Бүгінгі басты міндеттің бірі

Сыбайлас жемқорлықтың қоғам дертіне айналып отырғаны жасырын емес. Оның алдын алу, болдырмау мақсатында біраз істер атқарылуда. Біз осы орайда,«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғановқа жолығып,  өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы айтып беруін өтінген едік.

– Құрметті Серік Әкпенұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару органдарында сыбайлас жемқорлықты жою жолында барынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажет екендігін айтқан болатын. Осы бағытта облысымызда қандай шаралар қолға алынуда?
– Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық мемлекеттік органдар алдындағы басты міндеттің бірі болып отыр. Қылмыстың бұл түрінің қоғамымыздың барлық саласына тамыр жайып кеткені жасырын емес. Өкінішке орай, білім беру, медицина сияқты ізгілікті діттеген салалардан бастап құқық қорғау органдарына дейін бой көрсетіп жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет шараларының ғылыми танымдары мен өзекті мәселелері Қазақстандағы қоғамдық қатынастарды реформалаудың барлық кешенді мәселелерімен тығыз байланыста. Сондықтан да қоғам бойындағы бұл кесапат кеселмен күреске мемлекетіміз айрықша мән беріп отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды бұзушылықтың алдын алу, мемлекеттік билік, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік саясатты жетілдіру, жемқорлықты туындататын себептер мен жағдайларды жою, лауазымдарын пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес өткен 2015 жылы алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес партиялық бағдарламаның негізгі міндеттерін жүзеге асыру бойынша біршама жұмыстар атқарды.
– Енді атқарылған осы істерге нақтырақ тоқталып өтсеңіз…
– Өткен жылдың 12 айында қоғамдық кеңеспен 101 отырыс өткізіліп, соған сәйкес тиісті қаулылар қабылданды. Жыл ішінде қабылданған 226 қаулы бойынша 210 ұсыныс енгізілді. Қоғамдық кеңестердің барлық шешімдері нақтыланып, орындалу мерзімдері көрсетілді. Қоғамдық кеңестердің отырыстарында жыл бойы бағдарламалық құжаттардың орындалу мониторингінің нәтижелері жүйелі түрде сараланып отырды. Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті басқармасының меморандумына сәйкес ұсынылған статистикалық талдау мен мониторингті басшылыққа ала отырып, жемқорлық нышандарын туындататын себептерді жою бойынша шаралар кешені әзірленіп, өткізілді.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет пен «нөлдік шыдамдылықты» қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында партияның Атбасар аумақтық филиалының, сәуірде облыстық білім басқармасының жұмыстары қаралса, қыркүйек айында «Жас Отан» жастар қанатының есебі тыңдалды.  Қараша айында Көкшетау қаласы мен Астрахан ауданының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін, білімін, тәрбиесін қалыптастыру жөніндегі мәселесін талқылауға салып, осы ой төңірегінде біраз тәжірибе жинақтадық.
– Басқа да мемлекеттік ұйымдармен әріптестік байланыстарыңыз жайлы не айтар едіңіз?
– Азаматтық қоғам құрылымдарымен және мемлекеттік ұйымдармен өзара әрекет жасау жақсы жолға қойылып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік департаментімен, облыс әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиясымен, мәслихат депутаттарымен және бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істедік. Бүгінгі таңда облысымыз бойынша осындай әріптестіктің оң тәжірибесі жинақталды. Осы ретте, Ақкөл аудандық Қоғамдық кеңесінің жергілікті мәслихатпен және әкімдікпен бірлесіп істеген жұмыс тәжірибесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңесімен еліміздің барлық өңірлеріне ұсынылғандығын мақтаныш сезіммен атап өткен жөн.
– Қоғамдық кеңестердің жұмыс топтарымен атқарылған істер бойынша қандай шаралар қабылданды?
– Партияның Ақмола облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестердің жұмыс топтарымен мемлекеттік, салалық бағдарламаларды жүзеге асыру және еліміздің бюджетінің қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдаланылуы бойынша атқарған істері сараланып отырады. Осындай шаралардың нәтижесінде өткен жылы «Ақмола облысының жер қатынастары саласында 2011-2015 жылдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі салалық бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» мәселелерін қарау кезінде мемлекеттік бюджет қаражаттары мен Көкшетау қаласындағы жалға берілетін тұрғын үйлер бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттардың жұмсалуының заңдылығына қатысты тиісті ұсынымдар мен сараптамалық қорытындылар қабылданды.    
Тұтастай алғанда, жыл бойына атқарылған жұмыс Партияның орталық аппараты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңесінің ұсыныстарына сәйкес және өңіріміздің ерекшеліктері есепке алына отырып, жүзеге асырылды.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар