Елі асылын есіне алды

Өткен сенбі күні Көкшетау қаласында қазақ баспасөзі мен әдебиетіне мол үлес қосқан белгілі журналист-жазушы, қоғам қайраткері Жанайдар Мусиннің туғанына 80 жыл толуы  кеңінен аталып өтті.

 

Алдымен, көрнекті қаламгердің 80 жылдығын атап өту туралы бір топ интеллегенция өкілдерінің өтініш хаты облыс әкімі Сергей Кулагинге жолданғандығын айта кетуге тиістіміз. Хатта Жанайдар Мусин есімін ел есінде мәңгілікке қалдыру бағытында бірқатар іс атқарылуы қажеттілігі атап көрсетілген болатын. Таратып айтатын болсақ, онда алдымен журналист-жазушының шығармашылығына арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік  конференция өткізу, «Жер шоқтығы Көкшетау» атты кітабын қайтадан басып шығару, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Балқадиша» драмалық шығармасын сахналау және Көкшетау қаласынан Жанайдар Мусинге бір көшенің атын беру жөніндегі мәселелер қаузалып еді.  
Мерейтойлық шараға қатысқан қаламгердің замандастары, Мусин мектебі деп аталатын ұлағаты мол, тәлімі терең мектептің шәкірттері және оқырман қауым облыс әкімінің туған жеріміздің тұғыры биік тұлғасының есімін ел есінде қалдыру шараларын құптап, қолдау көрсеткеніне ақ алғыстарын жолдап жатты. Ел өзінің ерлерін ескергені қандай ғанибет!
Шара Жанайдар Мусин есімі берілген Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінен бастау алды. Өткен жылы ғана 25 жылдығын атап өткен колледждің сыртқы сәулеті, ішкі ажары жұтынып тұр. Жазушының атының берілуі де тегін емес, оқу орнының қайта ашылуына кезінде Жанайдар Баймырзаұлы өлшеусіз еңбек сіңірген болатын. Қазір колледж жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жөнінен өзі тектес оқу орындары арасында республиканың алдыңғы легінде. Демек, жазушының абыройлы есіміне қылаудай кіршік түсірмей, ардақтап алып келе жатыр. Келген адам колледжге кіре бергенде-ақ тарихымен тереңірек таныса алар еді. Іргетасы қашан қаланғандығы, қаламгердің есімі берілген күні, қай жылы атауы өзгертілгендігі тәптіштеліп, ыждаһаттылықпен жазылған. Екінші қабатқа көтерілгенде Жәкеңнің күлімдеген сұлу жүзі, маңдайы жарқыраған мүсіні қарсы алады. Өзі оқыған, қайта ашылуына қисапсыз еңбегін сіңірген колледж оқушыларына аса бай рухани жан дүниесінің мейірім-шапағатын себезгілеп төгіп тұрғандай. Ойлы көздерінен ақыл аңғаруға, маңғаз тұлғасынан қайратыңызды жануға әбден болатындай. Дәлізде күн сайын көріп жүрген жас толқын ардагер ағаларының ақ батасын алып, көкіректеріне ой түйетіндей. Жазушының ет жақын туыстары колледжді аралап көріп, мұндағы атқарылып жатқан іргелі, үлкен істерге дән разы болып қалысты.
Колледжде өткен жылы Жанайдар
Мусин атындағы №305 дәрісхана ашылған болатын. 36 студентке лайықталған дәрісханаға жазушының қаламы, әр жылдары алған наградалары, куәліктері мен шығармалары, жазу кезінде пайдаланған көзілдірігі қойылыпты. Бәрі де түйсінген адамға қымбат жәдігерлер.  
Мұнан соң П.Осипенко көшесіндегі Жанайдар Баймырзаұлының құтты шаңырағының қабырғасына кезінде туғанына алпыс жас толуына орай қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Бұл арадағы рәсімді жазушының немере інісі, көкшетаулықтарға есімі жақсы таныс Еркін Баймурзин ашып жүргізді. Көкшенің көрнекті перзентімен ежелден таныс ел ағалары Рүстем Шериязданов, Айдос Әбутәліпов, Тельман Мұқышевтар естелік айтып, жан тебірентерлік лебіздерін білдірді.

Жазушыны еске алуға арналған тағылымы мол шара Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өткен «Көсем сөздің кемел жүйрігі» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Екінші қабатта «Қаламгер және өмір шындығы» атты көрме де ұйымдастырылыпты. Көрмеге әр жылдары жарық көрген жинақтары топтастырылған. Міне, ең алғашқы әңгімелер жинағы «Үміт», оқырманынан оң бағасын алған «Ақ алаң» мен «Туған үйдің түтіні» романдары. Жазушының өзі жан-тәнімен сүйіп, ғұмыр бойы жырлап өткен сұлу Көкшесінің тарихы мен тылсымын сипаттайтын «Жер шоқтығы Көкшетауы». Қай-қайсысы болмасын, қат-қабат шаруасы бастан асып жататын газет жұмысының ара-арасында зор ыждаһаттылықпен  жазылған шығармалар.
Ғылыми конференцияны Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат ашып, жүргізіп отырды. Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов кіріспе сөз сөйледі. Шешен өз сөзінде жазушы-журналист Жанайдар Мусиннің шалқар шығармашылығы, іскер басшылығы туралы айта келіп, ешқашан көнермейтін, ескірмейтін әдеби шығармаларына тоқталды. Жалғыз қаламгерлігі ғана емес, адамгершілік ажары, кісілік келбеті де кеңінен сөз болды. Басшы кейінгі жас өркенге жақсылығымен жарасымды тәрбие беретін осындай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау арқылы рухани жан дүниемізді еселеп толтыратындығымыз әрі тұлғаларымызды ардақтау кейінгіге парыз екендігін орынды айтып өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы-драматург, Мусин мектебінің үздік шәкірттерінің бірі Жабал Ерғалиевтің сөзі тыңдаған қауымға терең ой салып, әсерлі шықты. Дәл осы жерде бұрынғы облыстық «Көкшетау правдасы» газетін 19 жыл басқарған көрнекті редактордың үлкен мектебінен өткен үзеңгілестері мен шәкірттерінің бұл күнде бірнеше басылымдардың тізгінін ұстап жүрген басшы дәрежесіне көтерілгендігін айта кетуге тиістіміз. Олардың қатарында бүгінгі тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің бас редакторы Төлеген Қажыбаев, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Қорғанбек Аманжолов, көп жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облыстық телевидениесі мен газетін  іскерлікпен басқарған, бұл күнде  «Қызылжар-ақпарат» серіктестігінің директоры, «Нұр Отан» партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат болып ұсынылып отырған Кәрібай Мұсырман, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа бар. Түгел қамтылмаған осы тізімнің басында облыстық «Арқа ажары», қалалық «Көкшетау» газеті және «Көкшетау» журналының редакторы болып, еліне  ұшан-теңіз еңбек сіңірген Жабал Ерғалиевті бөле-жара айта кетуге болады. Жабал Ерғалиұлы күні кеше Көкшетау облысы жабылып, аумақтық өзгеріске түскен кезде сексен жылдан астам тарихы бар «Көкшетау» газетін шырылдап жүріп, жабылудан аман алып қалды. Облыстық «Арқа ажары» газеті  Көкшетауға қоныс аударғанда, оның жаңа жерде редакциясын жасақтап, таралымын көбейтіп, мазмұн-келбетін үстеп, ел Президентінің Грантын жеңіп әперді. Көкшетау журналистикасынан, оның көшбасшысы Жанайдар ағаның ерен еңбегінен тылсым сыр шертетін жарқын жылдар жылнамасы іспетті бұрын-соңды болмаған мұражай ұйымдастырып, «Арқа ажары» және «Көкшетау» газеттерінің ескерткіш тақталарын жасатты. Өзгелер басқа орынға көшіп жатқанда, «Арқа ажары» газеті редакциясын бұрынғы облыстық газеттер отырған ғимараттан ешқайда қозғалтпай, оның киелі қабырғасында  Жанайдар Мусин, Жомарт Әбдіхалық ағалардың өшпес рухтарын сақтап қалды.   
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, белгілі ақын-жазушы Төлеген Қажыбаев «Ардақ тұтар азамат» баяндамасында өзі ұстаз тұтып, қанаттас қызмет еткен Жанайдар Баймырзаұлының азаматтық бейнесін, қаламгерлік шеберлігі мен редакторлық айшықты қырын  жан-жақты, толымды етіп баяндап  берді.
Мусин мектебінің тағы бір талантты өкілі, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі  Кәрібай Мұсырман «Мусин мектебінің түлектеріміз» деген тақырыпта баяндама жасап, өз сөзінде Жанайдар Баймырзаұлы басшылық жасаған кездегі облыстық «Көкшетау» газетіне абырой-беделі жағынан еліміздің солтүстік аймағында тең келер басылым болмағандығын екпін түсіре айтып өтті. Кешегі қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдаған кеңес заманында қазағы аз Көкшетау облысында газеттің таралымын 16 мыңға жеткізу зор еңбекпен келген табыс екендігіне тоқталды. Содан соң Жанайдар Баймырзаұлымен қанаттас қызмет еткен Әуез Өтеев, Кәкімтай Әміров, Октябрь Бұқарбаев, Рүстем Бермағамбетов, Мәтен Бижанов, Төлеген Қажыбаев, Нұрқан Есқақов, Қорғанбек Аманжолов, Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев, Жабал Ерғалиев, Дәуренбек Шөрентаев, Бақберген Амалбеков, Райхан Сейітова тәрізді қарымды қаламгер, жүйрік журналистердің есімдері аталды. Редактордың жастарға қамқорлығы, олардың қаламын ұштай білу шеберлігі ұмыт қалған жоқ. Бұл да басшының көрегендігін көрсететін штрихтар.
Ғылыми конференция барысында қаламгердің журналистік шеберлігі, мықты редакторлығы ғана емес, көркем әдебиетке қомақты үлес қосқан жазушылық қыры да шынайы көрсетілді. Әсіресе, әдебиетші ғалым Нұртас Ахатұлының «Тұлға тұғыры», филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұловтың «Көрікті Көкше даңқын көпке жайған» баяндамаларында осы тақырыптарға терең талдау жасалды.
Өлмес ғұмыры басталған қаламгердің артына қалдырған мол мұрасы келешекте әлі де зерттеле түсетіндігі кәміл. Ол өз алдына үлкен жеке бір тақырып. Қазақ педагогикалық колледжінің басшысы Нұртас Ахат пен тұтас ұжымның жоғары жауапкершілікпен күш жұмылдыруының арқасында жазушыға арналған ғылыми конференция осылайша жоғары деңгейде өтті. Бұл – жалғыз біздің ғана емес, қаламгер есімін ардақтауға, аруағына тағзым етуге жиналған қалың көпшіліктің пікірі. Осы бір әсерлі кеште ауызға алынған тағы бір тартымды пікірді жандандыра түскіміз келеді. Ол сенатор Жабал Ерғалиевтің:
–Бүгінгі шара редактор Жанайдар Мусин отырған редакция ғимаратынан басталуы керек еді. Онда абзал ағаның жалынды жылдары өткен. Осы бір қасиетті қара шаңырақта қалған рухы бар. Бір кезде Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының таңдаулы баспасөз қызметкерлеріне тағайындаған  Жанайдар Мусин атындағы сыйлығы бар болатын. Қазіргі филиал осы сыйлықты одан әрі қолға алса, – деп көпшілікке қарата айтқан орынды сөзі еді.
Ғылыми конференциядан кейін марқұмның аруағына бағышталып ас беріліп, құран оқылды. Ас үстінде де аталы сөздер айтылды. Әсіресе, марқұмның жары Райхан Сүлейменқызының, інісі Еркін Баймурзин мен ұлы Мұхтардың жүрек тебіреністері әсерлі шықты. Жалпы, алқалы жұртты елең еткізген осы бір айтулы жиын ат төбеліндей қалам ұстаған ағайынның алқауымен емес, жалпақ жұрттың жанашырлығымен, әрі белсене  қатысуымен өткені бір ғанибет болды. Осылайша тағылымды шара халқымыздың қалаулы ұлы Жанайдар Мусиннің аяулы есімі мен соңында қалған жарқын ісін ел есіне тағы бір салып,  тұлға тұғырын биіктете
түсті.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Суреттерде: мерейтойлық шаралардан көріністер.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар