«Жаңа жыл түні жұмыс істейміз»

Жаңа жыл барша халықтың үмітпен қарсы алатын мерекесі. Осы мейрамға  ерекше дайындалады. Жаңа жыл түнін ақ ниет, көтеріңкі көңілмен күтеді. Бірақ, бұл мерекені  отбасымен тойлау реті бәріне бұйыра бермейді. Барлығы бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатқанда, кейбір азаматтар Жаңа жылды қызмет орнында қарсы алып жатады.

Біздің кейіпкеріміз Мәжит Ахметовтің жедел жәрдем қызметіне орналасқанына бес жыл болған екен. Ол №1 кардио бригаданың дәрігері. Алайда, Жаңа жыл түнін жұмыста бірінші рет қарсы алмақшы. Қайткен күнде де, көңілі қалаған кәсібінің ыстығына күйіп, суығына төзуге даяр. Керісінше, Жаңа жылда көпшіліктің мерекені шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алуға өз үлесін қосатынына қуанышты. Оның жұбайы  Мая теміржол ауруханасында медбике болып еңбек етеді. Ол да мереке күні жұмыста екен.
– Біз жұмыста уақытпен санаспаймыз. Қандай мереке болса да жұмыс бірінші кезекте. Себебі, жан азабын тартқан жандарға алғашқы көмек көрсету біздің басты міндетіміз.  Санаулы минуттар ішінде адамды өлімнен арашалап қалу біз үшін мереке тойлаудан маңыздырақ, – дейді кардио бригаданың дәрігері.
Жаңа жыл түні  шақырылымдардың басым бөлігі шұғыл болып келеді. Әдетте қоңырау шалулардың саны екі есеге артады. Әрине, бұл күндері мейірлі кейпімен адам жанына араша болып, шипа беретін дәрігерлердің жүгі жеңіл емес екендігі мәлім. Сол кезде ақ халаттылардың білімділігі мен біліктілігі сынға түседі. Табиғатпен тайталаса алмайсың ғой. Жаңа жылда да денсаулық сыр беруі мүмкін. Іңгәләп сәбилер дүниеге келеді.  Мәжит Ахметовтің айтуынша, мереке кезінде   жол-көлік оқиғасы,  көктайғақта тайып құлау сынды оқыс оқиғалар жиі орын алады.  Сол себепті, қазақстандықтар тікелей эфирден Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаевтың жаңа жылдық құттықтауын тыңдап жатқанда, олардың бригадалары қауырт жұмыс үстінде болатыны сөзсіз. Олар тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді. Иә, осыдан-ақ бұл мамандық  жайбасарлықты көтермейтінін білуге болады.Мұндай кездерде әрбір минут қымбат. Осылайша, сұхбаттасып  жатқанда тағы бір шұғыл шақырту келіп түсіп, дәрігер қолына сөмкесін ұстаған күйі жүгіре жөнелді.  Гиппократ антын берген азамат өз борышын орындауға асықты.

 

 

 

2000 жылы машинистің көмекшісі курсында оқыдым. Кейін тәжірибе жинақтап, Қарағанды қаласындағы жол техникалық мектебінде машинист мамандығы бойынша білім алдым.

 

2005 жылдан бері «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының «Локомотив сервис орталығы» акционерлік қоғамының филиалы – Көкшетау локомотив сервис орталығында машинист болып  жұмыс істеймін. Қазақстанда жасалған Т33А тепловозымен Алматы-Петропавл-Алматы бағытындағы №15,16 жолаушылар поезын Петропавл станциясына дейін және кері тасымалдаймыз. Петропавлға дейін «Тальго» пое-
зы екі жарым, өзгесі үш жарым, бес сағат жүреді. Мұнда Астана, Қорған, Челябі, Омбы, Қызылту, Тайынша, Новоишимка станцияларынан келген машинистер демалатын арнайы орын бар. Депоның техникалық паркі жаңартылған. Тек маневрлық парк ескі.  Соңғы жылдары біздер үшін жақсы жағдай жасалуда. Жаңа тепловозда ауа баптағыш, тоңазытқыш, плитка жұмыс істейді. Қыс айларында машинистер тоңбайды. Жаңа жұмыс киімін берді. Еңбек демалысында сауықтыру орнына жолдама беріледі. Еңбекақымыз да көбейді.
Динара Хамидоллақызымен қол ұстасып, отбасымды құрдым. Бүлдіршін тәрбиелеп, өсіріп келеміз. Ауысымдық жұмыс болғандықтан, Жаңа жыл тәрізді өзге де мерекелер мен демалыс күндері де жұмыс істейміз. Жолда сақ болуға тырысамыз. Мереке күндері жұмыс істеуге бойымыз әбден үйренген. Қатардағы жұмыс күніндей сезінеміз. Жұбайым да бұған көндіккен. Жұмыс кестесімен санасып,  дұрыс демалуыма жағдай жасайды. Тойлардан бас тартуға тура келеді. Жас отбасы болғандықтан, көп еңбектенуіміз керек. Теміржолда жартылай әскери тәртіп орнатылған, еркелікті көтермейді, қырағы болу қажет.
Менің марқұм әкем – Қанғожа Әубәкіров жолау-
шылар тасымалдайтын поезда машинист болды. Інім – Нұрлан да машинист. Анам Сара Құспанова да теміржол саласында еңбек етті. Досым Марат Әлімжанов екеуіміз Станционный кентінде бірге өстік. Екеуміз де машинист мамандығын таңдадық. Қазір ол депода кезекші болып жұмыс істейді. Көмекшім Нұрлан Ерғалиев өз мамандығына берілген жан. Теміржол саласында алты жыл еңбек етеді.  Өзіне жүктелген міндет пен тапсырмаларды бұлжытпай орындайды. Сондықтан, оған мол сенім артамын. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Зор денсаулық, отбастарының амандығын, еңбектерінің жемісті болуын тілеймін.

Ерлан ӘУБӘКІРОВ,
депо машинисі.

 

 

 

Жалпақ жұрт сағына, сарғая күтетін Жаңа жыл – отбасылық мейрам. Өткен жылды қорытындылап, жаңа тілектер айтысып, ізгі лебіздер жолданатын бұл күнді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін тағатсыздана күтеді.

 

Балалар аяз ата мен ақшақардан сыйлық аламыз деп қуанса, үлкендер жағы барға шүкіршілік етіп, «келер жылдың қуанышын көруге нәсіп етсін» деп жатады. Ең бастысы, осынау мерекеде отбасы мүшелері бір шаңырақ астында түгел жиналады. Сағат тілі түнгі он екіні соққанда бір-біріне тілек айтысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдайды. Ақ дастарқан басында ақжарма тілектерін жеткізеді. Бұл – жылдағы қалыптасқан дәстүр.
Отбасы немесе туған-туыстары, жора-жолдастарымен бірге бір шаңырақтың астында, бір дастарқан басында қарсы алудан асқан бақыт жоқ. Алайда,  бұл бақыт екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Осы орайда, бірден ойға құқық қорғау органдары,  күзет, жедел жәрдем қызметкерлері және құтқарушылар оралады.  Әрине,  бұл салада жұмыс істейтіндер үшін  Жаңа жыл ғана емес, өзге де мереке күндері зор жауапкершілік жүктеледі.
Біз бүгін әңгімемізді осы аталған сала қызметкерлері емес, «жұмыс істеп отыр ма, жоқ па?» жұрт онша көңіл бере бермейтін жанар-жағармай құю стансасының операторлары жайында қозғамақпыз. Жанар-жағармай құю стансасы демекші, Ақмола облысында,  оның ішінде Көкшетау қаласында мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі «ЕС» Есіл жанар-жағармай құю стансалары желісіне тиесілі екен. Бір ғана Көкшетау қаласының өзінде аталған компанияға тиесілі 10 станса бар. Олардың жұмысы ширақ әрі жоғары деңгейде болуы осындағы операторларға да байланысты десек, ақиқаттан алшақ кетпейтініміз анық.
Сондай жандардың бірі қалаға Зеренді бағытынан кіре берістегі №6 «ЕС» Есіл жанар-жағармай құю стансасының операторы Мұхаметқали Парад дер едік.  Ол мұнда істеп жатқанына бір  жылдан асты. Еңбегіне адал әрі бойдақ азаматқа мекеме басшылары жоғары жауапкершілік жүктеп,  мереке күні жұмыста болуын дұрыс деп шешіпті.
–Жаңа жылды қарсы алу біреулер үшін демалыс, отбасылық мереке болса, енді біреулер үшін маңызды, зор жауапкершілік жүктейді.  Әрине,  отбасын және туған-туыстарыңмен бірге Жаңа жылды қарсы алудан асқан бақыт бар ма. Дегенмен,  жұмыс болған соң, отбасының игілігі үшін еңбек етіп жүргеннен соң, бұл жауапкершілікті де абыроймен атқаруға тырысасың, – дейді Мұхаметқали Парад.
Аталған  стансаға тәулігіне 1500-нан астам көлік аялдап, жанар-жағармай құятын болса, мереке күндері тіпті,  көбейіп кетеді екен. Сондықтан, мереке күндері оператор Мұхаметқалимен бірге Әнуарбек Хасеинов те бірге жұмысқа шығады.
–Мереке күні біреулер үйіне асығып жатса, енді бірі жұмысқа асығады.  Сол кезде, көліктеріне жанар-жағармай құюға келген адамдар арасында біраз қарбалас орын алады.  Олардың барлығы біздің клиенттеріміз. Оларға жоғары деңгейде қызмет көрсету біздің міндетіміз. Сол себепті, сіздердің сүйікті газеттеріңіз арқылы өз тұтынушыларымызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, істеріне сәттілік тілеймін, – деп өзінің жылы лебізін білдірді Әнуарбек Хасеинов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар