Атқарылған шаруалар, алда тұрған міндеттер сараланды

 Өткен бейсенбі күні жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болған облыс әкімі Сергей Кулагин өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып,  «Пегас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астықты сақтап, кептірумен айналысатын жүк тиеу кешенінің және 140 орындық балабақшаның ашылу салтанатына қатысты, сондай-ақ,  аудан активінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерді белгіледі. Одан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары Шортанды ауданында жалғасты.

Облыс басшысы алдымен Урюпинка ауылындағы осы аттас №1 мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үйі мен орта мектепте болды. Балалар үйінің директоры Сәуле Мәлғаждарованың айтуына қарағанда, қазіргі кезде балалар үйінде 93 бала тәрбиеленуде. Ата-ананың аялы алақаны мен ыстық құшағын көрмеген балалар қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалынып,  көмек көрсетілуде. Осы мақсатта өткен жылы төрт бала патронаттық тәрбиелеуге берілген екен.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Урюпинка
және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал шаруашылығы кешенінің жұмысымен де танысты. Серіктестік 2013 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 27,1 миллион теңгеге асыл тұқымды 65 бас герефорд қашарларын сатып алған болатын. Бүгінгі таңда мал басы 700-ден асқан. Оның жартысынан астамы қазақтың ақбас сиыры болса, 131-і  герефорд сиыры. Ал, қалғаны жергілікті ірі қара.  Шаруашылықтың мал соятын цехы бар. Серіктестік басшылары мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуда. Мұндағы игі істерге оң бағасын берген облыс басшысы алдағы уақытта шаруашылықтың одан әрі дамуына қолдан келгенше көмек болатынын айтты.
Осы күні облыс әкімі Ақкөл қаласындағы №1 Ақкөл балалар үйінде болып, қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысына балалар үйінің директоры Рауза Қанатова құрылыс жұмыстарының аяқ алысы жөнінде баяндап берді.
Оның айтуынша, осы күні нысанның ішкі негізгі жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ,  құрылысшылар төбе шатырын жауып, сыртын қаптауда. Құны шамамен 800 миллион теңгеге бағаланып отырған балалар үйі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын алдағы жазда аяқтау жоспарланған.
– Осыған дейін де ескерткенмін. Қазір де айтамын. Кейбір кемшіліктер бар. Оны жұмыс барысында дұрыстау қажет. Бұл анау-мынау нысан емес, балалар үйі, – дей келе, облыс әкімі Сергей Кулагин мердігерлерге құрылыс жұмыстарын ширатуды тапсырды. Ал, бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын аудандық емхана құрылысын жақын арада аяқтап, ақпан айында пайдалануға беру қажеттігін ескертті. Аудан орталығында жуырда ашылған «Теремок. ОК» серіктестігінің сауда үйі ақкөлдіктерге арзан, сапалы азық-түлік өнімдерін ұсынуда. Дүкенде болып, сөрелерге қойылған тағамдардың бағасына назар аударған облыс әкімі шетелдің сапасыз тауарларынан гөрі жергілікті азық-түлік өнімдеріне басымдық берілу керектігін ескертті.
Осы күні аудан орталығында 140 орындық балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Еске сала кетсек, бұрын Ақкөл балалар үйінің бір корпусы болған ғимарат өткен жылы аудан әкімдігінің балансына берілді. Нысанға «Балапан» бағдарламасы арқылы бюджеттен 8 миллион теңге қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде  мұнда 140 бала мемлекеттік және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие алуда.

Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ортақ іске қол ұшын созғандарға алғысын білдірді.
– Балабақшаның ашылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Сол себепті,  осы игі іске ортақтасып,  қол ұшын созған азаматтарға алғысымды білдіремін.  Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. Сонымен қатар,  Сергей Кулагин өзінің де кезінде балалар үйінен төрт баланы патронаттық тәрбиелеуге алғанын атап өтті. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің өнерлерін тамашалап, жаңа балабақшаға теледидар сыйға тартты.
Өңір басшысы  «КРМЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына да назар аударды,  сондай-ақ,  «Пегас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астықты сақтап, кептірумен айналысатын жүк тиеу кешенін салтанатты жағдайда іске қосты. Кәсіпорын директоры Алексей Анисиннің айтуынша, құны 500 миллион теңгені құрайтын кешеннің құрылысы 2014 жылы қолға алынған болатын. Кәсіпорынның қуаты жылына 30 мың тонна бидаймен бірге, майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдеуге жетеді.
– Аграрлық облыс үшін дәнді және майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорынның іске қосылуы маңызды оқиға. Бұл кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, саланың дамуына зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.
Сапар соңында облыс әкімі әлеуметтік-тұрмыстық сауалдарымен келген ақкөлдіктердің өтініштеріне құлақ түріп,  тұшымды жауап қайырды. Аудандық мәдениет үйінде өткен активте  аудан әкімі Теміржан Едігенов  өңірдің  тыныс-тіршілігі жайлы баяндап берді. Онда  Индустрияландыру картасы бойынша қолға алынған әлеуетті жобаларды жүзеге асыру барысы сөз болды. Сондай-ақ, Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағытында қолға алынған жұмыстарды одан әрі жандандыру айтылды. Мектептердің материалдық-техникалық базасын мемлекеттік әріптестік серіктестік аясында жаңартып, күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Бұл орайда, Сергей Кулагин ауданды көркейту мақсатында әлі де болса едәуір жұмыстар атқару қажеттігіне тоқталды.
– Ауданда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп келеді. Біздің мақсатымыз олардың жұмысына жаңа серпін беріп,  шағын және орта бизнесті дамыту. Әлеуметтік нысандарды назардан тыс қалдырмай, оларды қалыпқа келтіру мәселесін жан-жақты ойластыру бас-ты міндет. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсуіміз керек. Бұл  негізгі жұмыс көрсеткіші болмақ, – дей келе, өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.

***
Жұма күні облыс әкімі жұмыс сапарымен Шортанды ауданында болып, Дамса дәрігерлік амбулаториясы, қарттар мен мүгедектердің медициналық әлеуметтік мекемесі және орта мектептің жағдайымен  танысты. Қазіргі кезде дәрігерлік амбулатория осындағы «Сағым бидай» серіктестігінің ғимаратына жайғасқан. Ғимаратты серіктестік өз қалтасынан 30 миллион теңге бөліп, күрделі жөндеуден өткізіп берген. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен және «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Дамса ауылындағы  қарттар мен жалпы үлгідегі мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұл күнде мұнда отыз  алты қария тұрады. Өңір басшысы олардың бөлмелеріне кіріп,  хал-жағдайларын сұрастырып білді.
Осы күні облыс әкімі Жолымбет кентіндегі психоневрологиялық сырқаты бар мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі,  «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» акционерлік қоғамының  жұмысымен де танысты. Аталған медициналық әлеуметтік мекемені 128 адам паналап отыр. Әуелде Көкшетаудағы облыстық балалар медициналық әлеуметтік мекемесінде болып, кейін осында ауыстырылған Ульяна Шавуляк есімді қыз қазақша ән орындап берді.
Ұлты украин болғанымен, Ульяна қазақ тіліне судай. – Бала кезімнен ән үйірмесіне барамын, ән салғанды жақсы көремін. Мен Қазақстанда туғаныма қуаныштымын. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсетілуде, – деп ағынан жарылды Ульяна. Осы орайда,  медициналық  әлеуметтік мекемесі ұжымымен кездесіп, ғимараттың ішін аралап шыққан облыс әкімі қаңырап тұрған бос  бөлмелерді қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинатының ескі шахталарынан заңсыз алтыны бар рудаларды ұрлаушылармен күресті күшейтуге шақырды.
Сапар соңында облыс әкімі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен келген бір топ шортандылықтардың сауалдарына құлақ түрді.  Одан әрі аудан активімен кездесті. Аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасованың есебінде баса назар аударылған  бір мәселе – бос тұрған ғимараттарды кәдеге жарату жағы. Осы орайда, облыс әкімі бұл ғимараттардың бәрін жөндеуден өткізуді тапсырды. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы дағдарыстан бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана шығуға болатынын ескертті.
Жиын соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ аудан тұрғындары облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суреттерде: «Пегас» ЖШС-інің жаңа кешені; қарттар үйінде; балалардың  
жаттығу залы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар