Асқынбаса айығуға болады

Жыл сайын әлемде осы дерттен 2 миллиондай адам қайтыс болып, 22 мил-лион адам ауруға шалдығады екен.

Ақмола облыстық онкологиялық диспансері биылғы жылдың 1-10 қаңтары аралығында онкологиялық аурулардың алдын алу және дертті дер кезінде анықтау мақсатында онкүндік жариялап отыр. Онкүндік барысында онкологиялық диспансердің дәрігерлері жергілікті жерлерге шығып, аурудың алдын алу шараларын өткізеді және ақпарат құралдары арқылы халықтың назарын дерттің алдын алу шараларына аударады.
Онкүндіктің беташары ретінде облыстық онкологиялық диспансері ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Диспансердің бас дәрігері Марат Оспанов журналистерге облысымыздағы жүргізіліп жатқан  қатерлі ісікті емдеу және оның алдын алу шаралары жайында жан-жақты баяндап берді. Бүгінгі таңда төрт стационарлық бөлімшесі, 180 орындық ауруханасы бар онкологиялық диспансер қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды емдеумен айналысуда. Ертеректе емі жоқ дерт саналатын қатерлі ісіктен толықтай жазылып кетпесе де, дертке бой алдырмай, дәрігерлердің көмегімен бес, он, жиырма жылдан астам уақыт өмір сүріп жүрген адамдар бар және ондайлардың қатары уақыт өткен сайын молайып келеді екен.
Өткен жылы облыста 1807 адам қатерлі ісікке шалдыққаны анықталып, есепке алынған. 2014 жылы 1927 адамның аталмыш дертке шалдыққанын ескерсек, ауырғандар саны аздап кемігенін бағамдауға болады. 100 мың адамға шаққанда осы дертпен ауыратындар саны 6,3 пайызға кеміген. Дегенмен, бұл көрсеткіш арқаны кеңге салуға негіз бола алмасы анық. Өйткені, қатерлі ісіктің бетін қайтару үшін дәрігерлердің күш салуы жеткіліксіз, ең алдымен адамдардың өздері өз денсаулықтарына жете көңіл бөлулері қажет. Қатерлі ісікті тек асқынбай тұрған кезінде ғана емдеуге болады.
Онкологиялық диспансердің бас дәрігері Марат Оспановтың айтуынша,  материалдық жағынан қамтамасыз ету жағдайы өте жоғары деңгейде. Диспансерде қазіргі заманғы ең озық құрылғылар жұмыс жасайды. Дәрі-дәрмекпен қамту жайы да толық шешілген. Ең бастысы, қатерлі дертке шалдыққандар тегін емделеді. Оны айтасыз, Үкімет қабылдаған ережеге сай қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі алу және диспансерге барып көрініп тұруы үшін айына отыз мың теңгенің көлемінде жәрдемақы да тағайындалады екен. Білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы да біршама ойдағыдай шешілген. Мұнда өз жұмысын жетік білетін білікті мамандар қызмет етеді.
– Қатерлі ісікке шалдықпаймын деп ешкім де айта алмайды. Бұл аурудың қатерлілігі сол, ол тек арнайы құрылғылардың көмегімен ғана анықталады және асқынбай тұрып емдегенде ғана нәтижеге жетуге болады, – дейді онкологиялық диспансердің бас дәрігері. Осыған байланысты әрбір адам жыл сайын дәрігерлік тексеруден өтіп тұрғаны  абзал.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар