Ілгерілеу – міндет

Елбасының 2013 жылғы  15  тамыздағы  «Әкімдердің  халық алдында  есеп  беру   кездесулерін  өткізу  туралы» Жарлығына орай, бүгінгі таңда барлық деңгейдегі  әкімдердің  тұрғындар  алдында кезекті  есеп  беру кездесулері өткізілуде. Осы орайда, Еңбекшілдер ауданының әкімі  Асқар Қиықов Аңғал батыр атындағы ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндады және қойылған сауалдарға жауап берді.

Аудан әкімі алдымен, кен  өндіру, өңдеуші кәсіпорындар  және  ауыл шаруашылығы саласы туралы сөз сабақтады. Өткен жылы кәсіпорындар 11,9 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Көрсеткіш 2014 жылғы деңгейдің 95,6 пайызын құрайды. Аудандағы  агломериаландырылған   темір  кенін  өндіретін «Өркен-Атансор» серіктестігі, уран  өндіретін «Семізбай-U» тау-кен  кәсіпорны, қорғасын концентратын  шығаратын  «Жаңалық GOLD» серіктестігі бюджетке  қомақты қаржы құюда.  Жылына 2 миллион тонна цемент өндіретін «Көкше-Цемент» зауыты да  іске қосылатын күн алыс емес.
– Ауыл шаруашылығы өнімнің жалпы көлемі 13,1 миллиард теңгені құрады. Бұл облыс бойынша жақсы көрсеткіш. Өткен жылы егістік алқаптары кеңейтіліп, 166,5 мың  гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар  себілді. 137 мың гектар алқаптағы астық пен 17 мың гектардың майлы дақылдары шашпай-төкпей жинап алынды. Гектар берекесі  12 және 5,7 центнерді құрады. Қамбаға 145 мың тонна астық, 9,7 мың тонна майлы дақылдар құйылып, 10 мың тонна картоп, 1323 тонна көкөніс жиналып алынды. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мемлекеттік қолдауға ие болып, 1,4 миллиард теңгені игерді. Егіншілік  шаруашылығына субсидия берілді. Гербицидтер бағасы арзандатылды. Минералды тынайтқыштарды сатып алуға 87 миллион теңге, мал шаруашылығына  1 миллиард теңге бағытталды. Сондай-ақ, науқандық дала жұмыстарына «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 133 миллион теңге несие мен жеңілдетілген бағамен 4 мың тоннадан астам жанар-жағармай бөлінді. Өткен жылы 581 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы техникалары  сатып алынды. Малды қыстату үшін  шөптің  бір жарым жылдық қоры дайындалды. Егістік алқаптары төрт рет өңделді, 4,3 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізілді, – деді аудан әкімі өз есебінде.
127 мың тонна астықтың  87 пайызы 3 класты.  «Сарытомар», «ҚазГер», «Аскоп», «Агрофирма Берекет», «Баймырза Агро» серіктестіктері, «Арман», «Юркин», «Әли», «Мереке» шаруа қожалықтары сияқты бірқатар кәсіпорындар гектар берекесін арттырып, 16 центнерге дейін астық жинады. Мол астықтың арқасында  аудан алдыңғы жылдары алған несиесін қайтарды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында бағымдағы малдың саны көбейді. «ҚазГерҚұс» құс  фабрикасындағы құс саны 1,3 миллионды құрап, 297 миллион дана жұмыртқа, 336 тонна ет өндірілді.  Экспортқа 263 тонна ет және 32 миллион дана жұмыртқа шығарылды. «Кaz Beef LTD» серіктестігінде 5856 бас ірі қара мал бағылады. Мұнда 417 тонна ет өндіріліп, 214 тоннасы экспортқа жіберілді. Макинка селосында 13,7 мың қаз бен үйрек ұстайтын кәсіпорын жұмыртқа мен ет өндіруде. Өткен жылы ауданның кәсіпорындары 4705 тонна ет, 16275 тонна сүт, 291 миллион дана жұмыртқа сатты. Баймырза ауылындағы «Альянс Агро Баймырза» серіктестігінің тауарлы сүт фермасы, Невский және Баймырза елді мекендерінде  ірі қараларға арналған тауарлы сүт фермаларының құрылысы аяқталды. Ауданда  сегіз  мал сою  пункті  жұмыс істеуде. Степняк қаласындағы ветеринарлық зертхана малдың инфекциялық ауруларына қарсы диагностикалық зерттеулер жасауда. 2015 жылы 84 мың 298 гектар ауыл шаруашылығының жері кері қайтарылып алынды. Жерді дұрыс пайдаланбағандарға шара қолданылады.
Ауданда 599 шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 2775 адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 10 жоба мақұлданып, 6 жоба жүзеге асырылды. Былтырғы жылы Еңбекшілдер ауылдық округінде «Астық Гарант» серіктестігі 25 миллион теңгенің қондырғысын сатып алып, биоотын өндіретін  зауыт ашты. 2015 жылы негізгі капиталға 5,3 миллион теңге инвестиция тартылған. 1,4 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды.  1203 шаршы метр тұрғын үй салынды. Мақпал ауылындағы мектеп биылғы жылдың 2 тоқсанында пайдалануға беріледі. «Степняк су» коммуналдық кәсіпорны арнайы техникалар сатып алды. Облыстық бюджеттен бөлінген 50 миллион теңге Степняк қаласының жолдарын жөндеуге жұмсалды. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп, 3,3 шақырым жылу құбырлары, 9 шақырым су құбырлары жөнделді. Орталық қазандыққа 3 жаңа бу қазандығы орнатылды.  Елді мекендерді абаттандыруға бөлінген 8,8 миллион теңге игерілді. Жаз айларында аудан бойынша 10800 текше метр күл-қоқыстар шығарылды, мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды, 3200 шаршы метр гүлзарлар мен гүлбақтары тәртіпке келтірілді, шарбақпен қоршалды. Саябақта жарықтандырылған хоккей алаңы пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда ауданның барлық бюджеттік мекемелері жылу беру маусымына отын қорымен 100 пайыз қамтамасыз етілген.  
Былтырғы жылы 275 адам жұмысқа орналастырылды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 15 адам 38 миллион теңгенің шағын несиесін алды. Өткен оқу жылы 117 түлек мектепті аяқтады. ҰБТ нәтижесі 67,8 балды құрады. Жоғары оқу орындарына 75 түлек, колледждерге 44 түлек оқуға түсті. 2009 жылдан бері  аудан орталығындағы  балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі туындауда.  Осы орайда 2016-2017 жылдары Степняк қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында демеушілер есебінен типтік үлгідегі балабақша құрылысы басталатындығын атап өткен жөн. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Макинка орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан орталығындағы оқу-өндірістік комбинатында 210 оқушы В, С санаттағы жүргізуші, автомеханик, тігінші, хатшы-референт, ЭЕМ операторы, тракторшы,  ағаш өңдеуші және құрылысшы мамандықтары бойынша оқиды. Ауданның  денсаулық саласына  орталық  аурухана,  емхана, дәрігерлік  амбулатория, 3  фельдшерлік  амбулатория  және  30 медициналық пункттер енеді. Аудан тұрғындарына 23 дәрігер  қызмет көрсетеді.  2015 жылы ауданға 4 жас дәрігер келді. Өкінішке орай, жас мамандарды қызметке тартуға  тұрғын  үй  мәселесі қолбайлаушылық  жасайды. Денсаулық сақтау саласында  невропатолог, онколог, рентгенолог, эндокринолог, дерматовенеролог тәрізді дәрігерлер жетіспейді. Ауданда өткен жылы бала туу көрсеткіші төмендесе, ана өлімі және туберкулез ауруына шалдыққандар болған жоқ. Жүйке жүйесінің бұзылуына әкеліп соғатын  ауру саны азайды. Облыстық іс-шаралар тізімдемесіне кірген, ауданымызда  атқарылуға тиісті, бақылауда тұрған   10 тапсырманың бүгінгі күні алтауы жүзеге асырылса, қалған тапсырмалар белгіленген жоспарға сәйкес, осы жылдың І тоқсанында орындалатын болады.
Жоспар бойынша 2016 жылдың ІІ жартыжылдығында қуаттылығы  жылына 2 миллион тонна өнім өндіретін   «Көкше-Цемент» зауыты пайдалануға беріліп,  700 жұмыс орнын ашу жоспарланған.  «ҚазГерҚұс» серіктестігінің   екінші құс фабрикасы ағымдағы жылдың І тоқсанында пайдалануға беріледі. Мұнда  жылына  300 миллион  дана  жұмыртқа өндірілмекші. «Байлөсті-Алтын» серіктестігінің қайта жанданып, іске қосылуына  үміт артылып отыр. Алтын өндіретін кәсіпорында 80 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Степняк қаласындағы 21 пәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтау қажет. Қазіргі кезде тұрғын үй кезегінде 250 адам тұр. Оның ішінде жетім  балалар,  мүгедектер  тәрізді өзге де әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар,  бюджет саласының қызметкерлері бар. Көп  жылдардан  бері  облыстық  маңыздағы Степняк-Уәлиханов, аудандық маңыздағы Степняк-Аңғал батыр ауылы  көлік жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері көтеріліп келеді. 1956 жылы салынған Невский орта мектебінің ғимараты мен  спорт  залы  ескірген. Сондықтан да, бүгінгі күні күрделі жөндеу  жұмыстарын  талап  етеді. Өткен жылы біршама жұмыстар атқарылды.  Биыл да шешімін күткен мәселелер жетерлік. Олар кезең-кезеңмен орындалады.
Жиналыс соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарының  сауалдарына тұшымды жауап қайтарды. Жергілікті тұрғындар да аудан әкімінің жұмысына оң бағасын берді.
Ризагүл АЗНАБАЕВА.
Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар