Көркейген Көкшетаудың келешегі кемел

Кеше «Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 2015 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2016 жылдың міндеттері туралы халық алдында есеп берді. Кездесуге қатысқан облыс орталығының тұрғындары қала әкімінің бір жылдың ішінде атқарған жұмысына оң баға беріп, қаланы одан әрі көркейту, кейбір өзекті мәселелерін шешу жөнінде өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов қатысты. Есеп беру кездесуінде облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйлеп, қала басшылығының алдына Елбасы Жолдауынан және облыс орталығын одан әрі дамыту қарекетінен туындайтын жаңа міндеттерді қойды. 

 

Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық және қалалық департаменттер мен басқармалардың, кәсіпорын-ұйым, мекемелердің басшылары, ардагерлер, қаланың құрметті азаматтары, зиялы қауым, қоғамдық жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиналғандарға есеп беруден бұрын облыс орталығы кәсіпорындарының өнімдері мен инновациялық жобаларының шағын көрмесі ұсынылды. Бұдан кейін қала әкімі  Ермек Маржықпаев 2015 жылы атқарылған шаруалар, алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауынан туындайтын мәселелер аясында кеңінен толғап айтып берді. Экономикалық өсім мен инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлік саласының жай-жапсары да ұмыт қалған жоқ. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес халықтың алдында есеп беру айлығы бас-талды. Өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды және алға қойылған міндеттер қандай? Бүгінгі әңгіменің негізгі тақырыбы осы. Елбасымыздың тапсырмасына сай өткізіліп жүрген халық алдындағы есеп беру кездесулері тұрғындарды толғандырып отырған өзекті мәселелерге назар аударуға игі ықпалын тигізетін екі жақты маңызды пікір алысу тәсілі болып табылады. Өткен жыл еліміздің тарихында бірқатар айтулы мерейтойлармен есте қалды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығы есте қаларлықтай деңгейде атап өтілді. Осы жылы өткен тағы бір маңызды оқиға – Президент сайлауы болғандығы белгілі. Халық, соның ішінде біздің қала тұрғындары бұл саяси шарада да үлкен белсенділік танытып, өз қалауларын жасады. Сөйтіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Президенттікке сайлады. Енді Көкшетау қаласының өткен жылы қол жеткен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жайында қысқаша баяндап беруге рұқсат етіңіздер, – деді өз сөзінің басында
баяндамашы. Бұдан әрі шешен өндірістің жай-жапсарына тоқталды. Қаланың нақты экономикалық секторында өнеркәсіп орындары 79,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Физикалық көлем индексі 97,4 пайызды құрады. Индустрияландыру картасы шеңберінде 2,8 миллиард теңгенің екі инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл дәнді және майлы дақылдарды өңдейтін «Ақмола Бидай» серіктестігі мен консерві, шұжық өнімдерін, жартылай
фабрикаттарды шығарумен айналысатын «МПЗ Бижан» серіктестігі сияқты ірі кәсіпорындар. Сонымен бірге, «Авиценна» емдеу мекемесі, «Смолл» көтерме сату орталығы, «АгроТехИнтер» оқу орталығы, «ГринВич» бизнес орталығы сияқты әлеуметтік маңызы бар мекемелер де іске қосылып, қосымша жұмыс орындарын ашуға және қаламыздың өндірісін дамытуға игі ықпал жасады.
Бүгінгі күні қалада төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыру жалғастырылуда. Олар «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы», «Вектор» комбайн зауыты», «KAZHYDRO», «Көкшетауоптоэлектроникс» серіктестіктері. – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өткен жылы өңіраралық үйлестіру кеңесі жалпы көлемі  1 миллиард 135 миллион теңге болатын 61 жобаны құптады. Бұның өзі мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға үлкен көңіл бөліп отырғанын айғақтайды.
Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 27,9 миллиард теңгені құрады. Бұл  2014 жылмен салыстырғанда 1,4 миллиард теңгеге артық. Құрылыс саласында 14,7 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды.
– Бүгінгі күні тұрғындарды қатты алаңдататын мәселелердің қатарында тұрғын үйді пайдалануға беру жайы бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығында жалпы ауқымы 124,3 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылса, оның 22 мың шаршы метрі мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылды. 2015 жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы шеңберінде 768 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Біз шын мәнінде өткен жылы қаланың «Сарыарқа» жаңа ықшам ауданын аштық. Онда
11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, – деп атап өтті одан әрі шешен өз сөзінде. – Білім беру саласындағы басым бағыттар мектепке дейінгі ұйымдарды көбейту және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту болып табылады. Бүгінгі күні қаланың «Көктем» ықшам ауданы мен Застанционный кентінен екі балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр.

№2 орта мектептің жанынан 500 орындық, Краснояр селосындағы №3 орта мектептің жанынан 264 орындық қосалқы құрылыстардың салынуы бұл мектептердегі шектен тыс жүктемені азайтуға игі ықпалын тигізді. Өткен жылы білім саласы нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.
«Еңбекпен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы оған  132 адам тартылды. Еңбекпен қамту мәселесі әрдайым ерекше назарда ұсталуда.  Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде және тиісті қызмет орындарының ықпал етуімен 1500-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Сөйтіп, бұл орайдағы жоспар 157,2 пайызға орындалды. Экономика саласында 1900-ге
жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.
Бұдан әрі баяндамашы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жұмыстар туралы баяндай келе, Боровской ықшам ауданындағы екі кварталда абаттандыру жұмыстарының аяқталғандығын атап өтті. Абай, Набережная, Әуезов, Мир көшелерінің қиылысатын шаршы алаңдағы жылу жүйесінің инженерлік монтаждау жұмыстары атқарылып, абаттандырылды.  
– Васильковка ықшам ауданындағы аула алаңдары көгалдандырылып, Горький көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысатын тұсына да абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Набережная, Сәтпаев, Жеңіс, Абай көшелеріне күрделі және орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қала көшелеріндегі ағымдағы және ішінара жөндеу жұмыстарына 412 миллион теңге қаржы жұмсалды. Бұл арада тек орталық көшелер ғана емес, шеткі көшелердің, Краснояр және Станционный кенттерінің жолдары да жөнделіп жатқандығын айта кеткен ләзім. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады, – деді шешен өз сөзінде.
Көп қабатты үйлерді орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету және лифт шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту шараларының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 106,0 миллион теңге қаржыға 4 көп пәтерлі тұрғын үйлер жөнделді. Қайтарымды қаржының есебінен 27 миллион теңгеге көп қабатты екі үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс орталығындағы тұрғын үйлерінің сыртқы ажарына, сәулетіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қала тұрғындары дем алатын арнайы орындар  ашылды. Олардың қатарында Даңқ аллеясын, Тәуелсіздік алаңын, қалалық саябақты, Қопа көлінің жағалауын айта кетуге болады. Даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай қалалық саябақта академик-жазушының мүсіні орнатылды.
Жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, қала көшелерін тәртіпке келтіру де айрықша маңызды. Өткен жылдың ішінде көше бойындағы ағаштарға күтім жасалды. Арамшөптер ота-лып, аулалардағы қоқыс шығарылды. Бұл арада қоқыс төгетін 40 заңсыз орындардың тазаланып, тәртіпке келтірілгендігін, олардан мыңдаған шаршы метр қоқыс шығарылғандығын айта кеткендігіміз жөн. Бұрынғыдай бей-берекеттік орын алмауы үшін қала көшелеріне қоқыс жинайтын жәшіктер қойылды. Кейбір көшелерге металл қоршаулар орнатылды. Коммуналдық кәсіпорындар мен бизнес саласының күш-жігерін біріктіру арқасында өткен жылы ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Сөз арасында осындай игілікті істерге «Новопэк», «Қалалық сүт зауыты», «Вектор», «Хладокомбинат», «Енки» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  мен «Тыныс» және «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамдарының атсалысқандығын айтқан жөн.
Әлемдік экономиканың дамуында орын алып отырған дағдарысқа байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты ел халқына арнаған Жолдауында дағдарысқа қарсы іс-қимылға ерекше назар аударған болатын. Құрылымдық өзгерістердің бес түйінді бағыты белгіленді. Осынау асқақ міндеттер біздің күш-жігерімізді жинақтап, жаңаша жұмыс істеуді талап етеді. Осыған байланысты жақын арада жергілікті атқару органдарының жұмысы жоғарыда көрсетілген жоспарларды жүзеге асыруға жұмылдырылады. Алайда, алдағы уақытта біз шешуге тиісті бірқатар түйінді мәселелердің де барын атап өткен жөн.
– Мені әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағалардың өсуі алаңдатады. Тауарлар мен қызмет көрсетулерге тұтынушылық бағалардың индексі 113,0 пайызды құрады. Біз осының бәрі көптеген сыртқы экономикалық факторлармен байланысты екенін жақсы түсінеміз, – деді қала әкімі одан әрі өз сөзінде. – Нарықты азық-түлік тауарларымен толтыру және бағаларын төмендету үшін сауда қосымшасын 10 пайыздан асырмай белгілеу жөнінде 240 меморандумға қол қойылды. Одан басқа «Көкше-Қамқор» әлеуметтік сауда орны жұмыс істейді. Онда азық-түлік бағалары нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен. Мұндай мәселелерді шешу үшін оңтайлы тәсіл азық-түлік тауарларының жәрмеңкелерін өткізу деп ойлаймын. Сауда-саттық тұрғындарға азық-түлік тауарларын 10-15 пайызға дейін төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері барлығы жалпы құны 821,4 миллион теңгені құрайтын 8 облыстық жәрмеңке өткізілді. Әр күн сайын атқарылатын барлық іс-қимыл қаламыздың келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Алайда, қала тұрғындарының мәдениеті бүгінгіден де жақсара түссе екен деген тілегіміз де бар.
– Алдымызға қойған міндеттерді жеріне жеткізе, толық атқаратын болсақ, әлеуметтік-тұрмыстық сала ойдағыдай дамитынына сенімдімін. Оған біздің әлеуетіміз жеткілікті  және Елбасы, облыс әкімі тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Бұл облыс орталығының экономикалық және қоғамдық-саяси оң нәтижелерге қол жеткізуге алдағы уақытта да мүмкіндігі зор деген сөз, – деді шешен өз баяндамасының соңында. Қала басшысының есебін тыңдап болғаннан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин әр саланың жай-күйіне тоқталып, кейбір кемшіліктерді жою үшін нақты міндеттер белгіледі.
– Облыс орталығындағы өндіріс орындарының жұмысын жандандырып, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуды тапсырамын. Ол үшін қаланың мүмкіндігі жетерлік. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы жұмысты да одан әрі ширату қажет. Әсіресе, баспана мәселесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Өйткені, үйдің кезегінде тұрғандардың саны көп. Ең бастысы, өнім көлемін азайтуға, жұмысшылардың санын қысқартуға жол бермеуіміз керек. Сонымен қатар,  мемлекеттік жекеменшік серіктестікті дамыту өте маңызды, – деді бұл орайда  облыс әкімі. Бұдан әрі баяндама бойынша жарыссөз басталды. Оған қатысқан «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Кистин қала бюджетіне қомақты салық төлейтін кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері жөнінде баяндап берді. Мәселен,  2015 жылы жалпы  құны 7,9 миллиард теңге тұратын 750 жүк көлігін шығару жоспарланған болса,  жыл соңына дейін 835 жүк көлігі шығарылды. Сонымен қатар, 1069 жүк көлігі сатылса, оның 55 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша өткізілген. Кәсіпорын жұмыс орнын сақтап қалумен бірге, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуда.  Осы бағытта былтырғы жылы жалпы,  32 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі жасалды.
Бұдан кейін Көкшетау қалалық №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының директоры  Дина Башарова өз мекемесінде атқарылып жатқан жұмыстарды айта келе, облыс орталығын дамытуға білімді шәкірттерді тәрбиелеу арқылы үлес қосып отырғандарын тілге тиек етті. 2014-2015 оқу жылында Көкшетау қаласы ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, облыс бойынша бірінші орыннан көрінгені айтылды. Сонымен қатар, ол 12 жылдық білім беру жүйесіне біртіндеп көшу бағытында Көкшетау қаласындағы білім ордаларында жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.
Қалалық аурухананың кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Зиборов медицина саласында мәселелерді жойып,  жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін ең бастысы, медицина саласы кадрларының тапшылығын азайту және материалдық-техникалық базаны нығайту қажет екендігін атап өтті. Дәрігерлер үшін өткен жылы 18 пәтерлі екі тұрғын үй салынды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі өміршең етіп,  жас мамандарды өңірге тарту мәселесін жандандыру туралы айтып өтті. Осы орайда, Сергей Кулагин өңірге медицина саласының кадрларын тарту және жаңадан медициналық мекемелерді салу бойынша ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқанын жеткізді. Жыл сайын облыс әкімінің грантымен жүзден астам түлекті дәрігер мамандығы бойынша оқуға жіберу дұрыс жолға қойылған. Бұл бір жағынан, тұрмысы төмен отбасылардан шыққандарды қолдау болса, екінші жағынан, бес-алты жылда дәрігерлер тапшылығын толығымен шешуге жол ашады.
Одан әрі «Көкшетаутрансгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Батыр Әшіров облыс орталығындағы тұрғын үйлерге газ құбырларын тарту және газгольдерлерді жөндеу жұмыстарына тоқталды. 2013 жылы құрылған кәсіпорынның меншігінде 605 газ тарату нүктесі бар көрінеді. Өткен жылы оның 36-сы жөнделіп,  қалпына келтірілген. 2014 жылы 750 абонент орталықтандырылған газға қосылса,  2015 жылы бұл көрсеткіш 1500-ге жетті. Биылғы жылы межені бірнеше есеге арттыру көзделіп отыр. Оған кәсіпорынның мүмкіндігі жеткілікті екені айтылып өтті.
Бұдан кейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Айдархан Сәдуақасов көкшетаулықтарды жұмыспен және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету бағдарламаларын үйлестіру жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасына қала бойынша 1020 адам қатысқан. 6 мыңнан астам  адам шағын несиеге қол жеткізген.  Дегенмен,  туындап отырған кейбір мәселелер де бар. Айталық, бағдарлама арқылы кәсіптік-техникалық білім алушылардың 100 пайыз жұмысқа орналасуы қиындық туғызып отыр.
Кездесуде сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов сөз алып, облыс орталығында әлеуметтік салаға тиісті деңгейде көңіл бөлініп отырғандығын айта келе,  өткен жылы Науан Хазірет атындағы жаңа мешіттің пайдалануға берілуі жолында көп еңбек сіңірген облыс, қала басшылығына, осы сауапты іске жеке үлестерін қосқан тұрғындарға зор алғысын білдірді.  
Сонымен бірге, алқалы жиын барысында бірқатар көкшетаулықтардың қойған сауалдарына тұшымды жауап қайтарылды. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин халық алдында есеп берген қала басшысы Ермек Маржықпаевтың өткен жылы атқарған шаруасына жоғары баға беріп, алғысын жеткізді. Кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ қала тұрғындары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, «Көкшетау су арнасы» мен «Көкше жәрдем» коммуналдық кәсіпорындарының ұжымдарына жұмыс барысында қажетті жаңа техникалар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Аялау»  орталығы мен №3 Краснояр орта мектебіне «Газель» мен автобус тарту етілді.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ,  Аслан ОСПАНОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар