Тым болмаса, жарнамамыз түзелмеді-ау!..

Қолымызда бар дүниеге жарнама жасауды әдетке айналдырдық. Айналаңа қарасаң, жарқыраған жарнамалар, қаптаған хабарландырулар. Қалаға оқуға келген досыма пәтер іздеумен жүргенде бұған да көз жетті. «Самал» дүкенінің қасына жеткенде досым маған «бұларың не?» деген сұрақ қойды. Көктен түскендей қойылған бас-аяғы жоқ сұрағын түсінбей, емеурінмен бас изеп, «нені айтасың?» дегенді білдірдім.

 

Түсінбегені мынау: «Бекіту материалдары. Бұрындар, салындар, тығырықтар, түртпектер, зімпаралы қағаз». Бір қарадым да кәсіби сөздер ғой деп өте бердім. Кейін көшедегі әр сөзге мән беріп қарай бастадық. Бірақ, ол ешқандай сұрақ қойған жоқ. Қазақшаны қазақшаға өзіміз аударып оқып алдық та, жүре бердік. Іштей түңіледі екенсіз…
Көше бойлап жүре қалсаңыз, қате жазылған атаулардан көз ашпайсыз. Жол бойынан «төлқужаттарыңызды» рәсімдейтін мекемелерді, «суық суысын» сататын «дімгүршіктерді» кездестіресіз, қалағаныңызды таңдасаңыз, олар сізге өздері «жетікзіп» береді. Көкшетау базарына жолыңыз түссе «Пәкістанан» «жук көліктерімен» келген киімге немесе «мұсұльман айелдеріне арналган, әдеми киімдерге» қызығасыз. Жиһаз дүкендеріне бара қалсаңыз «түсқағаз ба», қалай еді дұрыс атауы, қысқасы, басыңыз айналып бұлардың да түсін ажырата алмай қаласыз. Республикалық телеарналардың бірінде «Көкшетауда қосалқы бөлшек туатын КамАЗ пайда болды немесе жанармай бекетінде өрт шықса 101 нөмерін теріп шырылдаңыз» деп сынағанда ойланып  отырып қалғанбыз. Көше бойындағы қателермен Көкшенің аты шығуы намысқа тиіп еді.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-тарауының 21-бабын еске салайық. Онда «бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал, қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.
Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн» деп атап көрсетілген.
Ал, біздер заңды орындаймыз деп қазақ тілінде жазуды мақсат етіп, қатесін ескермей, мәтінді жариялай береміз. Бұл да заң бұзушылық екенін білгеніміз жөн. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 349-бабында Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жарнаманы тарату тілдеріне қойылатын талаптарды бұзу, жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, жеке кәсіпкерлерге, лауазымды адамдарға елуден жетпіске дейінгі мөлшерінде, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға  жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға екі жүзден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады делінген.
Қате жарнамалар туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасы жеке кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстарын ғана жүргізіп, тек қана ұсыныстар айтумен шектеліп, оларға қатаң түрде ескерту, я болмаса ол қателіктердің түзетілуіне белгілі бір уақыт белгілей алмайтыны өкінішті-ақ. Өйткені,  басқармаға ондай құзірет берілмеген.
Халықтан шағым түскен жағдайда ғана тіл басқармасы шара қолдана алады, ал, көпшіліктің мұндайға мән бермей отырғанын түсіну қиын. Жарнамадағы қателіктермен басқарма ғана емес ұлт зиялылары, қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары да күресетін болса, жағдай жақсарар ма еді. Тіл төңірегіндегі мәселе белгілі мекемелерді ғана емес, тұтастай  ұлтты ойландыруы керек сияқты. Тіл – ұлттың ұлы қазынасы. Оның лайлануына жол бермеуіміз керек.
Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин өз тараптарынан түсіндіру жұмыстарының жеміс бермей жатқанын айтады. Облыста жарнамалардағы сауатсыз аудармалардың саны тізімге алғанда бір мыңнан асқан. Мұндай қателіктердің санын азайту үшін тіл басқарма жарнама агенттіктеріне тегін қызмет те ұсынып отыр.
Өз тілінде сөйлескен, өз тілінде жазған жұрт ұлт ретінде ешуақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады, дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Көше бойында көзге түскен қателерді көріп тұрып үнсіз қалуға, тіл тағдыры ұлт тағдыры екенін ескермеуге болмайды. Сауатсыз жазылған жарнамаларды түзетіп,  тілімізге жанашырлық танытуымыз керек.

Ақынбай СӘРСЕНБИ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар