Кермек күлкі немесе махаббат мұңсыз бола ма?..

 Өткен жексенбі күні облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында татар драматургі Ильгиз Зайниевтің «Махаббат FM» комедиясының премьерасы сахналанды. Комедияны қазақ тіліне аударып, қойған режиссер Фархадбек Қанафин.

Комедия басталар алдында бір топ бозбала мен бойжеткен қосымша орындық қойып, жайғасып жатты. Тіпті, комедия аяқталғанша түрегеп тұрып тапжылмай көргендер де болды.
Татар қаламгері Ильгиз Зайниевтің комедиясы бүгінгі күн тақырыбына орайластырылып жазылған екен. Оқиға «Махаббат FM» радиосындағы
диджей жігіт Ілияс пен радионың дыбыс режиссері Шолпанның өз сезімдерін жүректің терең түкпіріне жасырып, сыйластықтың жібек шілтерінен аса алмауынан бастау алады. Негізінде Ілияс қынабынан суырылған алмас қылыштай өткір жігіт. Өткірлігіне қоса айрықша дарынды. Ол бүгінгі көрермен көңілін қалай жаулау керек екендігін, қандай тақырыптардың өтімді екендігін, олардың қандай әнді тыңдайтындарын, бір сөзбен айтқанда өз замандастарының жан дүниесін жақсы біледі. Сондықтан да, радионың тікелей эфиріне қонақтарды таңдап, талғап шақырады. Әні әр жастың көңілін жаулап жүрген Қайрат Нұртас тәрізді жұлдызбен қатар өзгеше кейіптегі МС Сайлаубек те бар. Қазіргі жастардың көңілін өз тілінде ән салатын не құшнаш, не диуана екендігін адам ұғып болмайтын МС Сайлаубек те жаулап жүр.
Белгісіз тілде ән салатын «белгілі» әншінің аты аталғанда ине шаншар орын қалмаған залдың іші бір толқып барып басылды. Осы бір әсерден-ақ тәлімі мен тәрбиесінің түйткілді тұстары бұл күнде көп әңгіменің арқауына айналған жастардың қалауын, ой-өрісінің, талғам-талабының деңгейін аңғаруға болатын сыңайлы.
Комедия алғашқы сәтімен-ақ көрерменді өзіне еріксіз тартып әкетті. Радиода оқылған жұлдыз жорамалдың әдемі әзілге құрылғаны соншалық, күлкі құмырасының тығыны ағытылып кеткендей. Оның үстіне диджей Ілиястың жұлдыз жорамалдағы аң-құстың бейнесін, қимыл-қозғалысын айнытпай дәл келтіретін икемділігі де разылық сезімді тудырған шығар-ау. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда жүзіктің көзінен өтетін Ілияс мың сан радио тыңдаушылармен тікелей байланысқа түспей-ақ, олардың бет-жүзін көрмесе де әрқайсысы өз алдына бір жұмбақ жан дүниесін жаза баспай таба білгенімен, дәл жанында отырған Шолпанға деген таңғы шықтай мөлдіреген сезімін сәуірдің ақ жауынындай селдетіп айта алмайды. Кіршіксіз махаббаттың кірпияздығы, құлай сүйген көңілді сәл ғана ренжітіп алудан қорқатындығы осыдан шығар. «Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» дегендей ай нұрлы, ару сипатты, шымқай қара көк аспандағы шолпан жұлдыздай жарқыраған Шолпанды жігіт жанары шалмай тұра алсын ба? Оған да іңкәр, ғашық жан табылады. «Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу» дегендей сәл өктем мінезді, тәкәппарлау, өз өміріне қашан да разы болып жүретін Бекзаттың кездеспесі бар ма. Шолпанның соңына шырақ алып түседі. Бір нәзік сезім бойында болғанымен, қыздың жолы қашанда жіңішке. Ілияс тіс жармаған соң оның мойнына барып асыла қоятын Шолпан ба. Қиылып тұрған соң Бекзатқа да кет әрі емес. Дәл осы сәтте барып Ілиястың жүректің бір түкпірінде бұйығып жатқан іңкәр сезімдері бұлқынып аққан бұлақтай ағыл-тегіл көкіректен шығып, көмейден төгіліп өріледі десеңізші. Бірақ, бұған Шолпан түгілі манадан бері демін ішіне тартып, енді  не болар екен, оқиға қалай өрбір екен деп күтіп отырған көрермен де сенбейді. Өйткені, Ілияс диджей ғана емес, шебер актер. Ол келмей қалған қонақтың орнында қонақ болып та радиодан сөйлей алады, Қайрат Нұртас болып ән сала алады. Тіпті, жөпшеңді адам тілін мың рет бұраса да келтіре алмайтын МС Сайлау-бек болып та ән сала алады. Не ойнап тұрғанын, не шын айтып тұрғанын айырып болмайтын адамға қайтіп сенерсің. Шолпан да сенбейді.
Ал, өздері араласып жүрген жас-тар Ілияс пен Шолпанның бір-біріне әбден лайықты адамдар екенін жақсы біледі. Екеуінің махаббаттары бүр жарып, тілектері бір арнада қосылып табысқанын қалайды. Ендігі бар мақсат Бекзат пен Шолпанның соншалықты байланысып тұрмаған, бір-бірін жете ұғып, түйсініп тұрмаған, ең бастысы, өліп-өшіп сүйе алмаған арасын айыру. Осы арада қаншама талпыныс, іс-әрекет, қилы-қилы көріністер көрсетілді. Динамикасы екпінді, оқиғалардың сабақтастығы, жамау-жасқауы көрінбейтіндей мінсіз. Ал, актерлердің беріле ойнағандығы соншалық, образ жасау, бейне қалыптастыру жоғары деңгейде.
Ақыр соңында Ілияс пен Шолпан бір-бірін түсінді-ау, әйтеуір. Бірақ, оған дейін қиын, қысталау кезеңнен өтті. Онсыз болмайтын да шығар. Шынайы, шын махаббаттың жолына құрылған бөгет көп. Бұзған ғана жетер, ерлігі асқан ғана ие болар.
Екеуі қосылғанда да той өткен соң, бата берілген соң қосылды. Осы жері көңілді алаңдатады. Киелі сахнадан өліп-өшіп ғашық болған адамына қол жеткізген Ілиястың махаббат майданындағы жеңісін көрген жас-тар дәл осылай әрекет етуге болады екен ғой деп ойлап қалулары әбден мүмкін. Біздіңше, тойға жеткізбей, бата берілмей тұрып бәтуа жасағанда қалай болар еді. Қазақы ұғымда батаны бұзған оңбайды ғой.   
– Комедия өте тартымды өтті. Жастар көп жиналды,–дейді Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің білім алушысы Нариман Егінбек, – біз театрдың барлық қойылымдарынан хабардармыз. Көбіне келіп жүреміз. Жастар шынын айтқанда жеңіл тақырыптарға қойылған қойылымдарға ынтызар. Ал, күрделі, классикалық туындыларды ұғу – санаға салмақ. Тарихи тақырыптарға, кейбір драмалық туындыларға аздау келетіні сондықтан шығар. Театрдың репер-туары бір жыл ішінде бірнеше жанрды қамтитындығын жақсы білеміз. Бірақ, көрермендерді, оның ішінде жастарды тарту үшін бүгінгідей қойылымдар болып тұрса екен.
Сөз соңында қоюшы режиссер Фархадбек Қанафиннің табысын атай өткіміз келеді. Басты кейіпкерлерді сомдаған Еркебұлан Төлеуов пен Еркежан Мұратханның, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Айна Жүнісованың, Зүлкәпіл Батиханның тамаша ойынын атай кетсек орынды. Көпшілікке әншілігімен танылған Рашида Ғалымова тұңғыш рет сахна төріне көтерілсе де кәсіби актрисалардан сынықсүйем кемдігі жоқ, қайта қабілеті қаптал жететіндігін айқын көрсетті десек, біздің бұл бағамызға кешегі көзайым болған көрермен де қосылар деген ойдамыз.  

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Суретті түсірген Берік
Ескенов. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар