Жақсы іске жан сүйсінеді

 Астрахан ауданында кезекті жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Сергей Кулагин бірқатар нысандар мен шаруашылықтарды аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты, актив жиналысына қатысып, алдағы міндеттерді белгіледі.

Жұмыс сапарын Новочеркасск селосындағы жиһаз дайындаумен айналысатын шағын цехтан бастаған Сергей Кулагин аталмыш нысанда шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Жыл басында пайдалануға берілген цехта заманауи үлгідегі жиһаз түрлері шығарылады. Қажетті жабдықтар толығымен Алматыдан әкелініпті. Жеке кәсіпкер Дүйсен Сағатовтың айтуынша, келешекте кәсіпорынды кеңейтіп, шығарылатын өнім түрлерін көбейту жоспарлануда. Одан кейін Оксановка селосындағы егін және мал шаруашылығымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ат басын тіреген облыс әкімі мал қораларын аралап, жас төлдер тұратын орынды көрді.
Мағауия Қанапин жетекшілік ететін «Оксановка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы құрылған. Мал тұқымын асылдандыру әрі шаруашылықты кеңейту мақсатында 2011 жылы Германия-дан 146 бас Ангус және 44 бас Герефорд  асыл тұқымды ірі қара әкелген серіктестікте бүгінгі күнде 341 бас асыл тұқымды мал өсіріледі, оның 173-і сауын сиыр. 2012 жылдан репродукторлы шаруашылыққа айналған серіктестік осы күнге дейін 376 бас төл сатып, пайдасын көрген. 2014 жылы жалпы құны 170,0 миллион, 2015 жылы 115,4 миллион теңгеге ауыл шаруашылық техникалары сатып алынған. Ұжымда 39 адам жұмыс істейді, орташа жалақылары 81300 теңге. Істері өрге басып тұрған серіктестік сонымен қатар, бәйге аттарын баптаумен айналысады. Ағылшын тұқымды сәйгүліктер Польшадан, Ирландиядан арнайы әкелініпті.
80 орынға арналған Оксановка орта мектебінің ғимараты 2013 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған. Мұнда қазір 64 оқушы білім нәрімен сусындауда. Жалтыр селосында да өңір басшысы жергілікті мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулаторияда болып, қызметкерлермен кездесті. Аталмыш мекемелердің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, есік-терезелері, едендері жаңартылған.
Астрахан селосындағы «Алпамыс» балабақшасында облыс басшысын балғындар мен тәрбиешілер қауымы қуанышпен қарсы алды. Аталмыш ғимаратқа 2012 жылы облыстық бюджет есебінен жалпы құны 50,0 миллион теңгенің күрделі жөндеуі жүргізіліп, ішкі құрылыс пен сантехникалық жұмыстар атқарылған, жылу жүйесі мен шатыры толығымен ауыстырылған. 140 орынға шақталған мекемеде қазір 142 бала тәрбиеленуде. Қазақ және орыс тілдеріндегі алты топ жұмыс істейді. Ауданда үш жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту небары 81,7 пайыз. Астрахан селосының өзінде 253 бала балабақша кезегінде тұр. Осы орайда, өңір басшысы білім саласының басшыларына бұл көрсеткішті тез арада 100 пайызға жеткізу қажеттігін баса айтты.
№2 Астрахан орта мектебінің ұстаздар қауымы және болашақ түлектермен кездес-кен Сергей Кулагин жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалып отырғандығын атап өтті. Шаруашылық нысандарын аралап болған соң облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды толғандырып жүрген сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Активке жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Талғат Ерсейітов өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алда тұрған міндет жайлы баяндама жасады. Астрахан ауданының экономикасындағы негізгі рөл аграрлық секторға тиесілі. Өткен жылы 335 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар, көкөністер себілген. Егіннің орташа шығымдылығы гектарынан 11 центнерден айналып, аудан диқандары 345,4 мың тонна астықты еш ысырапсыз жинап алған.
Мал шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік бар. Мал басы жыл санап көбейіп, өнімдері де молаюда. Өткен жылы 7 мың тонна ет, 19,3 мың тонна сүт және 6,8 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Ауданда етті бағыттағы 3 репродукторлы шаруашылық жұмыс істейді, оларда шетелдік асыл тұқымды ірі қара өсірілуде. 14 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылған. «Сыбаға», «Құлан»,  «Алтын асық» бағдарламалары бойынша барлық жоспарлық көрсеткіштер артығымен орындалды. Есептік кезең ішінде аудан бюджеті 2486,8 миллион теңгеге толығып, өзіндік кірістер бойынша жоспар 108,8 пайызға жетті.
Ауданда 1352 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Білім беру саласында да біршама тәуір істер атқарылған. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Первомай, Астрахан және Новочеркасск орта мектептеріне жалпы құны 286,4 миллион теңгенің күрделі жөндеуі жүргізіліп, аудандық бюджет есебінен Астрахан №1, Жалтыр №2, Есіл орта мектептерінде 15,5 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу өткізілген.
Ауданда өткен жылы ана өлімі тіркелмеген, сәби өлімі, туберкулез ауруы біршама азайған. Алайда, онкологиялық және наркологиялық аурулардың өскендігі байқалады. Тұрғындарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында 500 жаңа жұмыс орны ашылған, соның ішінде тұрақты жұмыспен 136 адам қамтылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына 110 адам қатысқан.
Жиналысты қорытындылаған өңір басшысы астрахандықтардың өткен жылы атқарған істеріне оң баға бере келіп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттерді белгілеп берді. Сергей Кулагин өз сөзінде жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптестікті дамыту, шаруашылық нысандарын әлеуметтік мекемелер мен ғимараттарды жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына көптеп тарту қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың назардан тыс қалмауларын, оларды жұмысқа орналастырып, қоғам өміріне белсенді қатыстыруларын ескертті. Аз қамтылған отбасылардың балаларына еліміздің медициналық оқу орындарына түсулері үшін арнайы облыс әкімінің гранты тағайындалғандығын, осының арқасында өңіріміздегі дәрігер кадрлардың жетіспеушілігін шешуге болатындығын баса айтты.
Жиналыс соңында бір топ еңбеккерлер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Жанат СӘБИТОВ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар