Той, той, тойымыз қалай өтіп жүр?!.

«Бар болса, той-думанға не жетсін» деуші еді анам. Бірақ, ысырапшылдыққа салынбай,  той мәдениетін сақтасақ, қанекей.

Қарызға, несиеге алған қаржымызды тойға шашып жүрміз. Кейін өтей алмай әуреге түсеміз. Қыруар қаржы жұмсаған тойдың өту мәдениетін, ұлттық сипатын ескермейміз. Әйтеуір, бір көрініп қалсақ болды. Келген, көрген адам мақтаса, шіркін. Меніңше, бәрі тәртіптен басталуы керек. Тойдың уақытында басталмауы айта-айта жауыр болған әңгіме. Жақында досымның шаңырақ көтеріп, отау құрған тойында болдым. Асабаның сондағы беташарда айтқан сөзі есімде қалыпты. «Жүз теңге салсаңыздар надан деймін, салсаңдар екі жүз теңге сараң деймін». Қу дүниеге малданған құлқынына қайран қалдым. Той басталмай жатып-ақ, оның қай деңгейде өтетіні белгілі болды. Себебі, тойдың қалай өрбитіні асабаның қолында ғой.
 Көңілдің толмайтыны бір бұл емес. Той жүргізушінің ділмарсып арзан сөйлейтіні тағы бар. Жүргізетін ойындары қазақылықтан тым алыстап кеткен. Бір тойда күйеуі қайтыс болған әйелге асабаның жігіт тауып бермек болған ойынын да көргенбіз. Осындай мәдениетсіз, әдепсіз болуға бола ма? «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде..».  Басқаша қалай айтарсың. Ешкімге той жасама деп айта алмайсыз. Бірақ, салт-дәстүр сақталуы керек қой. Қазақи ән-жыр айту азайып барады. Қасиетті қара домбыраның күмбірі күмілжіп, фонограмманың дауысы күркіреп тұр. Кеше біздер кей әннің сөзіне жан жүрегі егіліп көзіне жас алған қарттарды көретінбіз, қазір «Мария Магдалена» әніне селкілдеп билейтін, қиралаңдап, жығыла жаздап жұлқынатын қарттарды да көретін болдық. Сонда көшіміз қайда бара жатыр? Ұлттық ән-би, дәстүр тойда көрініс табуы керек емес пе? Өйткені, той – тәрбие мектебі ғой.
Осы күні тойда айтылатын бата-тілектер де денсаулық, бақыт тілеуден аспайды. Кәдімгі той үстінде айтылатын тілектердің көшірмесі. Шынымды айтайын, тойдағы қариялардың ақылына, бата-тілегіне таңдай қағып, таңданып көрмеппін. Әйтеуір, ырымын жасап бата қайырғанына тәуба дейсің.
Әрине, осылай дегенде, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жақсы асабамен жақсы тойлар да өтіп жүр.  Бірақ, қазақша-орысшасы аралас, арзан күлкімен өтіп жатқан тойлардың аты жер жарып тұр. Арқада өткен тойда Ақан сері, Біржан салдардың әні шырқалды деген күндер енді келе ме екен? Тойдан дорба емес, жанға азық боларлық дүние алуымыз
керек қой…

Ақынбай СӘРСЕНБИ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар