«Жатармын болса екен деп иман серік…»

 Алаштың ардагері, қазақ ән өнеріне өлмес олжа салған Ақан сері Көкшетау төңірегіне дін исламның нұрын шашқан Науан Хазіретпен туған бажа болғандығы белгілі. Төменде жарияланып отырған Ақан серінің соңғы өлеңінде өмірінің соңында бұл дүниенің қызылды-жасылды қызығынан баз кешкендігі айтылады. Өлеңнің тағылымы мол, тәрбиесі орасан.

 

Ассалаумағалейкум, Науан аға!
Үй-іші аман болар бала-шаға.
Көрген соң дидарыңды бойым сергіп,
Қалдым ғой шыққандай боп Сахараға.

Жабырқап жатыр едім адам келмей,
Көп еді қадірлесім өзіңіздей.
Саушылық тіл мен жақтың арқасы екен,
Көп болды қойғанына бір жан келмей.

Түрімді жатқан мынау тұрсыз көріп,
Өлгенде кім барады маған еріп.
Енгенде жер қойнына екі құлаш,
Жатармын болса екен деп иман серік.

Пендеге айтқан дейді Алла өзі,
Жетеді келешекке кімнің көзі.
Жатқанда ақыр жемде тәубә етсе,
Пендемді жарылқаймын деген өзі.

Жатырмын осы сөзден үміт етіп,
Өкінем босқа кеткен өмірге өтіп.
Қатамды кеш, алдымнан ұялтпа деп,
Тілеймін көз жұмғанша уақыт жетіп.

Белгілі жастық шағым, бәріңе аян,
Етейін оның несін Сізге баян.
Өтерін дүниенің ерте ойламай,
Жатырмын уақытқа кеп қысылтаяң.

Дүниені алшаң басқан қайран күнім,
Жасаған беріп еді өнер-білім.
Сұрақтан сүріндірмей өткізер ме,
Сайраған бұлбұл құстай қызыл тілім.

Дегенмен келеді тілім Раббым Алла,
Мұхаммед пайғамбарым Расул Алла.
Жаңылмай қырық парыздан аман өтсем,
Болар ед бітпес азық ұзақ жолға.

Сынық көңіл қайғы тартты жүдеп, арып,
Жалғаннан көрдім қызық жүрек жарып.
Өзгеден табиғаты бөлек шығып,
Жаралған бұл дүниеге мен бір ғаріп.

Біреудің мал мен басы дәулеті көп,
Дәулетке сол жандардың көңілі тоқ.
Қайғымен мен жатырмын халім мүшкіл,
Күңіреніп үйде жалғыз, жолдасым жоқ.

Дүниенің әуресіне жолыққанда,
Жан шіркін, қайғы-дертке молыққанда.
Жан жолдас болар ма еді жаны ашитын,
Тәніңнен қуат кетіп торыққанда.

Адамның болса егер жан жолдасы,
Емес пе мұңлы ғаріп ғазиз басы.
Қайғысы, қасіреті кімге батар,
Көл болып ақса дағы көздің жасы.

Халыққа дәріс айтқан имам едің,
Намаз бен оразаға қинап едің.
Жолына серіліктің түсіп кетіп,
Қызығын сұм дүниенің қимап едім.

Алладан мінәжат көп тілектерім,
Ғибадат саушылықта бір етпедім.
Жатқанда көзім тірі, сіз келгенде,
Қозғалды бәрі қопсып жүректерім.

Құдай-ау, мені Ислам дінінде қыл,
Идаят пайғамбардың жолында қыл.
Бір Алла аманатын берген шақта,
Тәнімді ізгілердің қолында қыл.

Оң жаққа таза арулап салған шақта,
Орнымды сахилардың үйінде қыл.
Ішінде құрғақ жерде тіл қатысып,
Солардың қияметте соңында қыл.

Кеудеден жан ауырып тайғанында,
Ишарат, иман жүзді өңімде қыл.
Жалғанның маған еткен тәрбиесін,
Бұйрықты шапағаттың жөнінде қыл.

Ей, Алла бұл тілеуім қабыл алып,
Сауабын фәни жалған татқандай қыл.
Ел кетіп жалғыз өзім қалған шақта,
Ақ қанат періштелер келгендей қыл.

Жатырмын осылайша көктен тілеп,
Болар деп алдым қандай, қорқып жүрек.
Арманда фәнидегі өкінбес ем,
Жасаған бақи жақтан берсе тілек.

Құдайдан қорыққан адам жылай берер,
Жалынып жалбарынып сұрай берер.
Ғарасат майданына айдағанда,
Кім жақсы, кім жаманын құдай білер.

Ризалық айтсақ сізге Науан Хазірет,
Фәниден бақи жаққа түзелді бет.
Мұң айтып, қияметтік көңілді аштым,
Ойлап ем Сізді көрмей өтем бе деп.

Бақұл бол, мен бақұлмын, шын ниетпен,
Алмаңыз көңіліңізге қатемді өткен.
Пайдасыз желіккендік жетегімен,
Бар шығар айтқан сөзім талай өктем.

Бұл тағдыр қалар дейсің кімге келмей,
Дүниеге сыяр ма адам тұрса өлмей.
О, Алла, жарылқағын мұсылманды,
Бар шығар талай мұңлық өткен мендей.

Хал біле көп рахмет келгеніңе,
Бас сұғып, баспанама енгеніңе.
Тараттым көңілдегі бар құсаны,
Енді көп өкінбеймін өлгеніме.

Қорқыныш көңіліме жатыр еніп,
Батпандап барған сайын ауру жеңіп.
Ұстаңыз сүйегімді тірі отырсаң,
Шақыру хабар күтпей өзің келіп.

Ал, енді осыменен дем алайын,
Жүректен айттым сырдың бір талайын.
Бағыштап, атымды атап, рухыма,
Дұғаңнан тастамаңыз жұма сайын.

Қош, тақсыр, шын дүниеге түзелді бет,
Етіңіз Құран-қатым басыма кеп.
Дұғаңыз қабыл болар иншалла,
Қол жайса періштелер әумин деп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар