Дағдарыс пен тойшылдық…

 Жаңа жылдың алғашқы күндері де басталды. Биылғы мешін жылы экономист сарапшылардың пайымдауынша, әлемдік дағдарыстың шарықтау шегіне жетер жылы болмақ. Әсіресе, жыл соңына қарай инфляция деңгейі ең биік межеге жетпек. Содан кейін дағдарыстың екпіні қайтып, 2017 жылдан бастап өндіріс өрге басады, дейді сарапшы мамандар.

  Өткен 2015 жыл төл теңгеміздің екі мәрте құнсызданып, американдық көк қағаз құнының бас бермеген асаудай арындап аспанға шапшуымен есте қалатын сияқты. Ұлттық валютамыздың құнсыздануымен бірге, қашқан қадір-қасиетін қалпына келтіреміз деп қолға алынған біраз шаралар азды-көпті нәтижесін берді. Банктердегі теңге салымдарының көлемі өткен жылдармен салыстырғанда оншалықты кемімеуі осыны айғақтайды. Жалпы алғанда, Үкімет әлемдік дағдарыстың еліміздің қарапайым азаматтарына тигізер зардабын барынша кеміту, халықты әлеуметтік жағынан қолдау бағытында арнайы бағдарламалар дайындап, мақсатты жұмыстарды белсене қолға алып жатыр. Дұрыс-ақ. Дегенмен де, дағдарыстан қатты зардап шекпеу тек Үкімет деңгейінде атқарылып жатқан шаралармен ғана шектелмейтіні белгілі. Ең алдымен, қарапайым халық қазіргі барша әлемді қысып тұрған қатерлі дерт – дағдарыстың залалын азайтуға өздері ынталы болуы керек. Ол үшін бұрынғыдай ақшаларын орынды-орынсыз жұмсап, ысырапшылдыққа жол бермей, белбеуді тарта байлап, үнемшілдікті үйренуі тиіс.
Үнемшілдік демекші, ғаламторда теңге құнсызданған өткен жылдың күзіне қарай қазақстандықтардың күнделікті қажетті азық-түлік тауарларынан басқа киім-кешек, өндірістік заттарды алу деңгейінің күрт төмендеп кеткені жайында жарыса жазды. Тіпті, жаңа жыл қарсаңында мерекелік сыйлықтар алу көлемінің өткен жылдардағыдан әлденеше есе аз болғандығын сатушылар күйіне баяндайды. Бұрын шарықтап кеткен жылжымайтын мүлік құны да уақыт өткен сайын ақырындап төмендеп жатыр.
Дейтұрғанмен де, ғаламторда айтылып, жазылған қазақтардың арасындағы той бизнесінің бұрынғы кездермен салыстырғанда төмендемегендігі, тіпті, керісінше өркендей түскендігі жайындағы ақпараттар дағдарыстың қазақтардың тойшыл мінез-құлқына еш әсерін тигізбегендігін байқатқандай. «Той дегенде қу бас домалайды» деген атадан қалған дәстүрді берік ұстанған бүгінгі ұрпақ жалғыз баспаналарын кепілдікке қойып, пәлен пайыз өсіммен кредит алып, шашылып-шабылып той өткізбесе, ішкен астары бойларына сіңбейтін болып алды. Сонау 90-шы жылдардан бері асаба болып ақша тауып жүрген бір танысым қазір бәсекелестіктің шарықтап кеткендігін айтып шағынды. Күнкөрістік нәпақасын асабалықпен, той өткізумен табатын жас-тар қатары көбейіп барады. Ақша тауып, тойды қызықты өткізу үшін мұндай кәсіби асабалар неше түрлі тапқырлықтарды жасап жатады. Әдетте ондай жаңалықтардың бәрі шет елдерде баяғыдан жасалып жүрген ескі-құсқы дүниелер. «Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» демекші, сондайларды қағып алып, қазақы тойларға енгізгенде жұрт ауыздарын ашып, көздерін жұмып тамсанып жатады. Қынжыларлығы сол, мұндай «жаңалықтардың» ұлттық психологиямызға да, өсіп келе жатқан жастарымызға ізгі тәрбие беруге де залалынан басқа көк тиын пайдасы жоқ.
 Ютубтан қазақы тойлар жайындағы бейнероликтерге назар аударып көрсеңіз, ақшаға құныққан асабалардың әрекеттерінен жағаңды ұстайсың. Мәселен, орта жастан асқан
байыпты бәйбіше жасындағы үш әйелдің резина атқа талтайып отырып алып, сандарын жарқыратып шапқылауы, салиқалы жігіт ағаларының шалбарларын шешіп тастап, іш киіммен ортаға шығып ортекеше ойқастап билеуі – өсіп келе жатқан жастарға теріс тәрбие беретіні өз алдына, тіпті көзге қораш, өрескел болып көрінеді екен. Ал, аппақ көйлек киген қалыңдықтың ақша түйілген орамалды артына қарата лақтырғанда соны алуға таласқан әйелдердің жаға жыртысып төбелесуі – енді ақылға сыймайтын-ақ көрініс. Өкініштісі сол, бүгінгі қаптап кеткен аста-төк тойлардың бәрінде осындай өрескел көріністер көбейіп барады.       
Әлемдік дағдарыс белең алып, ақыл-есі дұрыс адамдар ертеңгі күніміз не болады деп алаңдаумен күн кешіп жатқанда, қазекеңнің той тойлап, ақшасын ысырап етуін қоймауы қынжыларлық жай. Елбасы да үлкенді-кішілі бас қосуларда үнемшілдік жайында үнемі айтып келеді. Бірақ, бүгінде белең алып кеткен дарақы тойшылдық пен ысырапшылдыққа бұл да тосқауыл болмай тұр…
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар