Азаматтық қоғам құруға мүмкіндік мол

Елімізде азаматтық сектордың дамып келе жатқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ал, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді алдыңғы қатарлы  мемлекеттерде бұл саланың даму тарихы тереңде жатыр. Сол себепті, азаматтық қоғам құру мәселесінде аталған елдердің тәжірибесін қолдансақ, оның еш артықтығы жоқ деп ойлаймын.

Қазіргі таңда азаматтардың көбісінде үкіметтік емес ұйымдар тек әлеуметтік тапсырысты ғана орындап, мемлекеттің қаржысына күн көреді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Шындығында, олай емес. Жұмыс істеймін деген ұйымдарға өздігінен ақша тауып, істерін өркендетуге болады.  Мәселен, біздің қоғамдық қор кәсіпкерлік сектормен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ғылым жолында жүрген азаматтардың тың жобаларын жүзеге асыруға көмектесеміз. Әрине, инновациялық жобалар қомақты қаражатты қажет етеді. Сол себепті, біз ғалымдарға жобаларын қаржыландыруға демеушілер тауып беруге, оларды көпшілікке таныстыруға ғана септесе аламыз. Мұның өзі зор көмек деп ойлаймын. Өйткені, жобаны өміршең ету үшін алдымен ол жайлы жұртшылық танып, білуі тиіс. Мемлекеттен немесе халықаралық ұйымдар тарапынан жобаға қызығушылық пайда болса, ол міндетті түрде жүзеге асады.    
Негізі, ұйымды құрғандағы мақсатымыз да осы болатын. 2013 жылы Қазақстан «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысады деген жақсы жаңалықты естіген бойда, ғылыми жобаларға қанат бітіретін бір ұйым ашу қажет деген шешімге келдік. Оның үстіне мамандығым физик болғаннан кейін, «болашақтың энергиясы» атты Қазақстанның халықаралық көрмеге ұсынған тақырыбы жаныма жақын болды. Міне, осы мақсат төңірегінде жұмыс істеп келе жатқанымызға екі жылдан астам уақыт өтті. Алғашында қорды «Education Invest» деп атаған болатынбыз, кейіннен уақыт талабына сәйкес «Kazakhstan Innovations» деп өзгерттік. Мұнымен қатар, экология мәселелерін қозғайтын Орхус орталығының жұмысымен де айналысамыз.  
Үкіметтік емес ұйым ретінде өткізген ең алғашқы шарамыз «Ғылым және бизнес» атты ғылыми жобалар көрмесі болатын. Одан кейін «Шағын EXPO-2014, 2015», облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып «Akmola Power» шараларын ұйымдастырдық. Қор мүшелігінде қырыққа тарта ғалымдар бар. Технологиялық   даму жөніндегі ұлттық агенттіктің тапсырысымен кәсіпкер ғалымдарға арнап оқыту семинарын өткіздік.
Жобаларға келетін болсақ, күні бүгінге дейін жүзден астам ғылыми жобамен танысып шықтық. Солардың ішінде ротор қозғалтқышы, биологиялық газ қондырғылары, жылжымалы мал жайылымдары, қарақұмықтың жаңа түрлеріне қатысты жобалар да болды. Олардың барлығы келер жылы Астана қаласында өтетін  «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысады деп нық сеніммен айта алмаймын. Алайда, «EXPO» ұлттық компаниясы бұл жобалардың ішінен тым болмаса біреуін таңдап жатса, жұмысымыздың жемісін сонда көрер едік. Біз өз кезегімізде көрме басталғанға дейін аталған жобаларды аяқтауға тырысамыз. Алдағы уақытқа жоспарлаған мақсат-міндеттеріміз осындай.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кейбір мемлекеттік қызмет түрлерін азаматтық секторға беру туралы келелі ойы да бізге зор жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл іспен кез-келген үкіметтік емес ұйым айналыса алмайды. Ол үшін әуелі арнайы аттестаттаудан өтуіміз қажет.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда облыс аумағындағы біз секілді ұйымдардың саны 600-ге жуықтайды. Әкімдікте  өткен жиындардың бірінде солардың тек 160-ының ғана мардымды жұмыс істейтіні айтылды. Шындап келгенде бұл – үлкен мәселе. Азаматтық қоғам құрамыз деген желеумен үкіметтік емес ұйымдардың санын ғана арттыра берсек, одан тиер пайда жоқ. Сол себепті, ұйымды құрмас бұрын, оның нақты немен айналысатынын анықтап алған жөн. Мен мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Осы істі қолға алған кезде алғашқы бетте бізге де қиын соқты. Дегенмен, болашаққа деген нық жоспарымыз орта жолда құлап қалмауға көп септігін тигізді. Биыл ұйымымыздың облыстық «Жігер» байқауында арнайы номинациямен марапатталғаны істеген жұмысымыздың нәтижесі деп түсінемін. Алда талай асулар тосып тұр. Әріптестерімді азаматтық қоғамды дамытуға белсене араласуға шақырамын.   
 Мәриям ӘБІШЕВА,
«Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар