Өтініштер жауапсыз қалмауы тиіс

Таяуда Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығында  заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау мәселелеріне арналған семинар болып өтті.

  Оны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасы өткізді. Семинарға қатысушылар заң мен заңдылықты қадағалайтын тиісті орган қызметкерлерінен күн тәртібіндегі мәселе бойынша  көп жайларға қанығып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптар ала алды.
Семинар отырысында басқарма бастығының орынбасары Айнагүл Жанәділова нормативтік-құқықтық актілерде көзделген құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезіндегі қадағалау, азаматтардың өтініш білдіруіндегі жаңа жобалар және ведомстволық ақпараттық жүйелер арасындағы ақпараттардың өзара алмасуына кедергі келтіретін мәселелер жөнінде баяндап берді.
Айнагүл Балқожақызы өз сөзінде:«Жаңа жобалардың қатарына «Тұлғалар өтініштерінің бірыңғай есебі бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйе» ақпараттар базасынан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдарға күнделікті тексеріс жүргізу мен бақылауға мүмкіндік беретін жаңа сервистік қызметті жатқызуға болады. Яғни, әрбір жауапты қызметкер мемлекеттік органдарға келіп түскен өтініштерін http://212.154.165.214:7777/statEuol/ сілтемесі бойынша үнемі бақылай алады», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» №1-ТӨ нысанындағы есебі бойынша ережесі мен есепті қалыптастырудың нұсқаулығы жөнінде басқарма бөлімінің аға прокуроры Дархан Төкеев түсіндіріп берді.
Бұдан басқа, семинарда ҚР мемлекеттік органдарымен жүзеге асырылатын тексерісті тіркеу, есепке алу мен талаптарын орындау және оны іске асыруды реттейтін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер, сонымен қатар, тексерісті тағайындау, есепке алу және оны жүргізуде мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен жіберілетін қателіктер жөніндегі ақпаратты бөлім бастығы Толқын Мұқышева баяндады.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің және оның аумақтық бөлімшелерінің алғышарттары, алға қойған жоспарлары, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудағы кездесетін мәселелер, сонымен бірге бақылау мен қадағалауды іске асыру кезінде мемлекеттік органдар өзара қарым-қатынасы жөнінде сұрақтар талқыланды.
Өткізілген шара іскерлік деңгейде мемлекеттік қызметкерлердің қызығушылығын танытып, ортақ нәтижеге қол жеткізу үшін пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды.

Жанат СӘБИТОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар