Татулық – біздің ортақ ұлы қазынамыз

Этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты, тұрғындар арасындағы бірлікті сақтау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының басты стратегиялық бағыты болып табылады. Ұзақ жылдар бойы тарихи қазақ жерінде көптеген ұлттар мен ұлыстардың тағдыры, мәдениеті, салт-дәстүрі бір арнада тоғысып келеді.

  Елімізде 130-дан астам этнос пен 40-қа жуық конфессия өкілдері береке-бірлікте ғұмыр кешіп жатқанын біз мақтанышпен айта аламыз. Осы орайда, елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген ұйымдардың бірі «Satellit» неміс ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі дер едім. Біздің ұйымның іргесі осыдан жиырма бес жыл бұрын қаланған болатын.   
Алғашында отыз адамнан құралған бұл бірлестікті өте білікті ұйымдастырушы Мария Майзенгер басқарды. Ал, 1999 жылы мен төрайым болып тағайындалдым. Басшы ретінде қолға алған ең бірінші ісім – ғимарат мәселесі болды. Степногорлық кәсіпкерлер Л.Смагина мен О.Кравцованың көмегінің арқасында бұл мәселе ойдағыдай шешілді. Жексенбілік мектеп, жастар клубын, вокал тобын құрдық. Оған Е.Аткина жетекшілік етті. Ұлттық киімдердің бәрін өз қолымызбен тіктік. Техникалық ынтымақтастық жөніндегі Герман орталығының және облыстық немістер қоғамының қолдауының арқасында Мәскеу, Алматы, Павлодар, Тараз қалаларында өткен түрлі семинарларға қатыстық. Сонда алған біліміміз бірлестік жұмысына көп көмектесті.
Сонымен қатар, Мәскеудегі неміс мәдениеті халықаралық ұйымы  Ресейдегі немістердің мәдениеті мен тарихы жайлы көптеген әдебиеттерді бізге үнемі жолдап тұрады. Нәтижесінде, бірлестіктің кітапхана қоры қызықты кітаптармен толыға түсті. Жыл сайын оқушылар мен студенттерге неміс тілін тегін үйретеміз. Германия Үкіметінің демеушілігімен ұстаздарымыз біліктіліктерін арттырып тұрады.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандай өркениетті мемлекетте немістердің, басқа да ұлттардың этникалық жаңаруына барлық жағдайлар жасалған. Қалада сәулетті Достық үйі ғимараты жұмыс істеп тұр. Осыдан бірер жыл бұрын дәстүрімізді қайта жандандыруға байланысты мемлекеттік бағдарлама да қолға алынған болатын. Ол жоба аясында бірталай істер атқарылды.
Биыл ұжымымыз қос мерейлі датаны атап өткелі отыр. Бірі – тәуелсіздіктің 25 жылдығы болса, екіншісі – бірлестіктің құрылғанына да ширек ғасыр болды. Алыс-жақын шет елдерде тұратын азаматтарға мемлекет болып қалыптасқанымыздың жиырма бес жылы аз уақыт болып көрінгенімен, біз үшін бұл жылдар аса маңызды, жаңа ел қалыптасқан ең қымбат кезең болып қала бермек. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы ең алғаш рет халыққа арнаған Жолдауы әлі күнге дейін санамда жаттаулы тұр. Сол кезде Елбасы қазақстандықтарға елді қиын жылдар тосып тұрғанын, алайда, соның бәрін бірліктің арқасында жеңіп шығуға болатынын айтқан еді. Қазір бәріміз Ұлт Көшбасшысының осы айтқан сөздері шындық болғанына куә болып отырмыз. Ал, биыл Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын жариялап, келешегіміздің қандай болатынын айқындап берді. «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Көпэтностық – біздің ортақ ұлы қазынамыз! Міне, 20 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблея-сы осы байлықтың басты сақтаушысы миссиясын табысты атқарып келеді», – деді Президент.
Менің ойымша, осы елде тұратын әр азамат мемлекеттік тілді білуге, бізді бауырына басып, барымен бөліскен қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуге міндетті.  
Отаным Қазақстан, өзім туып өскен сүйікті қалам Степногорск мәңгі гүлдене берсін деген тілегім бар. Достығымыз жарасып, ортақ мүдде жолында еңбек етейік.
     
Клавдия НҰРБАЕВА,
«Satellit» неміс ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар