Ел құрметіне бөленген

Мемлекеттің байлығы мен мүлкін тілсіз жау – өрттен қорғау жолында саналы ғұмырын сарп еткен Нұрпейіс Ақпарұлы бұл күндері зейнеткерлікте. Еселі еңбегі лайықты бағаланған ол кезінде республика Жоғарғы Кеңесінің  Құрмет грамотасымен және көптеген төсбелгілерімен марапатталған жан.

 

Нұрпейіс Ақпаров бұрынғы Көкшетау облысының Көкшетау ауданына қарасты Жылымды ауылының перзенті. Әкесі Ақпар Шөкенұлы осы елдің шаруашылығын басқарған жұмысқа алғыр, адал азамат болса, анасы Жаңыл Сағынбайқызы да шаруаға пысық еңбекқор, қонақжай, ақжарқын адам екен. Жастайынан анадан айырылып, әке тәрбиесінде болған Нұрпейіс қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, шаруашылыққа ерте араласты да, балалық балдәурен шағын қиындықтың қыл бұрауына амалсыз ұсынды. Орта мектепті бітірген соң Саратов қаласындағы бір жылдық өрт күзеті қызметкерлерін дайындайтын оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Өрімдей жас жігіт өртке қарсы қызмет саласындағы жұмысын Щучье қаласынан бастайды. Кейін Рузаев ауданының өрт сөндіру бөлімін басқарады. Сөйтіп, ол басшылықтың қыр-сырына қаныға бас-тайды. Ұзақ жылдар бойы Көкшетау, Талдықорған, Торғай облыстарының облыстық өртке қарсы қызмет салаларын шеберлікпен басқара жүріп, кіші лейтенант шенінен полковник шеніне дейін көтерілді. Еңбекпен тапқан нанның қадірін білетін ол өзінен кейінгі жас буын өрт сөндірушілерді де еңбекке, адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуде көп еңбек сіңірді. Бүгінде Шолпан апайымыз екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған өнегелі отбасы.
Әке жолын қуған үлкен ұлы Мұрат ұзақ жылдар бойы өрт сөндіру саласында аянбай еңбек етіп, полковник шеніне дейін көтерілді. Жалпы мемлекеттік өртке қарсы қызметте жүрген кезінде Мұрат әкесінің абыройлы атына кір түсірмей, міндетін мінсіз атқарды. Қызы Рәзия Ақпарова заң ғылымдарының кандидаты, полковник, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында еңбек етсе, екінші қызы Райхан да білімді де білікті адвокат. Ағамыздың Марат есімді ұлы да заң саласында қажырлы еңбек етіп жүрген беделді мамандардың бірі. Саналы ғұмырын Отан алдындағы борышын адал орындауға арнаған ардақты ағамыз бұл күндері ұрпағын өрбітіп, бес немере сүйіп отырған абзал жан. Үлкен немересі Әсел заң саласында еңбек етуде, Олжас атты немересі Алматыдағы Бизнестің халықаралық университетін ойдағыдай аяқтап, бизнестің биігін бағындыруға талпынған жас өрен.
Нұрпейіс Ақпарұлы зейнеткерлікке шықса да қол қуысырып отырған жоқ, әлі де болса тәуелсіз мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына тездетіп қосылу жолында ұшан-теңіз еселі еңбек жасап жүрген қарт жауынгер. Қазіргі уақытта Нұрпейіс Ақпарұлының түрткі болуымен өртке қарсы қызмет саласына саналы ғұмырын арнаған қарттарымыз қамқорлыққа алынып отыр. Бұл кісінің ұсынысымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде «Ардагерлер кеңесі» құрылды. Аталмыш кеңестің төрағасы болып сайланған Нұрпейіс Ақпаров еліміздің барлық облыстарында ардагерлер кеңесін ашты. Нұрпейіс ағамыздың бастамасы жалғасын тауып, игілікті іс бүгінгі күндері  ақсақалдар алғысына бөленуде. Жас-тайынан еңбектенуге үйренген қадірлі ағамыз қоғамдық жұмыстардан қолы сәл босай қалған шақта қолына қалам алып, өмірдегі жиған-терген тәжірибесін қағаз бетіне түсіруде. Сол қажырлы еңбектердің нәтижесі ретінде ағамыздың «Ветераны в строю» атты жинағы ардагерлерге қуат бергендей. «Сенің мәдениетің – сәттілік кепілі» атты тәлім-тәрбиелік оқулығы жастарды тәрбиелеу ісінде қолданылатын маңызы зор еңбек. Ағамыздың келесі бір еңбегі «Тілсіз жаумен бетпе-бет» деп аталады, мұнда автор өзінің өмірлік іс-тәжірибесімен бөлісіп, өрт сөндіру саласындағы қауіп пен қатердің, қызметтің ерекшелігін шебер жеткізе білген. Аталған еңбектердің қазіргі уақытта жастарды тәрбиелеу ісіне қосары мол дүние екендігі сөзсіз.
Нұрпейіс ағамыз қаншама жыл қызмет бабымен туған елден шалғай жүрсе де кіндік қаны тамған туған ауылы Жылымдыны бір сәт естен шығарған емес. Республикалық маңызы бар үлкен жолдың бойында ірге тепкен елді мекеннің өзге ауылдар сияқты үдере қалаға көшпей, айрандай ұйып, бірлесе туған топырағында еңбек етіп, тіршілік жасауына ат салысуда. Соңғы жылдары Жылымды ауылында бой көтерген заманауи талапқа сай ауыл мектебінің, жаңа мешіттің салынуына мұрындық болып, үлес қосқандардың бірі екендігін біле жүргеніміз абзал.
Қиындығы мол, қауіпті істі атқаруда табандылық пен көрегендік танытқан осы саланың қарт – жауынгері Нұрпейіс Ақпарұлы Ақпаров келешек жас өрт сөндірушілерге, ұрпақ тағылымына үлгі боларлықтай өнегелі тұлға. Осы орайда, айта кетерім Нұрпейіс ағамыздай ел перзентін, аяулы азаматымызды бүкіл жұрт болып құрметтеп, сұлу Көкшетау қаласының Құрметті азаматы деген атаққа ұсынсақ, нұр үстіне нұр жауары сөзсіз. Менің бұл ұсынысымды көкшелік саналы азаматтар мен мәслихат депутаттары қолдап, игілікті іс шешімін тапса, тағы да бір ел құрметіне бөленген көкшелік азаматтың мерейінің өскендігі болар еді.

Дәулет ШАМИҒАНОВ,      
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бастығы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар