Сотқа сенім – оң нышан

 Ақмола облыстық сотының алқа мәжілісі болып өтті. Онда облыстық сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов сот жүйесін дамыту бағытындағы алға қойылған міндеттердің орындалу жайы мен өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы баяндады.

  Облыс судьялар корпусының жұмысы Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» заң үстемдігін қамтамасыз ету бөлігіндегі судьялар қауымдастығының алдына қойылған сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекет басшысы өзінің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында «Реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде» деп атап өткен еді.
2015 жылы Ақмола облысының соттарымен 64 720 азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер мен материалдар қаралған екен. Бұл 2014 жылмен (57 440)  салыстырғанда
7 280 іс пен материалға артық. Соттарда қаралатын істер санының ұлғаюы қарапайым адамдардың  сотқа деген сенімінің артқанын көрсетеді.  Соттарда тіркелген істер санының көбейгеніне қарамастан, істерді қарау барысында іс жүргізу мерзімінің бұзушылығы тіркелмеген. 2014 жылмен салыстырғанда тараптардың бейбіт келісімге келуіне байланысты істі тоқтатумен қаралған азаматтық істердің саны 18,1 пайызға, жәбірленуші мен сотталушының  татуласуына байланысты сот ісін жүргізу тоқтатылған қылмыстық істердің саны 8,7 пайызға артқан. Медиаторлардың қатысуымен 68 қылмыстық және  52 азаматтық істер қаралған.
2015 жылы облыс соттары 1 473 адамды соттау жөніндегі шешім шығарды (2014 жылы 984 адам сотталған болатын), 37 адам  ақталды, 9 азаматқа қатысты медициналық шара қолданылды. Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен 5 адамға қатысты 5 қылмыстық іс қаралды. 2015 жылдың қаңтарынан бастап облыс соттары жаңартылған заңнамамен жұмыс істеді. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процесуалдық, Қылмыстық-атқару кодекстері және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі күшіне енген болатын. Жаңадан қызметке кіріскен  тергеу судьяларымен санкция беру туралы 933 өтініш және қылмыстық қудалау органдарының әрекетіне байланысты 84 шағым қаралды.  
Сот қызметінің маңызды буыны саналатын жеке қаулыларды шығару бойынша да біраз шаруалар атқарылды. Жеке қаулылар бойынша  сот тиісті мекемелер мен лауазымды тұлғаларға қылмыс жасауға ықпал ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделерiне елеулі түрде қысым жасайтын жайларға байланысты құзыретті органдардың заңсыздықтарға назарын аударады. Сот әрбір орган, ұйым, лауазымды тұлғаның атына жеке қаулы шығара алады.
2015 жылы құқық қорғау, мемлекеттік және басқа да органдардың атына 766 жеке қаулы шығарылған. Жеке қаулыларды талдау көрсеткендей, олар негізінен сот ісін жүргізудің бұзылу фактісінен, сарсаңға салудан, немқұрайлық пен жоғарыдағы аталған органдардың басшылары мен қызметкерлерінің кәсіби міндетін орындау кезінде жауапсыз қарауынан шығарылған. Соттың жеке қаулыларының мәні бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және оларды қамтамасыз ету, сонымен қатар, осындай қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтың алдын-алу мен ескерту болып табылады. Жеке қаулылар шығарылатын органдар, лауазымды тұлғалар жауапкершілік танытуға, кемшіліктерді жоюға, оны қайталамаудың тиісті шараларын қабылдауға және сотқа уақытында жауап беруге тиіс.
Сот төрелігін жүзеге асыруда оңтайландырудың бір бағыты соттың іс жүргізуінде электронды ақпараттық технологияларды пайдалана отырып ашықтықтың жоғары деңгейіне жету болып табылады. Сот жүйесін азаматтар үшін қолжетімді және оңтайлы ету мақсатында соттарда мынадай жұмыстар іске асырылды: Электрондық пошта мен SMS-хабарламаларды жөнелту арқылы сот процестерінің қатысушыларын хабарлау жүйесі; «Сот құжаттарымен танысу» сервисі; «Істердің қаралуы» сервисі; «Сот кабинеті» сервисі; «Сотқа шақыру қағазы» сервисі.
Сот кабинеті – бұл сот органдарына электронды түрде кіруге мүмкіндік беретін сервис. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өзіне ыңғайлы уақытта үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режимде «Сот кабинеті» интернет-сервисі (www.sud.kz) арқылы электронды түрде талап арыздарды беруіне, шағымдар мен өтініш хаттарды жолдауына, сондай-ақ сотта істің қаралу барысын бақылауына мүмкіндіктері бар. Облыс соттарының сот отырыстарының залдары түгел бейне және дыбыс жазу құрылғыларымен жарақталған. Сот жүйесінде қазіргі заманғы технологияларды қолдану мен енгізу сот төрелігін жүзеге асыруды жеңілдетуге, сот өндірісін автоматтандыру мен оңтайландыруға, ақпараттық технологияларды дамытуға, бюджет қаражатын үнемдеуге жағдай жасайды.
2015 жылдың шілде айында «Сот кабинеті» электрондық сервисін  дамыту және жаңарту мақсатында мобильді құрылғы арқылы сот органдарымен берілетін және  сервиске кіруді қамтамасыз ететін «Сот кабинетінің мобильдік нұсқасы» қосымшасы әзірленді. Қосымша жеке және заңды тұлғалар үшін оңтайлы, әрі  қолжетімді болып отыр. Жыл қорытындысына арналған бас қосуда облыстық соттың және алқалардың төрағалары журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар