жыл жүгін айта отырып, келер күндердің көкжиегіне артылған үміттің сұлбасын, жоспар жылғасын айта кетелік. 2016 жылы аурухананы мүмкіндігінше жаңа медициналық құрал-жабдықтармен толықтырмақшымыз. Эндоскопия, стоматология жабдықтарын алу жос-парланып отыр. Миға, бүйрекке, жүрекке күрделі ота жасау тәсілдерін енгізуді межелеп отырмыз. Ойға алған іс аз емес. Ел байлығы – азаматтардың денсаулығын сақтау барысында халыққа тұрақты түрде қызмет істейміз.
Сөз соңын түйіндей келе, Жаңа жылда халыққа зор денсаулық, елімізге бейбітшілік, бас амандығын, отбасының берекесін тілеймін. Пешенелеріңізге жазылған ырыздық дәмдеріңіз түгесілмей, қуат-күштеріңіз артып, сол жігер-қайраттың арқасында туған еліміздің түтінін түзу ұшырып, болашақ дейтін бақуатты өлкеге қарышты қадам баса беріңіздер.

 

 

Омар ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Жақсы ауданының құрметті азаматы

 

Жеке басыма қатысты айтар болсам, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ауданның құрметті азаматы» атағына ие болдым. Мен үшін бұдан асқан мақтаудың қажеті жоқ. Ғұмырымның жартысынан астамы осы киелі өлкеде өтті. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Жерлестерімнің мені ардақ тұтып, «Құрметті азамат» атағын бергені сый-қошеметке бөлеп отырғаны деп білемін.
Өткен жылда отбасымызда орын алған тағы бір қуанышты жайт Әли есімді немерем дүниеге келді, шөберем Айлиннің жасына жас қосылып, екіге толды. Дана халқымыз: «Немере баладан да ыстық» деп текке айтпаған ғой. Менің өмірімді шаттыққа бөлеп, әр күнімді қуанышқа толтыратын немерелерім. Солардың барына Аллаға шүкіршілік айтам.
Жолдасым екеуміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазіргі күні құрметті зейнет демалысындамыз. Жуырда ғана жұбайымның жетпіс жылдығын ағайын, дос-жаранмен бірге қуанышты жағдайда атап өттік. Сонымен қатар, дәл осы жылы ұлым Қайрат жұмыс бабымен Петропавл қаласына қоныс аударып, облыстық әскери комиссариат басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ата-ана үшін баласының өсіп-өнгенін, биік дәрежеге көтерілгенін көруден асқан бақыт жоқ деп есептеймін.     
Отбасым аман, бауырымыз бүтін. Сондықтан, қой жылын жамандауға хақым жоқ. Барлық жақсылық өз ретімен келіп жатыр. Жаңа жылымыз да қой жылындай берекелі, ырысты болсын деп тілеймін. Әрі солай болатынына сенімім мол. Өйткені, Президентіміздің жуырда халыққа арнаған Жолдауын оқи отырып, елдің болашаққа жасаған бетбұрысына қатты қуандық. Нұрсұлтандай дана билеушісі, парасатты патшасы бар ел ешқашан құлдырамайды. Мен мұны ол кісінің өмірлік тәжірибесіне үңіле отырып нық сеніммен айта аламын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің қандай қиыншылықтарды бастан өткергенін жақсы білеміз. Зейнетақы уақытылы төленбей, жарық болмай, басымызға талай ауыртпалық түсті. Қазір осының бәрі қорқынышты түс сияқты артта қалды. Ауылдағы тұрмысымыз қаланыкінен еш кем емес. Көшелеріміз таза, су да, жарық та бар. Зейнетақыны дер кезінде алып тұрамыз.    
Өмір бойы журналистика саласында еңбек еткен марқұм әкем Ысқақ Қосшығұлов ылғи да Отанымызға амандық-саулық тілеп отыратын. Артында қалған ұрпағы біздің де басты арманымыз тәуелсіз Қазақстанның мәңгі жайнап, жасай беруі. Мешін жылында бірлігіміз одан сайын артып, қуанышқа кенеле берейік, ағайын. Жаңа жыл құтты болсын!   

 

 

Анар МУСИНА, Красная поляна орта мектебінің қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Қой жыл мен үшін табысты болды десем, артық айтқаным емес. Әсіресе, ұстаздық жолым ауыз толтырып айтатын жағымды жаңалықтарға толы болды. Оқушым Қадижақ Утциева аудандық «Абай оқуларына» қатысып,  екінші орынды жеңіп алды. Өзге ұлт өкілі болса да, Ұлы ақынның өлеңдерін нақышына келтіре орындап беріп, көпшілікті сүйсіндірді. Сонымен бірге, аудандық «Махамбет оқуларында» тағы бір шәкіртім Лейла Әбуева жас ұрпақ бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, жігерлі болуға тәрбиелейтін, рух беретін Махамбеттің жалындаған  жырларын жатқа оқып, өзінің тілге деген құрметін білдірді. Өзім «Жыл ұстазы – 2015» атты аудандық байқауда «Қазақ халқының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін насихаттаушы мұғалім» аталымы бойынша марапатталдым. Әрине, оқушыларымның толағай табыстарын көру мен үшін үлкен бақыт. Шәкірттерімнің жеңісі мені әрқашан көкке көтереді. Жаңа жыл сайын білім алушы жастардың жеңісі ортаймаса екен деген тілекте жүремін.
Жан жарым Серік екеуміздің отбасын құрғанымызға үш жылдың жүзі болды. Бастапқыда тұратын үйіміз болмай біраз қиналдық. Жас отбасы үшін тұрғын  үй  бірінші кезекте тұратын басты мәселе ғой. Сол себепті, өткен жылы жас мамандарға үй сатып алу мақсатында бөлінетін несие алғанымызда қуанышымызда шек болмады. Қоныс тойын тойлап, әлі күнге дейін балаша мәз-мейрам болып жүргеніміз рас. Әрі ұлымыз Елбасындай ел сыйлайтын азамат болсын деген ниетпен есімін Нұрсұлтан қойған болатынбыз.  Ол қой жылы бір жасқа толып, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні ырымдап  оның тұсауын кестік. Болашақта баламның атына сай баршаға үлгілі азамат болатынына сенімім зор.
Біздің ауылымызда да көптеген оң өзгерістер орын алды. Жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін көшелерге жарық тартылды. Ұялы байланыс жүйесі орнатылып, шалғайдағы туған-туысқандар және жолдас-жоралармен  жиі байланысқа шығып отырамыз. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар ала алатынына ауыл азаматтары дән риза. Барлығы бүгінгіге тәуба етіп, келешектен жақсы жаңалықтар күтеді.
Жаңа жыл жаңа өмірдің, жаңа күннің бастауы саналады. Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп»  деген даналық сөз бар. Әрдайым келер жылдан тек жақсылық күтемін. Білім бәйгесіне қосар сәйгүліктеріміз оза шауып, бәйге алып, ұжым абыройын асқақтатса екен деймін. Мен үшін бастысы Отанымның, отбасымның, туған-туысқандарымның амандығы.

Сандықтау ауданы.

 

 

 

Абылай Қамбатыров,
«Сочинский» серіктестігінің директоры

 

Иә, үмітіміз ақталды. Өткен жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, астықты шашпай-төкпей жинап, егін орағы науқанын уақытында аяқтадық. Оған техникаларды алдын ала жөндегеніміз өз септігін тигізді. Шаруашылығымызда 23,8 мың гектар егістік алқабы бар. Гектар берекесі 7,5 центнерден айналды. 18 мың тоннаға жуық астық жинап алдық. Сочинск май зауыты өсімдік майын өндіреді. Ол үшін 2,5 мың гектар жерде күнбағыс өсіреміз. Биыл гектар берекесі 7,8 центнерден айналды. 2 мың тонна шөп маяладық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етіп келеміз.
Биыл ұлымның еңбегі еленіп, қызметі жоғарылады. Қызымнан жиен немере сүйдім. Сөйтіп, құдай қосқан қосағымыз екеуіміз бақытқа бөлендік.
Әлемдік экономикалық дағдарыс елімізді айналып өтпейтіні хақ. Биылғы жылы кірістер мен шығыстар жаппай декларацияланады. Бюджеттік бағдарламаларға ревизия жасалынады. Тиімсіз шығындарды бюджеттен шығару заман талабы. «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралдары шаруаларға қолжетімді болмай отыр. Бұл салаға да тәртіп орнату қажет деп ойлаймын. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған қаржы халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағытталуы тиіс.
Жаңа жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әркім үлестерін қосатынына сенімдімін. Ол үшін саланы әртараптандырып, аянбай еңбек етуіміз керек. Отандас-тарымды Жаңа жылмен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасының амандығын, еңбектерінің жемісті болуын тілеймін. Жаңа жыл елімізге бақ-береке, мол табыс әкелсін, ағайын!   

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар