Балаңыз кітап оқи ма?

 Әкемнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Шолақ қол әйел» дастандарын бізге жатқа айтатыны есімде. Бұл осыдан он-он бес жыл бұрын еді. Ал, біз балаларға нені жатқа оқып бере аламыз? Сананы тұрмыс билегеннен бері кітап оқуды шетке ысырып қойдық. Балалар өздері оқып алады деген іштегі оймен айтарымызды тағы іркеміз. Балалар не оқып жүр, бұған аса көңіл де бөле бермейміз. Ауылға ат ізін салып, бес-алты ай қырдағы ағайындармен араласып қайтқанымда кітап құшақтап жүрген жастарды көрмедім. Қынжылады екенсің.

 

Бүгінгі қоғамда кітап оқу мәселесі жиі көтеріледі. Кітаптан алыстап барамыз деген алып-қашпа әңгіме де ел арасында кең таралып жүргені рас. Себеп сол, ғаламды жаулаған интернеттің қолжетімділігі мен іздегеніңді лезде тауып беретін шапшаңдығы. Сонда да ғаламтордың кітап сияқты құндылықтың орнын баса алмайтынын өз басым ішкі түйсікпен сеземін. Олай болса, жас толқынды кітапқұмар оқырман ретінде тәрбиелеуді бүгіннен бастау керек. Ол үшін алдымен балаларға арналған кітаптар қажет.
Бізде балаларға арналған кітаптар жеткілікті ме?! Осыны білу үшін  Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кітап дүкеніне бас сұқтым. Ондағы кітап қорының шамамен 40 па-йызы көркем әдебиеттер мен балаларға арналған кітаптар. Кітаптың алуан түрі бар, түрлі-түсті мұқабамен көздің жа-уын алып сөреде тұр. Безендірілуі мен мұқабасына қарай сатылым бағасы да әртүрлі.
 Бірақ, сыртқы сапа мен ішкі мазмұн қандай? Осы сұрақты да ұмытпауымыз керек. Көбіне балаларды шетелдік ертегілердің кейіпкерлерімен тәрбиелеп отырмыз. Ата-аналардан баласының қандай кітапты сүйіп оқитынын білсем деген мақсатпен, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы балаларға арналған әдебиеттер бөлімінде де болдым. Сауал жалғыз: «Балаларыңыз қандай кітап оқиды?» Осы орайда, ата-аналар дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсенді көп оқитынын айтады. Демек, біз Алдар көсенің суық өтпес жыртық шапанын ескермей, Х.К.Андерсеннің «Корольдің жаңа көйлегін»,  «Күн астындағы Күнікейді» көлеңкелеп қойып, «Күн тимес Күнікейін», «Мақта қызды» емес, «Түймеқызды» оқытып жүрміз. Бұл жерде мен тек Х.К.Андерсеннің ертегілерінен мысал алып отырмын.
Электронды кітаптар да таралымда болғанымен, қазақ тілінде жарыққа шығып, таралу жағы  қанағаттандырмайды. Технология дамығаны соншалық, қуыршақтарға да тіл бітіріп жүрміз. Алайда, қуыршақ құлыншақтардың тілі де қазақшаға келгенде бәсең.
Балаларға арналған әңгімелерді көп айтқанда, кешегі шежіре қарттар мен ертегішіл әжелерді сағынады екенсіз. Ертегілер мен дас-тандарды жатқа білетін еді ғой. Қазір рухани дүниені баласына үйретейін деген жас отбасынан ата-әжелерге дейін кітап іздейтініміз бар. Іздегенде сол құндылық шіркін, табыла қойсайшы?! Әсіресе, ауылдық кітапханалардың сөрелері мұндай кітаптарға өте жұтаң.
Балалардың назарын аударатын суретті кітаптар мен электронды оқулықтар баспаларда шығарылып жатқанымен, таралымы жеткіліксіз болып отыр. Таралымына қоса, басым денінің  берер руханилығы мардымсыз ба деймін.
Қалай десек те, кітапқа деген іздеушілік талабымызды  күшейтуіміз керек. Қазақта Алдар көсе мен Қожанасырдың хикаясынан басқа да ертегілерді балалар қызыға тыңдайтындай болуы маңызды. Ол үшін көркем суреттерден гөрі сұлу сөздер қолданылса жақсы. Баланың жас кезінде оқығаны тасқа таңбалағандай жадында жатталатынын ескерсек, сұлу сөздің төресін құлақтарына жастай құйған жөн. Ол үшін біз айтып отырған сапалы кітаптар қажет. Әсіресе, қазақ тілінде таралым көп болса. Қалалық жерде көлікте кітап оқып бара жатқан студенттерді қазір көрмейсіз. Бұл дер кезінде кітапқа деген қызығушылығын оятпағанның кесірі. Жастайынан ертегі тыңдап, рухани дүниеге қанбағаннан осылай.
Кітап оқу ең бастысы тілдің құнарлылығын сақтайды. Қазір көк жәшіктен беріліп жатқан мультфильмдер, тіпті, көрермені көп қаптаған телесериалдардан көркем тіл естімейсіз. «Қыз Жібек» көркем фильмін бір тыңдап көріңізші, тілі қандай екен?! Жастар жастайынан кітап құшақтап өссе, келешек ұрпағына соны үйретері сөзсіз. Ол үшін бүгін балаларға арналған кітаптардың төрт көзі түгел болуы керек.
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада балаларға арналған қорда алты мыңға тарта кітап бар. Оның мың сегіз жүзге жуығы қазақ тілінде екен. Бұл – қазақ тіліндегі оқырмандар іздегенін жүз пайыз таппайды деген сөз. Маған облыстық кітапхананың өзінде балалар  кітаптарының саны аз көрінді. Қалаларда кітап тапшылығы сезіліп отырса, ауылдық жерді айтудың өзі артық. Оларда жаңа кітаптарды емге таппайсыз. Балаларға арналған газет-журналдардың үзік-үзік нөмірлері ғана қолға тиеді. Кеңес одағы кезіндегі кітаптар әлі қолда жүр. Бұған тағы бір себеп, бүгінгі балаларға арналған кітаптардың таралымы аз болып отыр.
Көкшетау қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында да ата-аналармен сұхбаттастым. Мектепте өткен тақырыптарға қосымша әдебиеттер іздеп келетінін, ұл-қыздары мектеп бағдарламасынан тыс ертегілер де оқитынын айтады. Балаларды көбіне аудармалар қызықтыратынын, суретті кітаптарды оқуға жас балалардың ынтасы жоғары екенін де естіп білдік. Ертегі әңгімелердің авторын сұрағанымда сәл тосылып, шет ел авторларынан мысалдар келтіріп жатты. Танымал «Толағай» ертегісінің авторы айтылса деп едім, амал не, айтылмады. Балалардың кітап оқығаннан гөрі, теледидар қарауға, телефонмен ойнауға әуес екендіктерін де жасырмады.  Иә, солай, бүгінгі ұрпақты көк жәшік тәрбиелеп жатыр.
Айта берсек, жергілікті қаламгерлердің балаларға арналған кітаптары да аз емес қой. Мысалы, Көкшетау қаласындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан Төлеген Қажыбаев, Қайырбай Төреғожа, Серік Жестпісқалиев сияқты көкшетаулық ақын-жазушылардың шығармаларын кездестіруге болады. Дегенмен, облыс-та балаларға арнап өлең-әңгіме жазып жүрген авторлардың аты-жөні кең таралмаған. Егер олардың туындылары  жинақталса әжептәуір бағалы дүние болар еді. Бізде балаларға арналған көркем шығармалар мен өлеңдердің басын қосып, балалар хрестомотиясын шығару да кенжелеп тұр.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай, ұлы жолдарға бастайтын идеялардың бәрі оқу арқылы келеді. Кітапсыз адамның ойлау көкжиегі де тар. Жас-тарды осы ойсыздықтан қорғау –  міндетіміз. Сондықтан, балаларға арналған кітаптардың санын арттыру жас ұрпақты соларды оқуға тәрбиелеу қажет. Бесік жырын айтпаймыз, дастандарды жатқа білмейміз. Осы олқылықтың орны қайтсек толады? Міне, көп болып ойласар  мәселе сонда.  
Қалай дегенде де қазір балалардың рухани тәрбиесі үшін қажетті  кітаптар қолжетімді. Бұл орайда, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Тек ұл-қызымызды кішкентайынан соларға жақындастыра білсек. Яғни,  жас ұрпақ бабалар мұрасымен, жаңа төл дүниелермен сусындап өссе.

Ақынбай СӘРСЕНБИ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар