«Құзғын» қуаныш

Қызметтес Пықып Асабаспен жас шама айырмамыз тура бір мүшел болса да, әңгімеміз жарасып кей-кейде кең отырып «құрдастардай» қау қылдасып қалатынымыз бар. Ортамызға біреу киліккен күні Пықекең: «Біз Ғабаң екеуіміз «жастымыз», бұл да жылқы жылы дүниеге келген» деп жымиып алатын.
Алғаш Пықекең қызметі өсіп көңілі көрім болып отырып маған:
– Жеңгеңе өскенімді атап өтіп жібермеймін бе, – десем: «Қоя тұр, бұныңда тек қызметтестерің, бірлі-жарым ағайын ғана бас қосады… Сәл шыдасаң, бұйыртса, аз айда немерелі боласың… Қазір кемі екі-үш қуанышты бір-ақ тоқайластырып тойлау әдетке айналған» деп тоқтатып тастады, – деді.
Мен де үнсіз қалуды жөн көрмей: – Жеңгей бір нәрсе біледі, – деп қалдым.
Пықекең немерелі болғалы да біраз болған. Бір оңаша отырғанымызда «құрдастығыма» басып:
– Қос қуанышыңызды кешіктірмейтін шығарсыз? – деп қалдым.
Пықекең көбікті сырадан толғай сіміріп барып:
– Баяғы жеңгең: «Қызметің көнере қоймас… Сәл шыда, немерең де адам танитын қалыпқа келсін… Осы үлкен мереке қарсаңында медаль-орден үлестірілмеуші ме еді? Білуімше, ұжымың соған бір өзіңді ұсыныпты деп естідім?.. Әп, бәрекелді! Ұжымың беделді, ұсынылған бір өзің болсаң, аласың!.. Сол бұйырған күні қызметтестерің бастап, әрине ағайын, құда-жегжат төрімізде отырады. Орден алған тойыңа курстас-кластас атаулыңа да хабар береміз, бәрі-бәрі арқа-жарқа бір тойласын» деп тағы да тоқтатып тастады, – деді.
Мен де қарап қалмай:
– Бұл да білгендік, – деп қалыппын.
Е, жеңгей көріпкел екен, жыл аяғында Пықекеңе орден бұйырды.
Лезде жыл өтіп, менімен оңаша отыруға қашқақтай беретін «құрдас» ағаммен бірде тоқайласып қалып:
– Енді не дейді? – деп сұрағымды қысқа қайырып едім, ағам қипақтап отырып:
– «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті» заман-ай! Пәлекет: «Биыл мерейтойың… анау-мынау емес, бақандай бес белестен өтесің… Сәл шыда, күркіреп күз келсін, амандық болса тойыңды дүркіретіп өткіземіз! Ойхой, онда қызметтесің бе, ағайын, құда-жегжат, кластас-курстас дейсің бе, ең аяғы анау алыстағы ағайын сымақтарыңды түп-түгел шақырамыз, сені білетін бүкіл иісі қазақ тоқайласып тойлайды» деп мысымды басып мыш етті, – деді.
Бұл жолы мен:
– Табылған ақыл! – деп қалдым.
…Қайтейік, ажал аяқасты… Неден болды дерің бар ма, дәм-тұз таусылған болуы керек, Пықекең жарықтық бір-ақ күнде ұйқыдан оянбай қалды…
Не дері бар, қызметтестері бар, туыс-туған, құда-жегжат, кластас-курстас, сонау алыстағы ағайын болып Пықекеңді білетін бүкіл иісі қазақ соңғы сапарға шығарып салдық.
«…Біреу өлмей біреу күн көрмейді» деген… Пықекеңнің қырқы өткен соң ол кісінің орынтағы маған бұйырып, онымды үйге келіп келіншегіме айта қалсам, ол: «Жуып үйренген басың сенбі-жексенбі «дүркіреп» кетпекшісің ғой! Сәл шыда, бұйырса, аз күнде немерелі боламыз…» деп желпініп келеді екен: – Оттапсың! – деп алғаш рет ақырып тұрып кетіп… сенбі-жексенбі қызметтегі «дені дұрыстардың» басын қосып аттың басын жіберіппін…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар