Далада бала жата ма?..

Әлди, әлди баладан,
Тауып алған даладан.
Далада бала жата ма?
Түсіп қапты шанадан…

Кейінгі кезде осы әнді жиі айтатын болып жүрмін. Кішкентайымнан құлаққа сіңген ән еді. Бірақ, оның сөзі ұнамайтын. Ол бала қалай шанадан түсіп қалады? Қалай далада жатады? Баласының түсіп қалғанын байқамайтын не қылған ата-ана? Біреу тауып алғанша үсіп кетпей, қалай жата береді? деген күдікті ойлар келетін… Сөйтсем, далада ғана емес, жол бойында да, картон қорапшада да, әжетханада да жата береді екен. Шанадан емес, көліктен де түсіп қалатын көрінеді… Айналасы бір аптаның ішінде төрт сәби осындай жайды бастан кешкен… Бұқаралық ақпарат құралдары шулап жазып жатыр.
Соңғы кезде біз неге жақсылықты айтпайтын, игілікті дәріптемейтін болып барамыз?! Отты ошағында өшіру керек емес пе еді. Жарияламау керек. Ушықтырмау керек. Бәлкім, бірінші баланың табылғанын айтпағанда, екінші ана баласын қорапшаға салып тастамайтын ба еді?!
Неге менің әкем алты балалы, шешем он балалы отбасынан. Ал, біз үш бала ғанамыз. Неге «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда жер қайысқан қол едік!» деп Махамбетше тебірене алмай жүрміз?! Неге көпбалалы отбасылар туралы осылай жарияға жар салмаймыз?
Жамбыл облысында көліктің терезесінен лақтырылған сәби туралы телеарна жаңалықтарынан естіген бойда көкшетаулық ақын Оюлы Қуаныш Оспанов Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Жанайқай» атты өлеңін жариялады. Оны аз күннің ішінде мыңдаған адам өз парақшасына көшірсе, енді біреулер сол өлеңге бейнебаян жасап та үлгеріпті. Сайттар мен телеарналардан түсетін түрі жоқ.
Күні кеше ғана бір белгілі телеарнадан республикамызда оқушылардың жүкті болып қалуынан Ақмола облысы бірінші орында, – деді.  Ұят. Қорқынышты. Қыздарыңыз, қарындастарыңыз өсіп келеді. Оларға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз ба?
Осы жайында Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Ақмарал Жартановадан сұраған едім. – Бала деген жас шыбық сияқты. Оны қалай исең, солай өседі. Күтіп, баптасаң түп-түзу, тіп-тік бәйтерекке айналады. Мұндай жағдайлардың көптеп орын алуы  тәрбиеден. Біз көп жағдайда балаға көңіл бөлмейміз. Сосын қисық өседі, – дейді ол.  
 Күнімен жұмыстамыз. Кешкі ас үстінде ғана жиналамыз. Оның өзінде әке-шешесі сериал көріп, балалары ұялы телефондарын шұқылап өзімен-өзі отырады. Ашылып әңгімелесу жоқ. Әрі кетсе баласынан сабағыңды оқыдың ба? деп сұрайды, ол әлбетте, оқыдым дейді. Тексермейді. Қалай өсіп, қалай бойжетіп келе жатқанын, кіммен араласатынынан бейхабар. Әлеуметтік желіде кімге не жазады? Кім оған не жазып жүр? Білмейді. Баласы ұялы телефонына кілт, код, пароль қойып құлыптап тастаған.
Жағымсыз жағдай орын алса, мектепті кінәлаймыз. Бірдеңе дұрыс болмаса, мектеп директорынан бастап, сынып жетекшісіне дейін бәрін аяғынан тік тұрғызамыз. Ал, бұл кезде ата-анасы сыртта, «судан таза, сүттен ақ» болып қала береді. Бұрын біз бала болған кезде, баласы бірдеңе бүлдірді ме, ата-анасына хат жазатын. Олар баласының тәрбиесіне жауап беретін.
– Мектеп жасында жүкті болып қалу ешкімге де абырой әкелмейтіні белгілі. Ондай жаман атқа қалмау үшін мақсатты жұмыстар жүргіземіз. Оқу жылының басынан бастап соңына дейін ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Бізде ата-аналар комитеті де бар. Академик Мәлік Ғабдуллиннің «Ата-аналарға кеңес» деген еңбегі бойынша жұмыс жасаймыз.
Бұрын біздің ер балаларымыз қызға қарындасым деп қарап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайтын. Ал, қазір ол да өзгерген. Тек қызды кінәлай бермей, ұлдың да тәрбиесіне көңіл бөлу керек, – дейді Ақмарал Қайроллақызы.
Осы мектептің әлеуметтік педагогы Құндыз Нұрханқызы болса, мұндай жағдайлар көбіне толық емес отбасыларда орын алады. Қазір жалғызбасты аналар көбейді. Мысалы, біздің мектепте 171 оқушы толық емес отбасыдан. Кейбіреулерінің әкелері жоқ болса, енді бірі ажырасқандар. Азаматтық некеден дүниеге келген балалар да бар. Әкенің, не шешенің жоқтығы бала тәрбиесіне де қатты әсер етеді. Және ол жақсы жағынан емес.
Тағы бір айта кетерлік жайт – теледидардан көрсетілетін фильмдер мен жарнамалардың ұятты нәрселерді көрсетуі. Бәріміз жақсы білетін телеарна «отбасымызбен бірге көрейік» деп қыз бен жігітті сүйістіріп қояды. Сонда ата-анасымен отырған қазақтың балаларына «отбасыңмен бірге сүйіскенімізді көріңдер» дегені ме? Ал, Ресейдің «Беременна в 16» деген бағдарламасы не үшін керек? Осындай дүниелер баланың санасына кері әсер етеді, – дейді.
Осы сұрақтарды психологқа да (атын жария етпеуін өтінді) қойдық. Біздің қоғамда жаман пікір көп. Ненің ақ, ненің қара екенін әлі айырып үлгермеген қыз жүкті болып қалды екен деп, оның болашағына балта шабуымыз керек пе? Кім қателеспейді? Біз оларды ұрсып, жекіп, балағаттағаннан басқа не істей алдық? Осындай жағдайдың қайта орын алмауы үшін не істедік? Алдын алу шараларын жасамаймыз, керісінше кінәлі адамға тиісе береміз. Бүгінде көбейіп кеткен түрлі ток-шоуларда да жиналып алып кінәлі адамды жамандаймыз. Одан әріге бармаймыз.
Мектепте тентек, тәрбиесі нашар балаларды қиын бала қатарына енгізіп қоямыз. Айналасы сондай қиын балалар болса, ол оқушыға сен қиын бала қатарындасың десең, оның әр қадамын аңдысаң, жүйкесіне тие берсең, ол қиын бала  болмай қайтеді?! Үйдегі ата-анасымен қарым-қатынас жетіспейді. Бала анасына ашылып ештеңе айта алмайды. Жалғызсырайды. Сосын сырттан дос іздейді. Интернетке, әлеуметтік желіге тәуелділік басталады. Сондықтан болар, әлем бойынша біздің ел суицидтен үшінші орында, ТМД елдерінің ішінде бірінші орында болуы. Баланың өзіне-өзі қол жұмсауының 90 пайызы жалғыздықтан екен.
Біздің қоғамда авторитарлық көзқарас басым. Балаларымызға бала ретінде емес, бағынышты адамымыз ретінде қараймыз. Үстемдік көп. Ағылшын мамандары қазақ балаларының зеректігі сондай, ағылшын балалары 5 жылда үйренетін нәрсені 2 жылда меңгеріп шығады. Бірақ, сендер неге оларға қатты ұрсасыңдар? – деп қайран қалады. Шынымен, неге шектей береміз?  Ананы айтпа, мынаны істеме, деп ұрсамыз. Ол да дұрыс емес. Баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру керек. Сырлас бола білуіміз керек. Ол туған ата-анасынан қорықса, кімнен пана
табады?
«Бала адамның бауыр еті» дейді қазақ. Сол бауыр ет баламыздан безу, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеу – жоғарыда айтылған келеңсіз жайлардың басты себебі осы. Ойланайық, ағайын!..

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі мен облыстық білім басқармасының  2015 жылғы мәліметі:

18 жасқа толмай жүкті болып қалған қыздар:
• 57 қыз, оның 25-і күйеуге шыққан;
• 9-ы басқа облысқа кеткен;
• 9-ы жасанды түсік жасатқан;
• 30-ы босанған;
• 9-ы жүктілік мерзімінде.
Жасанды түсік жасатқандар:
• Барлығы – 3962;
• Алғаш жасанды түсік жасатқандар – 615;
• 14 жасқа дейін – 2;
• 15 жасқа дейін – 3;
• 15-17 жас аралығында 47 қыз, соның 41-і алғаш жасатқан;
• 19-29 жас аралығында 1961 қыз, алғаш жасатқандар – 458;
• 30-49 жас аралығындағы әйелдер саны – 1910, алғаш жасатқандар – 86.

Отбасындағы түрлі себептерге байланысты тіркелген  бала өлімі:
2014 жылы 13 бала қайтыс болса, 2015 жылы 20 бала қайтыс болған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар