Күңгірт пен жым-жырт

Әйдіктің әжептәуір жемісі бар,
азын-аулақ егісі бар
өзіне жетер бақшасы,
            бауы болатын.
Күзге қарай
сол баудан түскен
Тамақ айырар
табысын тауып алатын.
Нарық келгелі Әйдік
сәбіз екпейтін болды,
Самсатып «Орбит», «Дирол» сынды
                          сағыз «егетін» болды.
Ел тамсандырған дәмді
Картобын көрсетпей,
Қаптаған шоколадтың
әр тобын көрсететін болды.
Ертеректе ауласында құлпырып,
әсемдіктің әдемі гүлі тұратын,
Қазір Әйдік сататын қорапта
түрлі-түрлі шылым тұрады.
Соның тиын-тебені Әйдікті
бала-шағасымен жылындырады.
Бие сауып, қымыз ашыту
Оның бұрын ермегі еді.
Сол қымыздың орнына
Сан алуан арақ-шараптың
Ұзынды-қысқалы шөлмегі енді.
Сол шөлмектерді қарызға ішіп алып,
Ауылдың балалары
Көрсетті ғой көрмегенді.
Сиырды сойып,
Етін көкбазарға
жайып тастады.
Қойды арақ-шарапқа айырбастады.
Атқа мініп, бар-жоғы,
Кішігірім теңге мен шақша    
                                         ұстаған
Әйдікке шетелдік мәшине
                                          мініп,
Мыш-мыш шетелдік ақша
                                       ұстаған
Бизнесмендер келе берген соң,
Айлық та жоқ, әке-шешесінің
Зейнетақысы
орта жолда «өле» берген соң
Соларға бар жылқысын берді.
Жылқысымен бірге кісінеп
                                     күлетін
Ойнақы күлкісін берді.
Бизнесмендер Әйдікке жылқысының
Болар-болмас «жыртысын» берді.
Ауылда жұмыс жоқ!
Жұмыстың орнына
«Ойбай, ауылды
Ана бай сатып алады екен,
Малын түгел атып алады екен»
                        деген сыбыс көп.
Шаруақор Әйдік малын айлық,
Барын шәй ғып,
Ұсақ-түйек сауда жасап жүр.
Оны да ешкім бармайтын
Оншақты үйі бар тауда жасап жүр.
Әйдік қана емес, бүкіл ауыл
Барын осылай көшеге шығарады.
Сонда оны кім алады?!
Тыңдай қалсаңыз шошынбай,
Ауылдың күйі осындай.
Бүгіні күңгірт,
Ертеңі жым-жырт.

 

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар