Жаңа асулар бағыты

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетовтің және облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов аудан тұрғындары алдында өткен жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы міндеттер туралы есеп берді.

  Аудан әкімі өз сөзінде елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есеп беру кездесулерін өткізу жақсы дәстүрге айналғанын, бұл атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыруға үлес қосатын ашық сұхбат екенін атап өтті. Былтырғы жылғы кездесу барысында қойылған сауалдар мен ұсыныстар бақылауға алынып, мәселелердің бәрі орынды шешілген. Елбасының тапсырмасын орындау аясында атқарылған жұмыстар жөнінде әр елді мекеннің тұрғындарымен есеп беру кездесулері өткізіліп, ауданның дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Оны шешудің жолдары мен әдістері қарастырылды. Сондай-ақ, тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсарту жоспары нақтыланды.
Биылғы жылғы аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулеріне төрт жарым мыңдай адам қатысты. Әлеуметтік мәселелер бойынша қырықтан астам ұсыныс түсті. Көптеген ұсыныстар шешімін тапты. Он мәселе мен ұсынысты шешу шараларының жоспары жасалып, алтауы орындалды. Биылғы жылы Балкашин селосында автостанция жұмысын ұйымдастыру, орталық бу қазандығына көп қабатты тұрғын үйлерді қосу, Петриковка мен Арбузинка селолары арасындағы көпірді және Новоромановка селосына кіретін жолды жөндеу мәселелері шешіледі.
Одан әрі аудан әкімі өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жөнінде баяндады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 17 миллиард 517 миллион теңгені құраған. Бұл 2014 жылғы деңгейден артық. 280 мыңға жуық алқаптағы астық шашпай-төкпей жинап алынды. Гектар берекесі 14,6 центнерден айналды. Аудан тұрғындары 6,1 мың тонна картоп, 2,9 мың тонна көкөніс жинап, өңір тұрғындарының ішкі қажеттілігін қамтамасыз етті. Шаруашылықтарда астық сақтайтын нысан пайдалануға беріледі.
Өткен жылдан бері  «Свободный» серіктестігінде астық сақтайтын қоймалар салынуда. «Байдалы» серіктестігінде астықты кептіріп, сақтайтын механикаландырылған қырман салынды. Келесі жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін қажетті тұқым қоры құйылды. Жер өңдеу жоспары орындалған. Бір жарым жылдық шөптің қоры жасалды. 2015 жылы маусымдық дала жұмыстарына жеңілдетілген дизель отыны, «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы несие берілді. Қаржы толығымен кейін қайтарылды. Сондай-ақ, бірқатар ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Мал шаруашылығын дамытуға да назар аударылуда. 4,6 мың тонна ет, 17,8 мың тонна сүт және 4,36 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ірі қара мал саны 0,3 пайыз, жылқы басы 7 пайыз және шошқа саны 0,9 пайызға өсті. Ал, қой-ешкі санының азаюы алаңдатады.
Ауданда «Агробизнес-2020» бағдарламасының екінші бағыты жүзеге асырылуда. Бұл бағыттың дамуы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өнімділігі жоғары мал сатып алуына ықпалын тигізеді. Өткен жылы аудандағы екі шаруашылық несие алып, 93 бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 168 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы аясында 177 қой сатып алды. «Жайлауға су тарту» бағдарламасы шеңберінде  2 скважина қазылды. Малды асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта  25 селолық тұтынушылар кооперативі құрылды. «Жұмыспен қамтудың  жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға  18 несие берілді. «Золотой колос» шаруа қожалығында астық кептіретін қондырғы орнату межеленген. Елді мекендерде сүт қабылдау орнын, тауарлы сүт фермасын, мал соятын алаң, сүт кешенін ашу межеленген.
Қолданыстағы баға бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1827,4 миллион теңгені құрады. Ауданда ірі кәсіпорын жоқ. Өнеркәсіп өндірісінде негізгі үлес «Сандықтау астық» серіктестігіне тиесілі. Кәсіпорын өткен жылы 5,2 мың тонна ұн өндірді. Биыл ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін және жеміс-жидек өнімдерін өндіретін жаңа кәсіпорындар ашылмақшы. Сондай-ақ, жаңа карьер, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары пайдалануға беріледі деп межеленген. Ауданда 1383 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар өткен жылы 1820 миллион теңгенің өнімін шығарды, жұмысын атқарды және қызмет көрсетті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына шағын бизнестің 12 субъектісі қатысты. 2015 жылы бес серіктестік пен жеке кәсіпкерлердің 77 нысаны ашылып, жұмыс істеуде. Биыл бірқатар елді мекендерде кондитерлік цех ашу жоспарланған.
Негізгі капиталдағы инвестицияның көлемі былтырғы жылғыдан аз. Инвестиция тартудың негізгі көзі кәсіпорындар қаржысы мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға бағытталған несие болып табылады. Өткен жылы 1454 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл екі пәтерлі 7 тұрғын үй және екі астық кептіргіш нысаны пайдалануға беріледі. Балкашин селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады. Жылу беру маусымына дайындық кезінде әлеуметтік саланың нысандарын жылытатын 55 бу қазандығы жөнделді, 818 метр жылу құбыры салынды. Нәтижесінде кітапхана, ветеринарлық зертхана, спорт кешенінің ғимараттары жылумен қамтамасыз етілді.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлініп, Каменка мен Лесной селоларының және жеті селоның көшелеріне жарық орнатылды. Аудан орталығындағы 2,4 шақырым көшенің жарығы жөнделді. Өңірдің елді мекендерінде тазалық пен тиісті санитарлық тәртіпті сақтау мақсатында «таза бейсенбі» акциясы мен сенбіліктер өткізілді. Ескерткіштер, шарбақтар мен жолдар тәртіпке келтіріліп, күл-қоқыс ошақтары жойылды. Жұмыссыздықты азайту мақсатында 509 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда 192 мүгедек адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы осындай 16 адам жұмысқа орналастырылды. Сөйтіп, жәрдемақы алатын отбасылар саны азайды.
Одан әрі аудан әкімі білім, денсаулық сақтау, спорт, туризм, мәдениет және қоғамдық құқықтық тәртіп салаларының жұмыстары жайында баяндап берді. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы қоғам тұрмысының сапасын арттыруға бағытталған. Ұлт Көшбасшысы өз сөзінде халықтың лайықты өмір сүруі үшін барлық тетіктер барын, қоғам жатып ішерлік пиғылдан арылуы қажеттігін атап өтті. Өңірде 48 ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әр тұрғын жоғарыдағы жауапкершілікті жете түсініп, ортақ істен шет қалмауы тиіс.

Мәдина ҚАСЫМОВА.
Сандықтау ауданы.      
 
Суретте: есеп беру кездесуінен көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар