Бесік жыры

 «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірде не қызықтың бәрі өлеңмен, ойласаңшы бос қақпай елең-селең» деп басталатын данышпан Абайдың өлеңін оқи отырып, басыма бір ой сап ете түсті. Біз ғой думаншыл халықпыз. Жайшылықта ауыз жаппас әншілігіміз бар. Түйе мінген қазақ төрт жол өлеңді жаңылмай айтады деп мақтанамыз. Қызара бөртіп қызып алған тойларда әннің неше түрін естиміз. Бұл кезде «әннің де естісі бар, есері бар» дегің келеді. Бірақ, айтар ойым бұл емес. Абай өлеңін оқып отырғанда, кейінгі кезде естілмей кеткен бір әуезді ырғақ жанымды әлдилеп, баурап кетті. Жиын тойдың әні бір басқа, ұлттық тәрбиенің бастауы болатын бесік жырының орны бір басқа. Ойыма сап еткен, тым-тым алыстан құлағыма жеткен ыңылдаған дауыс әжемнің бесік жыры болатын.

 

Қоңыр желі ақ селеуін тербеген, жазылып жатқан дархан дала көз алдыма елестеді. Кеудемде балалық шаққа деген бір сағыныш оянғандай болды, үнсіз отырып қалдым… Қолыма ұялы телефонымды алдым. Бірден жеңгеме хабарластым. Сыңғырлап күлген жеңгемнің дауысы естілді. Қысқа қайырып халін сұрадым да, «бесік жырын білесің бе?» – дедім. Ол тағы күлді. Маған жырдың сөзі керек болып тұрғандығын сылтаураттым. Ғаламтордан қарай салуымды өтінді.
Айтқанындай ғаламторды пайдаландым, гуглге (Google) бесік жыры деп жаздым да іздеу пернесін бастым. Бірінші кездескен besik.kz сайтының парақшасын аштым. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының үш қорқынышы жазылыпты. «Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген екен. Жеңгем маған өзі қатарластар  туралы баяндайтын  дұрыс бағытты беріпті. Мен де қорықтым, себебі бесік жырын ести алмай, өрелі сөзін, самалдай сазын сағынып отырмын.
Ілкі заманнан қазақи тәрбие тал бесіктен басталатынын білетінмін. Бесіктен белі шыққанша тәрбиелейтін, ақылын айтатын. Сондағы тәрбиелеудің алғашқы құралы – әні де, сөзі де жеңіл бесік жыры болатын. Ақ бесікті тербеген әже, бесікке сүйеніп отырған жас келіншек мейірім мен махаббатқа толы жүрекжарды ақ тілектерін ән етіп әуелетіп отыратын. Сол бір кезеңді сағынып кеттім. Көз алдыма елестеткім, әнін естігім келді, ол да болмады.
«Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген». Сол сырдың кілті, қайнар көзі, тұнық бастауы бесік жырында жатыр. Ал, біз бесік жырынан алыстап барамыз. Демек, қазақи қасиетімізден алыстауға бет алдық. Бұл қауіпті. Қазақ қасиетінен айырылуға тиіс емес. Бұл жазғаныма біреулер намыс-танар, бірақ айналаңызға қараңызшы барлығы батысқа еліктейді. Айқай-шулы музыкаға құмар, жанын беріп жұлқынып билейді. Қыздардың
бойында кешегі қазақи биязылық, көркем мінез азайған. Неге олай, ойланып көрдік пе?
Меніңше жастайынан ұлттық тәрбиеге сусындамағандықтан. Бесікке бөленіп бесік жырын сезінбегендіктен. Бесік жырында тамырын тереңге тартқан тағылым бар. Оны естіп өскен бала ұлттық тәрбиені тез сіңіреді. Ұлттық танымға жат дүниелерді қабылдауға көп бет бұра қоймайды. Себебі, тәлім алған мектебі басқа және өз елінің мінезін бесікте жатып-ақ бойына дарытқан. Түркі халықтарының бесік жырларын зерттеген татар ғылымы Ирина Карабулатова: «Бесік жырында халық даналығы мен сұлулық қабысып жатыр. Әр халықтың ұлттық тәрбиесі, салт-дәстүрі, өнері бесік жырынан бастау алады», – дейді. Сәби миындағы нейрондар даму үшін бесік жырынан артық дәрумен таппайсыз. Дәрігерлердің зерттеуінше қазіргі жастардың 70 пайызының жүйке жүйесінде ауытқулар бар («Ақжүніс-Астана» журналынан). Сенсеңіз мұның ең жақсы емі бесік жыры екен. Ауырсақ дәрі іздейміз, мен сізге ауырмаудың жолын айтып отырмын.
Мақала жазу барысында Гүлсім әжені сөзге тарттық. Апамыз баланы бесікке салу дұрыс екендігін, бірақ келінінің келіспейтінін айтады. Ол келіні үшін сәбиді қинау сияқты көрінеді. Біздіңше, бесікке бөлеу сәбидің қол-аяғы түзу, қалыпты жетілуіне әсер етеді. Ал, бесік жырын білмесе де, заманауи әндерді айтып отырады екен. Әжеміздің өзінен бесік жырын сұрағанымызда «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем», – деп бастап бір-екі шумақ қайырды.
Бесік жырын жас аналар жатқа білсе, балаларының болашағы үшін маңызды. Бесік жыры ойлау және есте сақтау қабілетін күшейтумен бірге, бала тілінің ерте шығуына да көп ықпал етеді. Ал, тәрбиелік маңызы тіпті ерекше. Жыр мазмұнынан ұлтқа, ұлттық тәрбиеге қажет барлық элементтерді табасыз. «Айдай ару боларсың, шолпы, шашбау тағарсың. Анаң айтар ақылды, шырақ қылып жағарсың». Жыр мәтінінен қыз балаға арналғанын бірден байқайсыз. Ананың балаға деген жылулығы мен тәлімдік, танымдық мәні де сезіліп тұр. «Құрығыңды майырып, түнде жылқы қайырып, жаудан жылқы айырып, жігіт болар ма екенсің». Мұндай жыр естіп ер жеткен бала батыр болмай кім болады. Қай жырда да қазақилық бұрқырап тұр байқайсыз ба? Ұлтжандылыққа тәрбиелеу осылай бастау алуы керек.
Менің бір досым баласын Людвиг ван Бетховеннің классикасымен жұбататын көрінеді. Қанша жерде классика дегенімен, қазақтың төл тумасы, ұлттық мұрасына қайдан жетсін. Бесік жырын насихаттайтын әжелеріміз жоқ. Еркіндікті келінге беріп қойып отырғаны жараспайды-ақ. Бірақ, ұлттың болашағына олай бейқам қарауға болмайды ғой. Қазақ даласының рухани шежіресін тарқатар болсақ, ғайып болған ғасырларға, көне дәуірлерге сүңгиміз. Біздің заманымыздан бұрын ауызша таралған өлең-жырлардың, көне түркі дәуірінің, орта ғасырлардың барлық маржандарын, пәлсапасын өзіне қабылдаған туынды – бесік жыры шығар деп ойлаймын. Себебі, бесік жыры – ең көне жыр болып есептеледі. Демек, тұтас тарихымыздың тұнықтарын бесік жыры бойына толық сіңірген. Болашақ ұрпақтың тамырына ұлттық нәр, ұлтжандылық қасиет беретін вакцина – бесік жыры боларына талас жоқ. Сондықтан, жас-тар бүгін естіп ертең ұмытылатын шетелдік эстрадаға қызықпай, қолда бар құндылықты сақтап қалғаны дұрыс. Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, ана сүті балаға берілген соң, бесік жырын да оқуды міндет деп білгеніміз абзал. Абай өлеңін оқып отырып келген ой, бұл мақаланы жазуға итермеледі. Құлағыма алыстан жететін бесік жырының әуенін, алда жас аналардың аузынан естісем, сағынышыммен бір кездесер
едім.

Ақынбай СӘРСЕНБИ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар