Қар басқан көшелердегі шарасыздық

 Кәрі құдамыз қыстың биылғы әлегі де басталды. Қарашада қабақ шытпай, желтоқсанда жұмсақ мінез танытқан қаһарлы қыс атына енді мінгендей. Сақылдаған сары аяз, одан қалды, ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран бізге етене таныс қыстың қысымшылығы.

  Қардың қалыңдығына қарай, әдеттегідей жолдар күреліп, қала ішіндегі қарлар сыртқа шығарыла бастады. Дегенмен, біздің Макинск қаласында  әлі де болса ешкім ат ізін салмай, қалың қардың құрсауында жатқан көшелер де баршылық. Мұндай көшелердің бірі Маяковский көшесі.
Көше соңындағы оншақты үй қардан көз ашпай отыр. Көлік жақындау былай тұрсын жаяу адам әрең барады. Үйді үйге жалғап көшеге қосатын жалғыз аяқ сүрлеу. Сәл шалыс бассаң болды, қонышыңа қар құйылады. Қардың көптігі соншалық, үйлердің шошайып төбелері ғана көрінеді. Бұл маңда үйлер бар екені алыстан мұржаларынан будақтап шыққан түтіннен ғана аңғарылатындай.
Қалың қардан қабырғасы қайысқан үйлердің жай-күйімен танысып тұрғанымда сол үйлердің бірінде тұратын Дәулетбайға жолықтым. Жұмыстан келе жатыр екен. Ол да сол жалғыз аяқ сүрлеуге түскен. Басқа жол жоқ. Оның айтуынша, бұл көше қар түскелі күрелмеген көрінеді. Қар тазалап жүрген техникалар көше ортасынан кері бұрылады екен. Тау төбе болып үйілген қармен алысуға екінің бірінің жүрегі дауалай қоймас. Десе де күн күрт жылыса қар жамылған үйлердің жағдайы не болмақ?!.
Одан әрі Куйбышев көшесіне түсіп едік, бағанағы көрініс мұнда да қайталанды. Тіпті жағдай одан да қиын. Көпбалалы отбасы  жалдап тұратын бір үйдің есік, терезесі қардан көрінбейді. Көшедегі жолдың қарын аршып жатқан жігіттердің жанына жақындап, Қанатбек есімді жігітті әңгімеге тарттым. «Үйде біраз жасты алқымдаған аналарымыз, жас бала-шағаларымыз бар.
Алла сақтасын жедел жәрдемнің көмегіне жүгінсек, мүлдем жақындай алмайды»,  – деді ол. Иә, сол себепті қол қусырып қарап отырмай, қолдарына күрек алған екен. Қардан қамығып отырған тек бұл екі көше ғана емес. Кооперативная көшесіндегі бірнеше үй де дәл осының кейпін кешіп жатыр.
Бұл қаңтардың басы екенін ескерсек, алдымызда әлі азу тісін ақситып ақпан тұр. Кей жылдары наурыздың да әлекке салатын әдеті бар. Алда не болары Аллаға аян. Қар көп ұстаған тек жел өтінде тұрған көшелер. Сондықтан, «көппен көрген ұлы той» деуге келмейтін сияқты. Қар басқан көшелердің тұрғындарына да сырттан көмек тоса бермей, өз беттерінше бір амалын жасау керек.  
«Ақшасын төлесе, қарын күрейміз» – деп техникасы барлар білегін сыбанып отырған көрінеді. Алайда, үйдің бойындай үйілген қарды күрету үшін қалтаң қалың болуы керек шығар. Тұрмысы жұтаң отбасылардың мұны қалтасы қалай көтерер екен?!.

Жайнарбек ЗАҢДЫБАЙ.
Бұланды ауданы.

Суретте: кей үйлерге бір ізбен ғана кіріп шығады.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар