Батыр туған ер Мәлік

 Жас ұрпақты ұлтымыздың рухани қазыналарымен таныстыру, олардың патриоттық сезімдерін ұштау сынды мәселелер қай заманда да өзінің өзектілігін жойған емес. Әсіресе, мынау жаһандану заманында ұлттық болмысымызды, өзіндік ерекшеліктерімізді жоғалтпай, тіліміз бен ділімізді сақтап қана қоймай, одан әрі дамыту күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сонда ғана біз әлемдегі дамыған, өркениетті елдермен тереземіз тең жағдайда боламыз.

  Жақында «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық «Бірлік» филиалына қарасты «Самғау» бастауыш ұйымы Орталық сайлау комиссиясының ғимаратындағы 802 үнқатысу залында Кеңес Одағының Батыры, академик, филология ғылымдарының  докторы Мәлік Ғабдуллинді еске түсіруге арналған «Дөңгелек үстел» кездесуін өткізді. Дидарласуға келген Орталық сайлау комиссиясы мен Президент  Телерадиокешенінде  қызмет атқарып  жүрген  партия мүшелері мен  жұртшылық өкілдері  белгілі  қаламгер Смағұл Рахымбектің сценарийі  бойынша түсірілген «Батыр туған ер Мәлік»    деректі фильмін тамашалап, ұлт ардақтысы Мәлік Ғабдуллиннің  өмір жолымен  жете
танысты.
– Елбасымыз әлемдегі дамыған 30 елдің  қатарына  ену үшін  мемлекетімізді нығайтудың бес институттық реформасын  айқындап берді.Осы реформаларды  кезең-кезеңмен  іске асыру   арқылы   Ұлт Көшбасшысы бүгінгі  жаһандық  күрделі   экономикалық  ахуалдың  елімізге  тигізер әсерін  мейлінше жұмсартып, өзіндік даму жолын  қалыптастыруды көздеп отыр. Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары –  қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған жол картасы. Осынау ұлы парыздарды орындау үшін  қазақстандықтардың патриоттық  құлшыныстары керек. Осы қасиетті алдымен, жастар бойына сіңіру үшін аға ұрпақтың, әкелеріміздің өнегелері  үлкен мектеп. Бүгін біз сол үшін жиналып отырмыз, – деп атап көрсетті «Самғау» бас-тауыш партия ұйымының төрағасы Смағұл Рахымбек.
Қазақ халқының қаһарман ұлы, академик  Мәлік Ғабдуллиннің  жақын шәкірттерінің  бірі, филология ғылымдарының докторы, Астанадағы Лев Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің   кафедра меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері Серік Негимов  ұлы ұстазы жайында, оның биік адамгершілігі тұрғысында  бұрын   беймәлім  қызғылықты естеліктерін айтып берді.
– Елбасымыз  Мәңгілік Ел идеясын  тегіннен-тегін қозғап отырған жоқ. Бұл идеяның түп-тамыры сонау Елтеріс қаған мен Күлтегін бабалар заманынан  ұлтымыздың  арманы болып келеді.Оның  жүзеге асуына мүмкіндік енді келді. Тарих пен замана   беріп отырған осы мүмкіндіктерді жете пайдаланып қалуымыз керек. Ол үшін  ұлт перзенттері мен барша қазақстандықтардың шынайы патриоттығы керек. Отаншылдық сезім жүректерде аға ұрпақтың  өнегесі мен  ерліктері арқылы орнайды. Баһадүр  батырымыз Мәлік  Ғабдуллиннің өмірі мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа ұлы мектеп. «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы   жақсы  іс бастап отыр, – деп атап көрсетті өз сөзінде белгілі әдебиетші ғалым.
Серік Негимов өзінің Мәлік батыр жайында биыл баспадан  шыққан жаңа кітабы туралы әңгіме  қозғап, студенттік шақтарындағы М.Ғабдуллиннің өзіне   көрсеткен ағалық қамқорлықтарын тебірене еске алды.
– Мәлік ағамыздың азаматтық, адамгершілік ұлы қасиеттері жайында  еш жерде жарияланбаған, бұрындары  айтылмаған жайларға қанықтық. Сол үшін сіздерге мың да бір рахмет, – деді  өз сөзінде Президент Телерадиокешенінің  өндірістік-шығармашылық қамтамасыз ету  бөлімінің  жетекшісі, партия мүшесі Руслан Тәуекелов.
– Бүгінгі кездесуіміз  барша халқымыз  Елбасымыздың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегін қызу талқылап, қолдап жатқан уақытта өтуде. Биылғы жылға арналған  бес институттық  реформа шеңберіндегі  100  нақты қадам – Ұлт жоспарының  жүзеге асуы  қазақстандықтардың отаншылдық сезімдеріне тікелей байланысты.Ұлтымыздың  ұлы перзенті  Мәлік Ғабдуллиннің   өмірінен  үлкен өнегелерді   жүрекке түйдік. Мен партия мүшесі болмасам да, хабарландыруды естіп, жиынға өз  жүрек  қалауыммен   келдім, – деді кешке қатысқан  қала тұрғыны, журналист Берден Қабылов  та.
Жалпы, Мәлік Ғабдуллин туралы айтқанда оның қан майданда ерліктің үлгісін танытқан хас батыр екендігімен қатар, басқа да ерекше қасиеттерін ескеру қажет. Мәселен, сұрапыл соғыс жылдарында көзсіз ерлік көрсеткен немесе қол бастап, жеңісті жақындата түскен қазақтың қаһарман ұлдары аз емес. Ал, ерлікпен қатар, бейбіт өмірде ғылымды да еңсеріп,  академик атанған Мәлік Ғабдуллиндей адам жоқ десек ақиқаттан алыс кетпегеніміз. М.Ғабдуллиннің қарапайымдылығы жайлы да онымен бірге жүрген аға буын өкілдері, алдынан дәріс алған шәкірттері жыр қылып айтады. Мәселен, елімізге танымал тұлғалардың бірі, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов бірде педагогикалық институттың ректоры болып қызмет істеген Мәліктің
ауылдарына баруға ақшасы болмай қалған студенттерге өз ақшасына билет алып беру үшін ерінбей вокзалға барғандығын еске алады. Тіпті, Мәкең сол студенттер тұратын елді мекендердің басшыларына да хабарласып, жастарға көмек көрсетулерін сұрайды екен.
Арғы атасы ұлы Абылайды хан көтерген атақты Қанай би. Осындай тектінің ұрпағы Мәлік Ғабдуллин соғыс басталғанда аспирант екен. Бронмен елде қалып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік бола тұра, өзі сұранып майданға аттанған ол өзінің көркем де батыр елдің ұлы екендігін дәлелдеп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білді. Сөйтіп, Көкшетаудан 100 шақырым жердегі Қойсалған ауылында дүниеге келген Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Батырға арналған шарада көрсетілген деректі фильмде сондай-ақ, кезінде ғалым ұстаздың лекциясын тыңдаған жазушы Төлеген Қажыбайдың, немере інісі Жанатай Бекеновтың, қызы Майдан Ғабдуллинаның естеліктері
паш етілді. Ерлік пен қарапайымдылықты, парасаттылық пен терең білімді тең ұстаған Мәлік Ғабдуллин сынды дара тұлғаның өмірінен үлгі алған жас ұрпақ елімізді жарқын болашаққа жетелей алады деп сенеміз.   
«Самғау» бастауыш партия ұйымы өткізген  «Ұлттың  ұлағатты ұлы перзенті»  атты бұл еске алу кеші шынымен де мағыналы  да, тебіреніске толы  болып өтті. Жиналғандар баһадүр батыр рухына құрметпен тағзым етті.
Талғат Қасен,
Смағұл Рахымбек.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар