Кәсіптік білімге тың көзқарас

 

осы саладағы істің жайын  жақсартуға тиіс

 

Қазіргі таңда білім беру саласына елеулі өзгерістер енгізіліп, жаңа талаптар қойылуда.  Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  атты Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру мен мамандық игеру мәселелеріне баса назар аударылған.

 

2017 жылдан бастап, «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасы іске қосылатыны көптің көңілінен шықты. Бұл  өзіне нәпақа тауып, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік хал-ахуалын дамытуға өз үлесін қосатын жастар санының артуына  игі ықпалын тигізеді.
Әлемді жайлаған дағдарыс кезінде  әлеуметтік салада адами капиталды дамыту өте орынды. Осы ретте, техникалық және кәсіптік білімнің рөлі орасан зор болмақ. Себебі,  еңбек ресурстары маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешеді. Кәсіби мамандарды даярлау  еліміздің дамыған, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосылуының негізгі алғышарты және дағдарысты  еңсерудегі он әлеуметтік маңызы бар қадамдардың бірі. Мемлекет басшысы әрдайым жастарды жұмысшы мамандықтарын меңгеруге әрі еңбек адамын  дәріптеуге шақырады. Ол өз сөзінде «Біздің жан-жағымыздағының бәрін қарапайым жұмысшылар жасады. Бұл шебер адамдардың еңбегінің жемісі» деп  атап көрсеткен болатын. Жастарға техникалық және кәсіби білім беру мәселесі заңды түрде бекітілген. Сонымен бірге, Еңбек кодексіне және заңнамалық  актілерге өзгерістер енгізіліп, «дуальдық оқыту», «дуальдық оқыту туралы келісімшарт» және жекелей заңдардағы «жас маман», «кәсіби білім» сынды түсініктер пайда болды.
Қазір ел экономикасын білікті, жұмысқа деген икемділігімен ерекшеленетін мамандармен қамтамасыз ету үшін  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қайта жаңғырту жұмысы қолға алынуда. Соңғы үш жыл ішінде колледждерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында бөлінетін қаржы екі есеге өсті. Нәтижесінде барлық арнаулы оқу орындарының қазіргі заманғы технологиялармен жарақтандырылуы 40 пайызды құрап отыр. Білім беру бағдарламаларының мазмұны да өзгеріске ұшырап, жаңа тұрпатқа көшуде. Соған сәйкес оқытушылардың білімін жетілдіру жұмыстары  да оң жолға қойылған.
Облыста  жастар 94 мамандық бойынша білім алады. Білікті жұмысшы кадрларын 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары даярлайды. Мұнда техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы мамандықтары басым. Сол сияқты, «Мәңгілік ел жастары – Индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бес колледжде екі жүзге тарта оқушы оқытылуда. Білім беру ұйымдары шетелдік әріптестерімен байланыс жасап, өзара тәжірибе алмасуды да жолға қойып келеді. Мәселен, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжі ұжымының ұйытқы болуымен он екі жылдық білім беру саласында шетел тәжірибесін үйрену мақсатында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған Ресей Білім академиясы білім беруді дамыту стратегиясы институтының ғалымдары қатысып,  баяндамалар жасады, өз тәжірибелерімен бөлісті. бұл халықаралық әріптестік біздің колледж ұжымына шетелдік білім беру кеңістігіне енуге жағдай жасамақ.
Алдағы уақытта колледждер мен жұмыс берушілер арасында да тығыз қарым-қатынас орнатылса, бұдан жақсы нәтиже шығарына күмән жоқ. Осы ретте, мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, нарыққа қажетті мамандықтар сұранысын толықтай қанағаттандыру жұмысы дұрыс  жолға қойылуы тиіс. Мұның өзі ел экономикасының қарқынды дамуында да маңызды фактор болып табылады. Міне, бүкілхалықтық қолдауға ие болған Елбасы Жолдауы бізді, сала мамандарын осындай ойлар мен іргелі міндеттерге жетелейді.

Бекжан СӘДУАҚАСОВ,
облыстық білім басқармасы
орта білімнен кейінгі
техникалық және кәсіптік
білім бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар