Көкшетау аяулы перзентімен қоштасты

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен сәрсенбі, 2016 жылдың 6 қаңтар күні белгілі қоғам қайраткері, еңбек ардагері Чапай Мүтәлләпұлы Әбутәліпов өмірден озды.

Кеше Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында қаралы жиын ұйымдастырылып, жақсы аты облысты былай қойғанда, тұтас қазақ еліне мәлім, марқұм Чапай Мүтәлләпұлымен қоштасу рәсімі өткізілді. Көкшенің абыройы асқақ, атағы зор азаматымен қоштасу сәтінде театрдың кең залында, тіпті фойесінде ине шаншар бос орын болмай қалды.
Заманында Чапай Мүтәлләпұлымен қызметтес болған, үзеңгілес жүрген ел ақсақалдары, алыс-жақын жерлерден асыл азаматқа соңғы парызын өтегелі келгендер, облыстық, қалалық мекемелер мен ұжымдардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары, тіпті, жас толқын өкілдері де бірінен соң бірі дүмеп келіп, қайғының қара бұлтын сейілтпек ниетпен көңіл білдіріп жатты.
Қаралы жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ашты. Ол өз сөзінде Чапай Мүтәлләпұлы елге қызмет етудің жарқын үлгісі болғандығын, жоғары білікті маман әрі талапшыл басшы бола білгендігін айта келіп, кейінгіге үлгі, жастарға өнеге боларлық өмір жолын шолып шықты.
Еліміздің өркендеп, кеңінен қанат жаюына кәтепті қара нардай қажыр-қайратқа толы қисапсыз еңбек сіңірген Чапай Мүтәлләпұлының өмірден өтуіне орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтқан жеделхаты келіпті. Осындай жеделхаттарды Қазақстанның танымал азаматтары да жолдап, орны толмас қазаға көңіл айтуда.     
Еңбек жолын кәсіпорынның аға инженері болып бастаған Чапай Мүтәлләпұлы облыстың бірінші басшысына дейінгі даңқты еңбек жолынан өтті.
2000 жылдан бастап Чапай Мүтәлләпұлы Ақмола облыстық ардагерлер кеңесін басқарды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев Көкшетау топырағы орны толмас қайғыға душар болғандығын айта келе, Чапай Мүтәлләпұлының өлкенің дамуы-на өшпес үлес қосқан тұлға болғандығына тебірене тоқталды. Шешен одан соң ақ көңілінің шамырқанған сезімдерін ұтқыр тілмен ұтымды жеткізді.
– Еліміздің қай қиырында жүрсек те еліңде кім бар дегенде, Чапай Мүтәлләпұлының есімін атаушы едік, – деді ол, – бәрі білуші еді, құрметтеуші еді. Көкшенің даңқын шығарған көрікті ұлы еді.  
Ал, «Қазақстан Республикасы  ардагерлерiнiң ұйымы» қоғамдық бiрлестiгi төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев азаматтың азаматтығын, өнегелі өмір жолын, іргелі де бекем істерін айта келіп, ендігі арада орны ойсырап тұратындығын тілге тиек етті. Еңбек ардагері Рүстем Шериязданов Чапай Мүтәлләпұлымен кіршіксіз достығы, бірлесе еңбек еткен жарқын кезеңдері жайлы жан сырын баян етті.
Алғашқы тың игерушілердің бірі Петр Щерба былай деді: «Біз партиялық және кеңестік жұмыстарды қатар атқардық. Чапай Мүтәлләпұлы зейнет демалысына шықса да қол қусырып қарап отырған жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде өзінің аса бай өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды тәрбиеледі».
Еңбек ардагері Абай Құсайынов өз сөзінде: «Мен Чапай Мүтәлләпұлының тәлім-тәрбиесін көрген шәкіртімін. Ол үлкенге сүйеу, жастарға ақылшы бола білді. Қазіргі күні өмірлік өлшем, көзқарасымыз сол қалыпта, аға нұсқаған, аға көрсеткен биікте», деп атап өтті.
Қаралы жиын жабылды. Театр алдындағы алаңда Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин марқұмның жаназасын шығарды. Содан соң көкіректерін мұң басқан, кірпіктеріне көз жасы қырау болып қатқан жер қайысқан қалың ел Алаштың ардагер перзентін жер бесіктің қойнына өз махаббаттарымен бөлеп, сүйіспеншіліктерімен тебірентіп, қимас көңілдің нәзік шілтеріне орап тапсырды.  
Марқұмның асында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров марқұмның туыстарына, жамағатқа көңіл айта келіп, облыс әкімі Сергей Кулагиннің Үкімет жиналысына қатысуы себепті жерлеу рәсіміне қатыса алмағандығын, бірақ, облыстық әкімдік тарапынан жасалып жатқан барлық шаруаны ұйымдастырғандығын, отбасында болып, көңіл айтқандығын жеткізді.
Халқымызда өмірден өткен адам жайлы тек жақсы сөз, жақсы лепес білдіретін ғұрып бар. Ал, Чапай Мүтәлләпұлының өмірі мен еңбегін қалай айтсаң да сыйымды. Ас үстінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  депутаты Жексенбай Дүйсебаев, марқұммен қызметтес болған Светлана Жалмағамбетова, Еңбекшілдер аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Мигель сөз сөйлеп, ұзақ жылғы еңбегін, ұйымдастырушылық талантын, адамгершілік қасиетін, кісілік келбетін қимастық сезіммен егжей-тегжейлі мөлдіретіп баяндап берді.
 Ас соңында Чапай Мүтәлләпұлының жары Раиса Тасжанқызы көзіне жас алып, тебіреніп тұрып сөз сөйлеп, осы бір қиын сәтте жанашырлық көрсеткен облыстық әкімдікке, барша жамағатқа алғыс лебізін білдірді.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар