Менің жүрек қалауым

Үлкен өмірге қадам басқан әрбір жас өз бойындағы қабілетіне сай мамандық таңдайды. Бұл оның өмірдегі ең алғашқы салмақты шешімі. Болашақ баспалдақтарына әртүрлі себептер әсер етеді. Кейде өзінің қалауы болса, кейде ата-анасының ықпалы тиіп жатады.

Мен үшін мамандық таңдау қиынға соқпады. Кішкентай кезімнен балалармен жұмыс істеуді армандайтынмын. Алайда, анамның кеңесімен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде құқық және экономика факультетінде білім алдым. Өзің қаламаған мамандық болған соң  құлшынысың да болмайды ғой. Сол себепті,  педагог-психолог мамандығы бойынша екінші жоғары оқу орнын бітірдім. Міне, бүгінде діттеген мақсатыма жетіп, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде инженерлік экология факультетінде  тәлімгер болып қызмет атқарамын. Студенттердің сабақтағы үлгерімдерін бақылап, оларды оқу орны мен қаланың қоғамдық өмірінде белсенді болуға баулимын.
Білім алушы жастармен тез тіл табысып кеттім.  Орта мектепті орысша аяқтасам да, қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Ес білгелі анам Елена маған қазақша өлеңдер, мақал-мәтелдер жаттатып,  тілге деген сүйіспеншілігімді оятты. Нәтижесінде Сандықтау ауданының тілдерді оқыту орталығының әдіскері болып та үлгердім.
 Жетпіске жуық студенттің жүрегіне ел, ұлт деген ұғымды ұялатып, жан шырағын жаға білу менің басты парызым деп білемін. Себебі, бүгінгі жас толқын ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат болмақ.  Бұл жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын меңгеруде университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөлісуге тырысады.
Қиындығы мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін  өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Өйткені, бұл мамандық – менің жүрек қалауым.

Екатерина БОБКОВА,
Абай Мырзахметов атындағы
Көкшетау университетінің тәлімгері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар