Азамат абыройы

ол – әркім қажыр-қайратымен жетер биік

 

Ерейментау өңірі – қойнауы құтқа, әр белесі, әр төбесі тылсым тарихқа тұнып тұрған, шертер шежіресі мол, құнарлы өлке. Осынау Алаш жұртының ақ бесігіне айналған жер жәннатында елінің атын шығарған ерлері көп. Сол жерұйық іспеттес өлкеде жаратқан иеміз тұла бойына таланты мен талабын, қажыры мен қайратын молынан пішіп, кескін-келбетін ажарлы етіп жаратқан ел ағаларының бірі Төлеген Әжібайұлы.  
Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін бойындағы мол білімді, жалындаған жастық шақтың мұқалуды білмес қажыр-қайратын туған елдің мерейін үстем етуге, қоғамдық байлықты еселей түсуге арнады. Қотыркөл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын ойдағыдай аяқтаған соң «Ленин» атындағы кеңшардың бөлімшесінде еңбек әліппесін бастап, қайнаған ортаға бірден сіңісіп, өзіне тапсырылған кез-келген істі жоғары жауапкершілікпен атқара бастады және бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ал, Өлеңті халық депутаттары селолық кеңесінің төрағасы болып жүрген кезінде жалпақ жұрттың жайын ойлап, елді мекеннің ажарын көркейтуге, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бір кісідей ат салысты. Осы бір сындарлы кезеңде Төлеген Әжібайұлының бойындағы ұйымдастырушылық қасиет айқын көрінді. «Торғай» кеңшарының бас зоотехнигі, «Тимофеев» кеңшары партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезінде ілкімді істері ел аузына ілігіп, жақсы аты Ерейменнің еңселі биігіне, ұшы-қиырына көз жетпейтін шартарапқа, сол сайын далада күн кешкен бірлігі бекем, берекесі мол халыққа тарап кетті. Елдің атын ері шығарады деген осы. Сол елі өз ерін де құрметтей білді. Ал, «Горный» кеңшарының директоры болып қызмет істеп жүрген кезінде табаны тастан таймаған тарланбоздай айтарлықтай мол, әрі нәтижелі шаруа тындырды. Дәл осы кезеңде кеңшардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, көптеген тұрғын үйлер салынып, елді мекеннің көшелері абаттандырылып, бұрынғыдан да көркейе түсті. Өйткені, бұл елім деп елжіреп соққан жүректің жақсылыққа ұмтылысының нәтижесі еді.
«Ақдым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы ретінде де жаңа заманның соныға сүрлеу тартқан соқпағына түскен ізденісінің іздері әлі де сайрап жатыр. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ойға алған әр істі жеріне жеткізе атқару, соның нәтижесін көру бүкіл ғұмырын адал еңбекке арнап келе жатқан азаматтарға ғана жараспақ. Мынау жарық дүниеде кім шыққан төбесінің биік болғанын қаламайды дейсіз. Бірақ, сол биікке жету үшін де қиындыққа қарсы қояр қайратың, көкірегіңдегі қажырдың қоламтасын алаулататын намысың болуы шарт.
Адал еңбегі әрдайым лайықты бағаланып келеді. Кеудесіндегі «Құрмет Белгісі» ордені мен әлденеше медальдар сол еңбегінің өтелуі. Ал, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаты болып сайлануы ел тарапынан көрсетілген үлкен сенім. «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» деген абыройлы атақ Төлеген Әжібайұлының мәртебесін одан сайын биіктете түсетіндігі даусыз. 2014 жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ел ішіндегі соғыс және еңбек ардагерлерінің, жалпы зейнеткерлердің мұң-мұқтажын ойлап келеді. Бүгінде қол қусырып қарап отыруды жаны сүймейтін Төлеген Әбдин ел ішіндегі қадау-қадау жақсы істердің ұйытқысы болып, күні кеше қоғам байлығын еселей арттыруға бойларындағы бар күш-жігерді сарқа жұмсаған аға буынның басы ауырып, балтыры сыздаса, жанынан табылатын жанашыры. Жалқының ғана емес, жалпының жайын ойлаған жайсаң азамат қай кезде де өзінің өмірлік ұстанымынан сынық сүйем ажырамақ емес.
Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар