Қатерлі дерт кейін шегіне бастады

Елбасы Жолдауында көрініс тапқан денсаулық сақтау саласының алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру халықтың денсаулығын нығайтып, орташа өмір сүру жасын ұлғайтуға, медициналық қызметтің сапасын жақсартуға игі ықпалын тигізетін болады.

 

Бұл үшін республикада туберкулезбен күрес бойынша да кешенді жоспар дайындалып, бекітілді. Осы кешенді жоспарға сәйкес, біздің облысымызда да іс-шаралар жоспары әзірленіп, туберкулезбен сырқаттану және  қайтыс болуды төмендету бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі қазірдің өзінде анық көрініп отыр. Ақмола облысы тұрғындарының туберкулезбен сырқаттану көрсеткішінің  2,5 есеге, қайтыс болу деңгейінің 4 есеге дейін азаюы осының дәлелі.
2009 жылы  туберкулезбен жаңадан  сырқаттанғандар саны 1200 адамды құраған болса, 2014 жылы  571, ал биылғы жылы   537 науқасқа дейін кеміді. Қазіргі уақытта   Ақмола облысында   туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 880 науқас диспансерлік есепте тұр,
Балалар мен жасөсіпірімдер арасындағы сырқаттанушылық деңгейі де едәуір төмендеді. Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жаңа ғимараты балалар мен жеткіншектер үшін 70 кереуетке лайықталған. Бүгінде осы стационарда 20-ға жуық балалар мен жеткіншектер емделуде. Бұл жайдың өзі балалар арасындағы қатерлі дерттің біршама кемігенін айғақтайды.
Осы орайда,  мына бір келеңсіз жай туралы айтпай кетуге болмас. Тұрғындардың арасында түрлі діни сенім-нанымдарға байланысты дәрілік препараттар қабылдаудан, алдын ала жасалатын екпелерден бас тартушылық орын алып жатады. Өкініштісі сол, мұндай қателіктің ауыр салдары болуы мүмкін. Ең алдымен, манту сынамасы   қауіпсіз және де ол жұқпалы аурулардың деңгейін анықтайды. Биыл 11 мыңнан артық жаңа туған бала БЦЖ екпелерін алды. Егер бұл екпелерді алмаса, бала туберкулезбен ауыратын адаммен байланысқа түскен жағдайда дерттің асқынған түрлерін жұқтырып алуы әбден ықтимал. Бұл өте қауіпті, салдары да ауыр болмақ. Сондықтан да, алдын алу екпелерінен қорықпау керек.  
Егер екпе нәтижесі оң болса,  рентгенологиялық тексеріс пен толық тексерілуден өту ұсынылып, химиялық препараттар тағайындалады. Бүгінгі таңда рес-публикамызда тың зерттеу – Диаскин тестісі енгізілген. Бұл зерттеу манту сынамасы оң сәбилердің ішінен тек туберкулезге тән реакцияны  айқындауды көздейді.
Сонымен бірге, жалпы туберкулез індетін айқындауда зертханалық диагностиканың атқаратын рөлі ерекше. Бұрын туберкулезді анықтауға диагностикалық зертханаға екі айдан артық уақыт жұмсалса, қазір заманауи технологияларды қолданудың арқасында екі сағат аралығында нәтижелерді қолға алуға болады. Осы зерттеулерді жүзеге асыру бо-йынша біздің зертханамыз жаңа аппараттармен республикалық бюджет, ғаламдық қор, жергілікті бюджет есебінен нығайып отыр.
2008 жылы біз республика бойынша тұңғыш рет туберкулезге қарсы мекемелер мен аудандық ауруханалардағы туберкулезбен күрес бөлімшелерін қайта құруды қолға алдық. Бұл біздің бастама бойынша әзірленген серпінді жоба.  Осы жобаның негізінде  санитарлық нормаларға, эпидемияға қарсы режимдерге сәйкес келмейтін  аудандық ауруханалардың туберкулезге қарсы бөлімшелерін жапқан болатынбыз. Біздің мақсатымыз бюджетті шоғырландыру, қатерлі дертке қарсы көмекті мамандандырылған туберкулезден емдейтін мекемелерде көрсету, сол арқылы науқастардың емделу нәтижелігіне, тиімділігіне қол жеткізу.
Ең бастысы, біз науқастарды эпидемиологиялық түрлері бойынша санаттарға ажыраттық, яғни туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастар бір туберкулезге қарсы мекемеге, туберкулез микобактериясын бөлмейтін науқастар – басқа мекемеге,  туберкулездің созылмалы түрімен ауыратын науқастарды бөлек мекемелерге, хирургиялық және балалар мен жеткіншектік жастағыларды облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне бөлдік. Ең бастысы, бұл туберкулезге қарсы стационарларда туберкулездің дәріге төзімді түрлерін қайта жұқтырып алу қауіптерін болдырмайды. Міне, осы шаралар Денсаулық сақтау министрлігі мен  Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары тарапынан қолдау тапты.
Сондай-ақ, туберкулезге қарсы көмек көрсетуді ұйымдастыру бағытында  біздің облысымыз алғаш рет тәжірибеге  күндізгі стационар мен үйде емдеу стационарларын ашуды енгізді. Яғни, науқас стационарлық емдеу курсын аяқтағаннан кейін, туберкулез микобактерияларын бөлу тоқтаған соң, оның әлеуметтік жағдайын,  отбасындағы санитарлық мәдениет деңгейін ескере отырып, мемлекеттік қызмет органдарының келісімімен   үйде емдеу стационарына ауыстырылады. Күнделікті медициналық қызметкер науқастың үйіне барып емдеуді, дәрілерді қабылдауды бақылайды, осылайша науқас туберкулезге қарсы ем-шараны өз үйінің қабырғасында қабылдайды.   Бұл серпінді жоба да Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тауып, 2015 жылы біздің диспансер тәжірибесі негізінде    басқа облыс   мамандары келіп даярлықтан  өткен болатын.
Елбасымыз өзінің Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу кезінде мемлекет жауапкершілігін, жұмыс берушінің жауапкершілігі мен азаматтардың жауапкершілігін айқын көрсеткен еді.  Яғни, әрбір азамат өз денсаулығына назар аударуы қажет, ол  уақытында медициналық тексерістен өтіп, уақытылы медициналық нұсқауларды орындауы керек. Ауруға байланысты күдік туындаған сәттен бастап, толық диагностикадан өтуі қажет, емделу нәтижесі дәрігерге емес, тікелей науқастың өзіне, оның тәртібіне, ем-шараларды үзбей қабылдауына байланысты болады. Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебінен әр науқасқа тегін бөлінеді. Науқас емдеуге жатқызылған күні туберкулезбен ауыратын науқастардың Ұлттық тіркеліміне енгізіледі, сол арқылы мемлекет арнайы дәрі-дәрмектер бөледі.
Барлық туберкулезбен күрес ұйымдарында емделушілердің арасында стационарға жатудан бас тарту, дәрі-дәрмектерді қабылдау режимдерін бұзу, спирттік ішімдіктерді тұтыну, өздігінен стационардан кетіп қалу сынды әрекеттері бар науқастар кездесіп жатады. Ондай науқастарды заң арқылы тәртіп тезіне салу жайлары қарастырылған. Біріншіден, емдеуден бас тартқан жандар үшін Халық денсаулығын қорғау кодексінің мәжбүрлеп емдеу бабы бар. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрінің №318 бұйрығы дәрі-дәрмектерді қабылдау режимін бұзушыларды тиісті стационарға ауыстыруға мүмкіндік жасап отыр. Егер науқас ауруханаішілік тәртіпті бұзса, біз сот органдары арқылы Мариновка ауданаралық туберкулезге қарсы күрес ауруханасына жолдаймыз. Осы орайда, құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жоғары түсіністікпен көңіл бөліп, бізді қолдап отырғанын айта кеткен артық болмас. Соңғы 3 жылда 200-ден артық адам сот органдары арқылы  мәжбүрлеп емдеу тәртібімен стационарға жатқызылды.
Бас бостандығынан айырылған адамдар арасындағы туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруда қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерімен жұмыс қарқынды және оңтайлы түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда, «Луч надежды» үкіметтік емес ұйымы қызметінің орны ерекше екенін атап өткім келеді. Қаңтардың 28-і күні аудан және қала әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен емдеу-алдын алу ұйымдары арасында 2015 жылдың қорытындысы бойынша семинар-мәжіліс өткізілген еді. Мәжіліс шешімімен аудандық және қалалық  емдеу-алдын алу ұйымдарының бас дәрігерлерінің алдында  нақты мақсаттар белгіленді.
Бүгінгі күні Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес ауруханасында 36 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде 5-еуі жас маман. 100-ден астам орта деңгейлі медицина қызметкерлері еңбек етуде. Мамандармен  қамтамасыз ету көрсеткіші  90 пайызды құрайды. Туберкулезге қарсы күрес қызметінің мамандары қатерлі дертті жұқтырып алу қаупіне қарамай, бас-тарын тәуекелге байлап, науқастарға көмек көрсетуден аянбауда.

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
 Ақмола облыстық Қ.Құрманбаев атындағы туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар