Болат жолдың майталманы

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Ірілендірілген Атбасар жол дистанциясы» филиалында Мырзагелді Мусин 1975 жылдан еңбек етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын теміржол саласында монтерлықтан бастаған ол бүгін тәжірибелі маман, білікті ұстаз.

 

Мырзагелді Мусин 1957 жылы 21 қыркүйекте Атбасар қаласында туған. Осы қаладағы орта мектепте оқып, бітірген ол 1978 жылы кеңес әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарады. Туған еліне оралған соң, өзінің сүйікті жұмысын қайтадан жалғастырады. Міне, содан бері теміржол саласында еңбек еткелі қырық жылдың жүзі болыпты. Атбасар жол дистанциясына Есілден Жайнаққа дейінгі аймақ кіреді.
Қазіргі таңда Мырзагелді Мұхамедияұлы тәлімгерлікпен айналысып, теміржол саласында қызмет істейтін жас мамандарды оқытып, ұзақ жылдық тәжірибесімен бөлісуде. Дәрістер жоспар бойынша белгіленген сабақ кестесі негізінде жүргізіледі. Білімдерін шыңдап, тәжірибелерін жетілдіруге 536 адам қатысуда. Атбасарлық теміржол саласының еңбеккерлері жергілікті жерде білімін жетілдірсе, жалтырлықтарға арнайы поезбен барып сабақ жүргізуге тура келеді.
– Біздің тыңдаушыларға білімін көтеретін оқу құралдары мен көрнекіліктер, кітаптар жеткілікті. Айта кетерлігі, оқу бөлмесі тарлық етуде. Соған қарамастан, теміржол қауіпсіздігіне байланысты нұсқаулықтарды оқулықтар арқылы оқытамыз. Оның ішінде рельстерді ауыстыру, теміржол көпіріндегі жөндеу жұмыстары, қар тазалау, қыста және жазда атқарылатын тағы басқа жұмыстардың бағыт-бағдарын жеткізіп, қауіпсіздік шараларын сақтауды үйретеміз, – дейді өндірістік оқыту шебері Мырзагелді Мұхамедияұлы.
 Қарағанды қаласында теміржолшыларды оқыту орталығында  білімін жетілдіру курсында арнайы дайындықтан өткен Мырзагелді Мусин шын мәнісінде болат жол  майталманы. Жолдасы Клавдия Ивановна осы мекемеде есепші болып қызмет атқарған. Қазір құрметті зейнет демалысында.
Әке жолын қуған қызы Светлана дистанцияның бас есепшісі болса, ұлы Серік теміржол бойында бригадир болып еңбек етуде. Бір сүйсінерлігі, Мырзагелдінің әкесі Мұхамедия да теміржолшы болып еңбек еткен. Бүгінде үш қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсіріп, балаларын құтты орнына қондырып, олардан сегіз немере, жиен көріп отырған  Мусиндер  әке, сүйікті ата атанған жайы бар.
 Мырзагелді ағаның кеудесінде ұзақ жылдардағы ерен еңбегінің айғағы ретінде «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгілері жарқырайды.
          «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Атбасар ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар