Жарқ еткен жарқын тұлға

 Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында  ұзақ жылдар бойы  облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жетекшілік етіп, Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы болған көрнекті жазушы-журналист  Жанайдар Мусиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Зерек зерде» атты  электрондық басылымының тұсаукесері болып өтті.

  Бірнеше тараулардан тұратын электрондық басылымда  Жанайдар Мусиннің барша болмысы мен шығармашылығы кеңінен қамтылған. Электрондық басылымның атауы жазушы-публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сарбас Ақтаевтың 2006 жылы жазушының 70 жылдығына орай, облыстық «Арқа ажары» газетінде жарық көрген «Зерек зерде» естелік-эссесінің тақырыбынан алынып, алғысөзі жазушы, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің  республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Жебеп жүрсің, жақсы аға!» атты мақаласымен өрнектелген.
Электрондық басылым негізінен осы алғысөз, қаламгердің өмірбаяны мен шығармашылығы, көзі көргендердің естеліктері, фотосуреттер легі сияқты жеті бөлімнен тұрады. Жазушының шығармашылығы туралы бөлімде «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары мен «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Мандат», «Таң нұры», «Тың түлектері», тағы басқа кітаптары орын алған.  Жазушы өз туындыларында туған жер табиғатын, оның асқақ рухты адамдары мен еңбек ерлерін   көркем тілмен шебер суреттей білген. Әр шығармасынан  қаламгерлік мол қарымын жазбай аңғаруға болады.
Сондай-ақ, бұл  электрондық басылымда өз кезіндегі білікті редактор, шебер жорналшының әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген айшықты очерк, мақалалары да топтастырылған.
Кітапхана ұжымы электрондық басылымның бір данасын жазушының аяулы жары Райхан Сүлейменоваға тарту етіп, ол кісі осы қат-қабат жұмысты жүзеге асырушыларға шексіз ризашылығын білдірді. Әрі өткен күндер туралы әсерлі сыр шертіп, Жанайдар ағаның кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Ғафу Қайырбеков сияқты әдебиетіміздің ірі тұлғаларымен тығыз байланыста болғанын, Қоғабай Сәрсекеев сияқты белгілі қаламгерлермен отбасы болып жиі араласқандарын тебірене еске алды. Осылайша шараға жиналған көпшілік қауым, әсіресе, жастар жағы  атпал азаматты сан қырынан танып, өмірі қамшының сабындай қысқа болса да, мағыналы ғұмыр кешкеніне жан-жақты қаныға түсті.
Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, ақын-жазушы Төлеген Қажыбай  сөз сөйлеп, Жанайдар Мусиннің редактор, партия қайраткері ретіндегі іскерлік қасиеттеріне кеңінен тоқталып өтті. Оның ұзақ жылдар бойы газетті абыроймен басқарып қана қоймай, құнды еңбектер жазуға да уақыт тапқанын әрі үнемі талапты жастарға жол сілтеп, қамқорлық көрсетіп отырғанын ілтипатпен еске алды. Сонымен бірге, жазушының бүгінде өз есімі берілген Көкшетау педагогикалық колледжінің қайта ашылуына өлшеусіз үлес қосқаны, абзал аға басшылық еткен тұста облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің таралымы да үздіксіз өсіп, басылымның өзі Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қойылғаны шын мәнінде, үлкен еңбектің өтеуі еді.
Бұдан кейін белгілі ақын, әнші-сазгер Иран сал Тасқараұлы мен қарт журналист, ақын-жырау Жұмабай Есекеев те қайраткер тұлға жайлы өз естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, кейінгі ағамыздың  сөзді суырып салатын айтыскерлік шабытымен:
Жанайдар, жақсылардың тұқымысың,
Алтынның сынығы емес, бүтінісің,
Көркем сөз, шежірені көкке өрлеткен.
Ауылдың көк ала көш түтінісің, –
деп өз естелігін әсерлі түйіндеуі жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов өз сөзінде көрнекті қаламгерді кейінгі ұрпаққа таныту, есімін ел есінен шығармау мақсатында өзі еңбек ететін білім ордасы қабырғасында студенттермен үш дипломдық жұмыс қорғалғанын тілге тиек етті. Одан әрі облыстық «Арқа ажары», қалалық «Көкшетау» газеттерінің бас редакторлары Қайырбай Төреғожа, Серік Жетпісқалиев сөз алған тағылымды кеште жазушының туғанына 80 жыл толуына байланысты қолға алынар шаралар туралы да ой қозғалып, осы орайда, біраз пікірлер ортаға салынды.
Білікті басшы, филолог ғалым Нұртас Ахатұлының жетекшілігімен қазір Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжі белгілі тұлғаның атына сай үлгілі жұмыстарымен көрініп, республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналған. Өткен жылы  колледждің ашылғанына 25 жыл толуына байланысты білім ордасында Жанайдар ағаның мүсіні қойылды. Мұнда жазушы атындағы дәрісхана да бар.
Ендігі міндет – қарымды қаламгер, көрнекті қайраткердің 80 жылдығын да туған жерінде лайықты атап өту. Бұл жолғы жазушы шығармаларының «Тұлға» сериясымен шығарылған электрондық нұсқасының тұсаукесерін біз алдағы осы іс-шаралардың беташарына баладық. Бұл орайда, қаламгер мұрасын ықияттап жинап, бір ізге түсіруге ұмтылған, сондай-ақ, «Туған жерге табынған жүрек» атты көрме ұйымдастырған облыстық кітапхана ұжымына да айтар алғыс мол.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: жазушы шығармаларының электрондық нұсқасы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар