Зерек зерде

 Бір жазда біз үшеуіміз облыстық газетке бір мезетте келдік. Жылға жуық ұстаздық еткен орыс әдебиетінің оқытушысы мен қаламды қолға қайта алып, мәдениет бөліміне орналастым. Бір ауылда туып, құлын-тайдай тебісіп тете өскен Нөгербек қазақ университетінің журналистикасын ойдағыдай бітіріп кеп, насихат бөліміне аға әдеби қызметкер болды. Ал, Алматыда оқып жүрген Жанайдар газетте өндірістік тәжірибеден өтпек екен. Үшеуіміз де салт бас, сабау қамшылы, ботатірсек бозбаламыз, арамыздағы он-он бес ай айырмашылық болмаса, жасымыз да шамалас.

  Сарбас АҚТАЕВ.
Антон Чехов айтқандай, карта ойнауға қалтасы тақыр құмарпаздың айналшықтап ойыншылардың қасынан кетпейтіні сияқты, жас талапкер де әдетте әйгілі әдебиетшіні төңіректеп жүреді ғой. Сол секілді үшеуіміз де ұшқыр журналист, арынды ақын Еркеш Ибраһимнің айналасынан шықпаймыз. Сол жылы тырнақалды тұңғыш жинағы «Қарлығаш» жарық көріп, оның өзі де қарлығаштай шарықтап қазақ  жырының көгіне бір-ақ көтерілген-ді. Газеттер жаппай жарыса жазып, алғашқы кітабына жылы лебіз білдіріп жатты. Өлең десе өзге дүниені ұмытып, әдебиет дегенде ішкен асын жерге қоятын біз үшін, әрине, ол үлкен бедел. Сондықтан, талап тұлпарының жалына жармасқан бізге одан асқан басшы да, бас редактор да жоқ сияқты көрінеді. Жас та болса бас болуға бейім Еркештің өзі де жазғанымызға әділ бағасын айтып, ақыл-кеңес беруден жалықпайтын.
– Әзір журналистикада үшеуіңнің де деңгейің бірдей, қалам ұшталып, қабілет шыңдала келе, қайсың топ жарып, қара үзіп шығарың ерінбей еңбектенуге байланысты, – дер еді ол кейде көңілденіп отырып көкейіндегісін ірікпей. – Тек газеттің күнделікті күйбеңіне малтығып қап, қия баса алмай жүрмеңдер. Таптаурын тәсілге бір түсіп шоқтығына шығып, шоқырағына үйреніп алсаңдар, одан жуырмаңда арылу қиын. Сол себепті бар жанрға барлау жасап, қайсында болсын қаламды өзіңше тербеу керек. Әзір үшеуіңнің де әдебиетке деген ынта-ықыластарың үміт отын тұтатады. Әйтпесе екі жыл бойы осы ұжымда бұл жөнінен жалғыз шауып, жүйрік шыққандай болып, шаманы болжай алмай жүр едім. Қара көбеймей дода қызбайды, бәйге де болмайды ғой. Әйтеуір, әріптес облыстық газеттер жыр жинағыма жаппай пікір білдіріп, шама-шарқымды безбендеп берген сияқты. Пікір болған соң артық-ауыс сын болмай тұра ма. Біреулер «япыр-ау, балтыр қандай, балтыр қандай!» деп тамсанып таңдай қаға беруі ерсі деп салыпты. Мейлі ғой, сын түзелмей, мін түзелмейді, онысына да рахмет.
Қатар-құрбыларына қарағанда әлдеқайда маңғаз, сабырлы да сырбаз Жанайдар әдеттегідей әр сөзін шегелей, баппен байыпты сөйлеп:
– Ераға, «Өлеңге  әркімнің-ақ бар таласы» деген жоқ па еді ұлы Абай. Демек, әр адам өлеңге өз өресінің жеткен жерінен қарайды, өз білігінше баға береді, – деді.  Ал, өзіміз осы өлеңіңізді айтып, алдымыздан өткен талай қыздарды жалт қаратып, жанарынан алғыс шапағын шашыратқанбыз.
Ұйқыдан жүрегімді оятқандай,
Жарқ еткен жазғы кеште қай ақмаңдай?
Осынау сұлулықты жетелеген
Япыр-ау, аяқ қандай, аяқ қандай!
Жанары бейне толқып көл тұрғандай,
Сезіндім көл қойнында алқынғандай.
Көтерген осыншама сұлулықты,
Япыр-ау, балтыр қандай, балтыр қандай!
Кідірші жетер жерге таяп қалмай,
Дедім мен: тілдесейік, ау, ақмаңдай!
Қаракөз төңкеріліп қарап еді,
Аузымда қалды сөзім аяқталмай, –
дегенде бір дір етпеген қызды көрген емен. Тындаушысын елең еткізіп, жатталып қалар жыр қашан жаман болып еді?! Өз басым, өлең жазбаймын, ақындықтың ауылынан аулақпын. Бірақ, өлең-жырды сүймей тұрып, сөз қадіріне жетпейтінімізді жақсы білемін.
– Иә, өлең сүймеген жан, өнер сүймейді. Әдебиетті білмеген мәдениетті азамат бола алмайды, – деп Ерекең жанып кететін.
– Сондықтан, журналистердің дені жырқұмар, әдебиеттің жанашыры болғанға не жетсін! Үшеуің маған, міне, сол үшін ұнайсыңдар. Ал, біздің жігіттердің бетке түскен өлеңнің ішінде «жүрегі» деген сөздің орнына «жүгері» жүрсе, жібере салатындары да бар. Жақсы журналист ең алдымен әдебиет пен мәдениеттің жанашыры болуы шарт. Онсыз елдің өркені өспейді, ердің көсегесі көгермейді.
Жанайдардың алғашқы мақаласы мәдениет жайында болды. Әдетте белгілі бір жағдайға байланысты аракідік бас сұққанымыз болмаса, мұражай дегенді онша елей бермейміз ғой. Жайшылықта оған кіріп-шығып жүретін жұрт және шамалы. Сондықтан, оның не істеп, не қойып жатқанында да ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Жас журналист осындай көзден таса, көңілден тыс тақырыпты толғап, облыстық өлкетану музейі туралы көлемі әжептәуір әп-әдемі мақала жазып, алдымызға қойды. Бақсақ, кілтін тапқанға тақырыптың үлкен-кішісі жоқ екен. Бұрын жұмысы шағын хабармен шектелетін мұражай ұжымының алдында да атқарылуы тиіс келелі міндеттер, шешімін күткен күрмеуі қиын мәселелер аз көрінбейді. Жанайдардың соны жан-жақты зерттеп, оралымды тілмен айшықты ойға орап, жібектің түйініндей ғып жұтындырып бере қойғанына разы болдық.
Мақаланың басталуы да тосын, таптаурын емес. Жергілікті бір суретшінің мұражайда ілулі тұрған Көкше келбетін кестелейтін суретін талдай отырып, туған табиғаттың тамаша сұлулығын көз алдыңа келтіріп, өнер туындысының әрі мен нәріне бойлатып алады да, оның туу тарихын айтып, қылқалам шеберінің дарын-қабілетін ашып береді. Содан соң өзге де осындай өнер туындыларын топтай атап, мұражайға қойылған, көрермен назарын ерекше аударар бұйымдарға тоқталып, олардың талай-тағдырын, тағылымдық тарихын қысқаша баяндай келіп, музей қызметкерлерінің ой-пікірін ортаға салады. Мұражайдың зәру мұқтаждарын тізіп, басшы ұйымдардың алдына мәселе қояды.
Жасыратыны жоқ, осы мақаланы оқығанда «журналистке жаза білу ғана емес, арнаулы базалық білім де керек-ау, зады» деген бір ой жүрегімді бүлк еткізгендей болды. Жанайдар болса, сол білімі мен білігін ал дегеннен-ақ танытып тастады. Колхоз бастығының жанды-жақты отбасында тесік өкпе боп өсіп, шаруаның қыры мен сырын жастай жақсы ұққан ол әсіресе, ауыл шаруашылығы тақырыбына шебер екен. Тәжірибедегі екі-үш айдың ішінде-ақ талдауы терең, толғамы ұшқыр талай-талай мақалалар, ойы айқын, дәлелі дәл сындар, өндіріс озаттары жөнінде жап-жақсы суреттемелер жазып, ауызға ілінді.
Ертерек толғанымен тығыршықтай тұлғасы өзіне жарасып тұратын, қой көзі күлімдеп, толқынданған қоңыр шашы дөңгелек ақсары жүзін аша түсетін сұлу кескінді жігіттің басқаны басып тұратын бір мысы бар сияқты еді. Жер қозғалса қозғалмайтын салмақтылығы ма, әлде жұмысқа бір кіріссе, тапжылмай талай сағат отыратын табандылығы ма, әлде кіршіксіз таза киініп, дәйім мұнтаздай боп жүретін кербездігі ме, әйтеуір, оның айналасындағылар айбынарлық бір қасиеті болатын. Сонысынан ба екен, сол кезде ол тәжірибеден өтіп жүрген ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бесаспап білікті журналист Қайыркен Сұлтанов:
– Әй, жігіттер имандай сырымды айтсам бар ғой, осы Жанайдарыңа тапсырма беруге батпай, тайсақтай беремін. Бөлімнің бастығы мен емес, сол сияқты көрінеді де тұрады маған, – дер еді. Бәлкім, «қошқар болар қозының маңдай тұсы дөң келер, кісі болар жігіттің арқа басы кең келер» деп аталарымыз айтқандай, оның болашақта басшы азамат болары сол жап-жас жігіт кезінде-ақ белгі берген шығар-ау.
Әлқисса, студент Жанайдар Мусин сол жылы өндірістік тәжірибеден ойдағыдай өтумен бірге, өмір тәжірибесінің де табалдырығын сәтті аттады. Күзге таман курстас досы Өмірсейіт Шәріпов диплом жұмысына деректер жинап, Мәскеу жақтан оралды да, бір күні оны өзі жатқан үйіне қонаққа алып кетті. Онда Өмірсейіттің немере қарындасы бар екенін білетінмін. Жасы он жетіден енді ғана асқан жас қыз бет біткеннің ажарлысы екен. Ертеңгісін жұмысқа келген Жанайдардан:
– Қалай, көрдің бе? – деп сұрадым салған беттен. Жарқылдай бір күліп алды да:
– Көрдім, көрдім. Ғажап! Көнсе, қазір-ақ үйленіп, ертіп кетер едім, – деді ол.
Айтқандай, сол күзде қызды Алматыға алып та кетті. Көңілінің құсы, өмірінің күші болып, тұрмыстың ащы-тұщысын бірге татып, ыстық-суығын бірге кешіп, алысты жақын, жақынды туыс етіп, ағайын-аңдасын айналасына үйіріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасаған жан жары Райханмен ол 1958-ші жылы осылай қосылып еді. Құдай қалап қосса, ерлі-зайыпты екі кеудеде соққан бір жүрек құсап тірлік тынысы да, жүріс-тұрысы да, мінез-құлқы да бір-бірінен айнымай, тұтасып кетеді ғой. Бірден бас түйісіп, бір-бірін жете ұғысып қосылған олардың қай жердің жерін жерлеп, суын суласа да, сол өңірдің жұртымен әп-сәтте бауыр басып, мидай араласып кететін керемет қасиеті бар-тұғын. Сондықтан, сыйлас, қимас достары әр облыстан-ақ көп болатын. Ал, тағдыр оларға қазақ даласының біраз қиырын көрсетті де.
Баяғы әпербақан Хрущевтің алакүлік сая-саты тұсында Арқадағы облыстардың ана тілінде шығатын газеттері жабылып қап, қанша қаламгер қаламын ұстап, қаңғырып кетті. Туған облысының газетінде оп-оңды қызмет етіп жүрген Жанайдар да аудан үнпарағы редакторының орынбасары болып, алдымен Степняк қаласына барып, артынан өлкелік басылымның бөлім бастығы боп, Ақмолаға ауысты. Одан Қостанайдың облыстық газетіне жауапты хатшы болып барды. Араға екі-үш жыл түскенде Талдықорған облыстық газетіне редактордың бірінші орынбасары боп тағайындалды.
Тегінде, туған жерден ірге көтеріп, жырақ кету қайратты азаматтың қабілет-қырын барынша ашып, ал, боркемік жігіттің еңсесін басып, берекесін қашырады-ау деп ойлаймын. Сол кезде «Көкшетау» газетінде істеген жігіттердің көбі бірден-ақ көзге түсіп, іле республикалық, облыстық басылымдарға басшы қызметтер атқаруында да сондай бір сыр жатқан секілді. Сол жылдары қабілет карымы, қаламгерлік дарыны айрықша ашылғандардың бірі әрі бірегейі Жанайдар болды десем қателеспеспін. Қостанайда жүргенде ол Торғай даласын емін-еркін аралап, он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандары туралы тарихи очерктер жазып, ақпан және қазан төңкерісінің қазақ қырына әсер-ықпалы, орталықтан келген күрес өкілдері жайында қыруар деректер жинады. Онысы кейін «Аманат» атты әйдік романына арқау болды. Талдықорғанда тұрғанда жарық көрген «Үміт» атты алғашқы әңгімелері мен очерктер жинағы кейінгі «Таң нұры», «Қанат ұшқанда қатаяды» сияқты кітаптарына арна ашқан арынды бастау бұлақ іспетті еді.
Жетпісінші жылдардың басында облыстық газетке редактор боп Көкшесіне қайта оралған соң, туған жердің тамылжыған табиғаты төтенше әсер етті ме, кім білсін, тағы бір тың творчестволық тынысы ашылғандай Жанайдардың шабыты шарықтап кетті. Туған табиғат туралы публицистикалық толғаулары мен Жер-ана, Диқан-баба жайындағы проблемалық мақалалары, облыстың белгілі адамдары жөніндегі бедерлі очерктері өз алдына, прозаның ең күрделі жанрына қаймықпай түрен тартып, «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» тәрізді романдар, «Жер шоқтығы Көкшетау» секілді тарихи-танымдық кесек шығарма жазды. Күнделікті газеттің екі аяқты бір етікке тығып, апы кіргізіп, күпі шығарар қарбалас жұмысының қайнаған қазанының құлағын ұстай отырып, әдеби аумақты дүние жасау бері қойғанда жанкештілік әрі барса ерлік.
Әдебиетті өз өмірінің мәні деп ұғып, зерде түбінде жатқан жиһазды ойды қайтсем де кейінгіге қалдырып кетемін деп түн ұйқысын төрт бөліп, қиял атын қамшылап, қара жанына дамыл-тыным бермейтін адам ғана осындай нар тәуекелге бел буады. Әйтпесе санаң сағат сайын сан саққа жүгіріп, ойың онға бөлініп, қиялың қырық құбылатын газет басқару ісінің өзі бірегей шұғылдануды талап ететін ерекше шаруа емес пе. Соның бәрін бір арнаға сайып, тізгінін тең ұстап, ұштастыра жүргізу ілуде біреудің ғана қолынан келеді. Өз басым, Жанайдардың сондай жан-жақты қабілетіне, қарымдылығы мен қайсарлығына тәнтімін.
Оның «Ақ алаң» романын оқи отырып, соғыс жылдары алты-жеті ғана жастағы баланың тұрмыс тауқыметін тартқан тылдағы елдің жүдеубас тіршілігінің күллі көрінісін айнаға түсіргендей айна-қатесіз сақтаған зерек зердесіне қайран қаласың. Сүйген жарын сұрапыл майданға аттандырып, үміт үзбей ғұмыр бойы күтумен күн кешкен Базаргүлдің абзал азамат Ақжанға деген адал махаббаты тірлік шырағданындай жарқырап, қилы-қилы тағдыр тәлкегінен арандатпай аман алып шығады. Жұдырықтай Марданын медет тұтып, жарының жолына қарап, оның аман келуі үшін жеңісті жақындатуға атсалысып, түн қатып, түс қашып еңбек еткен жас ана арқылы дініне берік, парасаты биік қазақ келіншектерінің қиын кездегі жиынтық бейнесі жасалған десек, артық айтпаспыз. Олар кейінгілер үшін ерлік пен ездіктің ара-жігін ажыратар өнеге өлшемі сияқты. Ал, аңқау елге арамза әкім болып, ер азаматтың аз кезінде есебін түгендеп жүрген шолақ белсенді Әйтікен, еркектің аузынан жылы сөз шықса, қоғадай майысар көңілшек Айнамкөз сонау сылтауы көп, сұрары жоқ жылдары әр ауылдан табылған таныс жандар. Оған Қаудыр шал мен дәлдүң бала Рахманды қоссаң, сол бір сормаңдай заманның белгісіндей бір-біріне ұқсамайтын бейнелер көз алдыңа кеп тұра қалады…

 

Ал, енді «Туған үйдің түтіні» романы айналадағы ортаны аман сақтап, табиғатты анадай аялау жөнінде азаматтық үн көтерген әдебиетіміздегі тұңғыш көркем туынды. Тек соның таңдамалыларына кіргенде қысқарып кеткеніне көзі тірісінде автордың өзі де қатты опынып жүрді. Дәл осы кезде Орталық Комитеттің маскүнемдікке қарсы қаулысы шығып, көркем шығармалардың арақ-шарапқа қатысты тұстары жөн-жосықсыз сызылып қалғаны бар. «Апыр-ай, ағашты сатқызатын да, орманшыны атқызатын да арақ деген арапшы екенін жұрт қалай білмейді?! Орман қорғау жайында жазылған шығармадан ондай жерлерін алып тастаған соң не құн қалады?» – деп талай ренжіп, күйінгенін көзіміз көрді.
Жанайдар тақырыпты тез тауып және жедел жазып тастайтын қиялы қанатты, қаламы қуатты жазушы еді. Бірде демалыста жүріп, екеуміздің менің нағашыларым – Ақан сері ауылына барғанымыз бар. Бір туысымның үйінде отырып, бала күнімде дәл осы үйдің төрінде іш жақта жүрген Мейрам деген көкірегі кеніш бір қариядан Ақан ағаның «жырымның аузын жалақ, арқасын жауыр етесіңдер» деп ешкімге өлең үйретпегенін есіткенімді айттым. Оның дәлелі ретінде сері «Балқадиша» әнін алға тартады екен.
…Жаздың күні Жыланды баурайындағы жастардың бір жиынында кірпияз ақынның жанына отыруға бір қыздың жүрегі дауаламай Жаулыбай Дүйсендегі Ыбырай дегеннің бойжетіп отырған ажарлы да ақылды қызы Қадиша шығыпты. Атақты әнші ән салғанда ол бетін жібек орамалмен желпіп қана отырыпты дейді. Бозарып таң атып, жиынның шеті сөгіліп, жұрт тарқап жатқанда Ақанның рұқсатынсыз орнынан қозғалуға батпай иба сақтап отырған қызға келіп екі жеңгесі ым қағады. Соны сезген сері табан аузында әнімен бірге суырып салып:
Қызы едің Ыбыкемнің Балқадиша,
Ішінде тамам қыздың хан Қадиша.
  Бір емес, екі жеңгең шақырып тұр,
  Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша!
– депті.
Табанда туған тың ән шырқалғанда әуенге арбалғандай төбеде шырылдап бозторғайлар тұрып алса керек.
– Кей жігіттер сол әнді «Бұралған белің нәзік тал Қадиша» деп айтатын көрінеді. Жарқыным-ау, талдан қорап жасап, онымен көң-қоқыр төкпеуші ме еді. Ал, періштедей Балқадишаны мен өлсем де талға теңермін бе! – дейді екен Ақан ағаң.
Осынау әңгімені естісімен оны Балқадиша ауылынан жинаған деректермен дәлелдеп, тың дүниелермен толықтырып, Жанайдар көп ұзатпай «Балқадиша» атты әп-әдемі повесть жазып тастады. Былайша айтқанда, бұнысы әпжілдік деуге де, алғырлық деуге де сыярлық қасиет. Жеделдікті, жүйріктікті талап ететін журналистикадан дарыған дағды шығар, бармағын сорғандай бір шығарманы бәлен жыл жазып, ұзақ сонарға салу оған жат болатын. Жариялануы болмаса, жазылуы созылмайтын.
Сөйтіп, бір кітаптан кейін бір кітап дүниеге келіп, газеті бүкілодақтық көрмеге қойылып, бәйге алып, өзі журналистердің одақтық сыйлығына ие болғаны кейбір күншіл өңездердің ішін тарғыл мысықтай тырнап жатты. Ай сайын үстінен арыз түсіріп, тоқсан сайын тексеріс шығартып, обком мен екі араға ши жүгіртті. Мәселенің мәніне бойлап, істің байыбына бармаған айғайгөктеу бір облыс басшысы қыр соңынан қалмай қудалап, жиналыс болса-ақ сын бақанын ала жүгіріп, тіпті орнына Атбасар жақтан адам да іздетті. Бірақ, ақ иіліп сынбады, аққа қара жұқпады. Алайда, қатарынан бірнеше жылға созылған қаңқу сөз, салдарсыз сын, жазықсыз жала жүйкені жұқартып, жүрекке зақым салмай қойған жоқ. Кейінгі кезде жиі ауырып, төсек тартып қалатынды шығарды ол. Сырттай ұйытқыттап сүттей ұйып отырған ұжымға іріткі салу үшін сырқатының өзін сан-саққа жүгіртіп, «әкетіп бара жатқан түгі жоқ, жатып ап кітап жазу үшін тапқан амалы» деп соққандар да болды.
Кейде Алматыда қызмет бабымен іссапарда болғанда арнайы келген жиналысына қатыса алмай, ауырып жатып қалатынын талай көрдік. Мейманханасына дәрігер шақыртып, дәрі ектіріп, үйден ыстық ас апарып, ша-йын қайнатып беріп күткен кезіміз аз болған жоқ. Тақа болмаса үйге алып келіп бәйек
боламыз.
– Алматыға келсем-ақ қарадай сендерді әбігерге салып қоятыныма қысыламын. Әйтеуір, бір дәулет қонды, түбі не ғып шығарын кім білсін! Қысылып қалсам бас сүйер сендердің осында тұрғандарың қандай жақсы болған! – деп мұңаятын.
– Оқа емес, «тұщы ет – ауырмаққа» деген. Ара-тұра ауырып қоймаса, адам денсаулықтың қадірін білмей, тіршіліктің тәтті екенін ұмытып кетеді, –  деп әзілге шаптырып, жұбатпақ боламыз біз.
Обком хатшысы болып сайланғаннан кейін оның денсаулығы тіптен құлдырап кетті. Тоқсан бірінші жылдың басында Мәскеуде Кремль ауруханасында жатқан кезінде іздеп бардым. Алдын ала телефондасып алған соң ол аурухана қалашығының кірер аузынан қарсы алды. Сәукеледей селебе қарағайлардың арасындағы жолмен қарды сықыр-сықыр еткізіп келе жатқанда ол:
–  Қанша күн от оттап, су ішерімді қайдам, еңсемді басып, бойымды бір көтертпей қойды ғой, бұл сырқат, – деп көзінен ыршып кеткен жасты теріс қарап, қолының сыртымен сілкіп тастады.
– Қой, бұлай босама, жігітке ол
жараспайды. «Ауырып жазылған жан олжа, жоғалып табылған мал олжа» дегендей, күні ертең-ақ құлындай ойнап қатарға қосылып кетесің. Мәскеудің ығай мен сығай оқымысты дәрігерлері жазбай жібермейді, – деп жігер берген болдым, бірақ, іштей жүрегім жылап тұрды.
Бір бөлмеде Жанайдар Мәскеудің бұрынғы мэрі В.Ф.Промысловпен бірге жатыр екен. Танысып аз-кем әңгімелескеннен кейін Владимир Федорович «сізге бөгет
болмайын» дегендей сылтау айтып, сыртқа шығып кетті. Жанайдар екеуміз әр әңгіменің басын шалып біраз отырдық. Байқаймын, ол ауырып жатса да қолынан қаламын тастамай жаңа бірдеңелер жазып жатқанға ұқсайды. Қобыраған қағаздарының арасынан өлең жолдарын көзім шалып қалды. Анау бір жылдары мені туған күніммен құттықтап, ойын өлеңмен өрнектегені еске түсті.
…Жазушы да, журналист те әрі ақын,
Тәржімада тіл орайын табатын.
«Социалистік Қазақстан» көгінде,
Талмай ұшып, қақсын дабыл қанатың.

Очерктеріңе сөз мәйегін таңдадың,
«Зам»  болып-ақ желмаядай зауладың.
Сәке, бүгін сізге тілек тағы да,
Керек енді «сам»  болып та самғауың.

Қажырың бар арман таудан аса алар,
Өмір сәні еңбекпенен жасалар.
Қызығын көр Ерлан, Думан, Шынардың,
Ғайнижамал қосағыңмен қоса ағар.

Кемел шағың, қартаймассың жуықта,
Көкірегіңді толтыра бер тұныққа.
Астанада ағамыз бол ақеділ,
Бірақ туған Көкшетауды ұмытпа.
Ұйқас-ырғағы тәп-тәуір, төрт құбыласы тең ол өлеңді Көкше ақындарының біреуіне жаздырып алған шығар деп ойлағам да қойғам. Ал, мына жолдарды көрген соң кұмарлығым оянып:
–  О не, ақын болып кеткеннен амансың ба? Зайыры орман ішінде өлең жазып жатырсың-ау, өзі?! – дедім.
– Қай бір ақындық дейсің. Әлгі немерем Айшамды сағынған соң шатпақтағаным да.
– Сонда немерең Мұхтарыңнан да, Ләззәтіңнен де, Айгүліңнен де асып кетіп отыр ма?
– Оның рас, телефоннан «әтә» деп шырылдағанда өкпе-бауырым езіліп, қолқам үзіліп кете жаздайды. Құйтақандай сәбиді зарықтырып қойған құдайға не шара. Сосын сағыныш шіркін, қолға қалам алғызады.
Шынында да, жүректің сағынышын, жаныңның толқынысын жеткізе алатын жыр жарықтық қана ғой.
Қазақтың «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деуінде біраз мән бар. Жер шолып, ел танып, көпті көріп, топқа кірген жігіттің төңірегіндегілерге тигізер шарапаты аз болмасқа керек. Біраз жерде болып, талай жұртпен араласқан Жанайдар елге солардың жақсы дәстүрін ала келген еді. Әсіресе, бір өліде, бір тіріде көрінетін ағайынгершілік көмекті ол алдымен өз ұжымында қалпына келтірді. Біреудің кісісі өлсе, жас нәрестесі туса, ұлы үйленіп, қызы тұрмысқа шықса, оны көп боп көтеріп кететін болды. Адамның адамгершілігі де айналасындағылардың қуаныш-қызығына, қайғы-қасіретіне ортақтаса білуімен айқындалады ғой. Тыңға топырлап келген тобырдың әсерімен әркім өз қотырын өзі қасып, ұмыт болуға айналған бұл салт-сана халқымыздың бауырмалдылығын паш етер баға жетпес байлығы емес пе еді.
Әкесі Баймырза дүниеден өткенде талдықорғандықтар қоғадай жапырылып шығарып салса, Көкшетаудан қарсы алар тірі пенде шықпай, ауылына бала-шағасымен әупірімдеп автобуспен әрең жеткен Жанайдар елдің ежелгі ең игі әдет-ғұрпын, жақсы дәстүрін жандандыруға сөзімен де, ісімен де көп еңбек сіңірді. Газеттің белді басшы қызметкерлері Жомарт Оспанов пен Кәкімтай Әміров қайтыс болғанда бүкіл жабдығын журналистер ұйымы мен редакция атқарып, қашан екеуіне де ескерткіш орнатылып, басына құлпытас қойылғанша қара жанына дамыл болған жоқ. Менің атам мен әкем қайтыс болғанда да қайғымызды бөлісіп, қасымызда болды.
Айтқандай, әкем дүние салғанда ол төсек тартып үйінде жатыр еді. Мазаламайық деп хабар бермегенбіз. Кенет жерленген күні Райхан екеуінің жетіп келгені ғой.
– Апыр-ай, әтәйға топырақ та сала алмадым-ау! Есіткенім жоқ, түсте газеттен көрдім. Ондағы жігіттер де ештеңе айтпай осында өздері тартып отырыпты. Ал, біздің обкомда жөн-жосық білетін мұсылман бар ма? – деп қатты күйініп келді. Өңі өте жүдеу, бұрын денесімен дене болып тұратын киімдерінің бәрі қолбырап
қалыпты.
Біздің жақта өлік шыққан үйде үш күн бойы ас пісірілмейтін дәстүр бар. Бір інішектің үйінде ұзақ кеш отырып, ата-аналарды еске алып, өткен-кеткенді айтып, біраз шер тарқатып, іш босаттық. Үркер туа олар көлігіне от алдырып, Көкшетауға қарай тартты. Орманның қылтасынан асып, қараңғылық қойнына кіріп, көзден ғайып болғанша соңынан
қарап тұрдық. Наурыздың сол күңгірт кеші соңғы кездесуіміз екенін онда кім білген?!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар