Ең қымбат қазына – тіл

 Целиноград ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісіндегі жаңа технологиялардың орны мен маңызы» атты облыстық семинар өткізілді. Семинардың басты мақсаты қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге сапалы оқытып үйрету, әрі жаңа оқыту технологияларын зерделеп, тәжірибеде қолдану.

  Игі шара облыстық оқыту-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеевтің тіл туралы толғанысымен ашылды. Шешен өз сөзінде облыстағы тілдерді оқыту-әдістемелік орталықтарының бүгінгі таңдағы атқарып отырған жұмысы туралы кеңінен сөз қозғады. Орталықтардың атап айтуға тұрарлық жетістіктерін, тілдің қолданылу аясын кеңейту барысындағы маңызды мәселелерді айта келіп, алдағы уақытта жоспарға сәйкес атқарылатын іс барысымен таныстырды. Мұнан соң Целиноград аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сүйінжанова жергілікті жердегі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы мәлім етті. Оның айтуына қарағанда өткізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижесі аз емес. Аталмыш семинарға барлық аудандардағы орталықтардың басшылары мен әдіскерлері, оқытушылары қатысып, өздерін толғандырып жүрген келелі мәселелерді ортаға салды.
Енді бір ауық семинар барысында көрсетілген сабақ үлгілерінің ішіндегі жұртшылық тарапынан қызығушылық туғызғандарын іріктеп айта кетелік. Есіл ауданының өкілі А.Кекенова «Әлемнің жеті кереметі» деген тақырыпта сабақ жүргізді. Бұл сабақ көрнекі құралдарымен, әрқилы әдіс-тәсілдерді орынды қолданылуымен ерекшеленді. Шортанды ауданының өкілі Айгүл Болат «Достық» атты сабақ үлгісін әріптестерінің назарына ұсынды. Терең мазмұнымен, ұғынықтылығымен ерекшеленетін бұл сабақ та көпшіліктің көңілінен шығып, оқытушы зор құрметке бөленді. Ал, Ерейментау аудандық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Анар Хасенова «Тарихи тұлғалар» атты сабағында Алаш жұртының айтулы ұлдары туралы тереңнен толғап, тамаша дәріс берді.
Семинар барысында өзге ұлт өкілдерінің жергілікті ұлт тілін біршама жетік меңгеріп қалғандығын көрген әр адамның көкірегінде қуаныш оты тұтанды. Қазақ тілін жақсы меңгерген «Жұлдыз» бала бақшасының тәрбиешісі С.Линкевич «Отан ана» әнін нәшіне келтіре шырқап берді. Облыстық оқу-әдістемелік орталықтың әдіскері Г.Жәкиенова семинар жұмысын жан-жақты талдай келе, толымды тұстары мен қайсыбір кемшіліктері жайында пікір білдірді. Ал, осы орталықтың директоры Қаратай Төлекеев семинардың өткізілу барысына жақсы баға берді.   
Әйтсе де, шаруа ұшан-теңіз. Ауданда Қазтест жүйесіне байланысты ауқымды іс-шаралар жүргізу қажет. Сонда ғана көздеген жұмыс мағыналы болады.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.   
Суретте: семинарға қатысушылар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар