Отан қорғаушылар ант қабылдады

 Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Көкшетау қаласында орналасқан 5510 әскери бөлімінде өткен күзде әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы еліміздің ішкі тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери борыштарын абыроймен атқарып келеді. Бүгінгі таңда Отан қорғаушыларға жүктелген міндет зор. Ұлттық ұлан қатарына қосылған жас сарбаздардың қиын да күрделі әскери қызметті адал әрі асқан жауапкершілікпен орындауға әрдайым даяр болуы қажет. Міне, сондықтан да жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен әскер қатарына жас сарбаздар шақырылып, өз міндеттерін атқаруда.
Салтанатты ант қабылдау рәсімі алаңға әскери бөлімнің жауынгерлік туын шығарудан басталды. Содан кейін бөлім командирі подполковник Жанболат Төлегенов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» аймақтық басшылығының әскери дайындық басқармасының бастығы Еркін Жаңабергенов, бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы капитан Анатолий Данилов, жас сарбаздардың ата-аналары құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Павлодар облысынан ұлы Төлеудің ант қабылдауына арнайы келген Айтбай Баймұқанұлы :
– Ұл болып туғаннан кейін әскерге бару борыш. Баламды жастайынан Отан алдындағы міндетіңді өтеу қажет деп өсіріп, тәрбиеледім. Мен ұлымның өз парызын адал атқаратынына сенемін. Барлық жас сарбаздарды салтанатты ант қабылдау күнімен шын жүректен құттықтаймын!  –  деп ағынан жарылды.
Ақтөбе облысынан Ұлттық ұлан қатарына міндетті әскери борышын өтеуге шақырылған қатардағы жауынгер Тимур Шахаров ант қабылдаушылар атынан сөз сөйлеп, өз парыздарына адал болатындықтарына аға ұрпақ алдында уәде берді.
Ант қабылдау рәсімі өткеннен кейін жас сарбаздардың ата-аналары әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, бөлім командирінен өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тұшымды жауаптар алды.

Жанат СӘБИТОВ.  

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар