Аңқылдап ақын келді Алатаудан!

Ақын өлең оқып тұр:
…Ауылда той, кетіп ек сайға қашып,
Маңғазсынған шыңдар да айға ғашық.
Ерінге ерін тигенде шоқтай қарып,
Біз отырмыз үн-түнсіз аймаласып.

Ауылдан келген бозбала шағым. Бірден көз алдыма туған ауылым елестеп, ойыма жыл сайын жазғы демалысқа ата-әжесінің үйіне келетін қаланың еркетотай қызы оралды. Сол сәтте бойымды әлдебір сағыныш билеп кетті. Ауылды ма, әлде анау қызды ма, әйтеуір, біреуді қатты сағынғаным есімде. Содан осы ақынның «Ауылда той» деген өлеңін жаттап алдым. Ол ақын – Ерболат Баятұлы еді.

 

Алтайдан түлеп, Алатауға бір қонып, Көкшетауда тұрақтап еді, қайтадан тұғырынан дүр сілкініп ұшты. Алматыны бетке алды. Бара салып:
Өткен күндер сірә да жоғала ма?
Биіктерге ұшырсын қанат дәйім.
Отыз жылда оралдым сол араға,
КазГУград. Бау-бақша. Сол ақ қайың… – дейді.
Бозбала шағының белгісіндей болған ақ қайың Алматысын  тауып алды. Онысы сол бәз баяғы қалпында ма екен?
Қайыңға иық тіреп түскен суреті мен өлеңін Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан оқи сала, іштей сүйсініп, Ер ағам Алматының ақ нөсеріндей төгілейін деп тұр деген едім. Айтқанымдай, араға 3-4 ай уақыт салып, ағам бір емес, қос кітабым шықты деп сүйіншілеп қоңырау шалды.  
Отыз жыл бұрын ұмытып кеткен арманыңа тағдыр қайта табыстырса қандай күй кешер едің? Ол кеткенде шығарып салған ақ қайың Алматысы отыз жылда өзгерген екен. Ол туралы:
Көңіл деген қимайды көз көргесін,
Талай дүние сыр қылып салды ойыма.
Мен де жүрмін, сен тұрсың, өзгергенсің,
Беріштеніп, без бітіп тал бойыңа
немесе
Қарайыпты сенің де ақ көңілің,
Біздің басты айғыздап қырау шалды,
– дейді ақын.
Дүние орнында тұрмайды. Дәурен көшеді. Ол кешегі Мағжанның да басынан ауған. Мағжан демекші, Мағжанның жұмбақ тағдыры туралы әр қилы пікірлер бар. Біз мектепте оқып келген қазақ әдебиетінде Мағжан 1938 жылы атылды делінген. Ал, Бауыржан Момышұлының естеліктерінде ақынды 1949 жылы көргендігін айтады. Мағжан Магаданда тіпті, 1951 жылдың көктеміне дейін тірі болды деген де пікірлер бар. Бұл тақырыпта Ерболат Баят та қалам тербеген. «Ақын және ақ тырна» деген өлеңінде Мағжан болып толғанып, аса бір сезімталдықпен, нәп-нәзік лиризммен, табиғи тұнықтықпен еркін жазып шыққан.
Тырна ұшты ақынның төбесінен,
Көктем жырын әндетіп, тыраулаған
немесе
Көктем келсе Сібірді бетке алатын
Ақ тырнадан бір хабар еститіндей,
Абақтыда аһ ұрып жатқан ақын,
– дейді.  
Көктем келсе Сарыарқаны көктеп өтіп, Сібірді бетке алатын тырналар тізбегінен туған жердің сәлемін қабыл алып тұрғандай болған Мағжан образы көз алдыңа келеді. Үнсіз мұңаясың. Үгіліп, мүжілесің.
Көш артынан шұбырып көш ереді,
Көгертпеді бұл заман көсегені.
Алаш деген жұрт қайда, азған-тозған,
Маңдай соры не қылған бес елі еді?!.

Басымнан ұшқан құстай бақ думаным,
Сұм заман жақынымды жат қылғаның.
Ұшар едім Ертіс пен Есіл бойлап,
Қанатын алсам егер ақ тырнаның,
– бұл Мағжан. Мағжанның жан күйзелісін жеткізе алған Ерболат.
Ақын қалды мұң айтып ақ тырнаға,
Елу бірдің көктемі… Магаданда. Мағжанның туған жерге деген сағынышын осылай өлеңмен сөйлетті. Ал, өзі туған топырақты қалай жырлады екен?
Алтайдың арғы жағы кер беткейлі,
Төбесіне шығармас төрлет мейлі.
Кер беткейден ғасырға көш түзеген,
Көз алдымнан кешегі ел кетпейді,
– дейді.
Туған жері Өр Алтайдың бекзада болмысын, тұрған жері Көкшетаудың мөп-мөлдір тазалығын өлеңіне дарытқан Ерболат Баят ертеден салса, кешке озған, ылдидан салса, төске озған, тақырып таңдамайтын ақын.  Оның өлеңдері отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын бұрынғының батырларындай кесек әрі өміршең. Өлеңдеріне баға беруден аулақпын. Әдебиеттанушы ғалымдар, азулы ақындар берер бағасын беріп, әлдеқашан мойындап қойған. Менікі тек жақсы өлең оқығандағы жан қуанышы мен ақынның Алатаудан Көкшетауға келе жатқанын сүйіншілеу.
P.S. Ерболат Баяттың «Уақыт белдеуі» атты кітабының тұсаукесері Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ақпан айының 5-і күні, сағат 16:00-де болады. Көреміз деген, өлең іздеген жандар болса,
мархабат!   

Мерген ТОҚСАНБАЙ,
ақын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар