Бағдарлама серпін берді

Биыл еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Осы кезең ішінде тәуелсіз Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Елбасымыздың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырар жұмыстар мен мақсат биіктерін айқындап берді.

 

Астаналық облыстың өнеркәсіпті өңірлерінің бірі болып саналатын Степногорск қаласында әлеуметтік-экономикалық даму бағдары бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Өткен бір жылдың ішінде қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 70,2 миллиард теңгенің тауарлы өнімін өндіргенін айтсақ, осы сөзіміз бұған дәлел бола алады. Қала бюджетін толтыруда елеулі рөл атқаратын «Қазақалтын» АҚ-ы, «Степногорск жылу-электр орталығы» серіктестігі сияқты алып кәсіпорындар әлемді қамтыған дағдарысқа қарамастан, өткен жылы өндіріс көлемін арттырмаса, кеміткен жоқ. Мәселен, «Қазақалтын» АҚ-ы 2014 жылы 12 миллиард теңгенің өнімін өндірсе,  2015 жылы өндіріс көлемі 15,5 миллиард теңгені құрады, ал егін шаруашылығы үшін пестицид шығаратын «Астана-Нан «Кемикалз» серіктестігі 11 миллиард теңгенің өнімін өндірді (2014 жылы 7,6 миллиард теңгенің өнімін өндірген). Степногорск жылу-электр орталығы 2014 жылы 5,8 миллиард теңгенің электр қуатын өндірсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 7 миллиард теңгені құрады, ал биылғы жылы 7,2 миллиард теңгенің өнімін өндіреміз деп жоспарлап отыр.  Өндірісті әртараптандыруға да көңіл бөлініп, мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың сәуір айында  Қызылту кенішінде өндірілген мыс-молибден қоспасын өңдейтін гидро-металлургия зауыты іске қосылып, 5,7 мың тонна мыс концентраты өңделді. Ал, биылғы жылы зауыт 2500 тонна уран мен 12,3 мың тонна мыс концентратын өңдейміз деп жоспарлауда.
Республикалық Индустрияландыру картасы шеңберінде «Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі 2015 жылы тамыз айында күкірт қышқылы өндірісін жолға қойып, 40 мың тонна өнім өндірді, жаңадан 211 жұмыс орны ашылды.
Өткен жылы аймақтық Индустрияландыру картасына мұнай өнімдерін өңдейтін шағын зауыт ашу жобасы («Астана-Ойл» мұнай үйі» ЖШС-і), пестицид шығаратын «АвгустНан» серіктестігі жобасы енгізілген еді. Биылғы жылы аймақтық Индустрияландыру картасына тағы екі жоба енгізіледі деп күтілуде. Осы  жайлардың бәрі өнеркәсіпті қаланың өндірістік әлеуетінің арта түсетінінің айғағы десек, артық айтқандық емес.
Нарық заманында барлық мәселе ақшаға келіп тірелетіндігі белгілі. Осы орайда, экономиканы өрге бастыру үшін өндіріске инвестиция тартудың маңызы зор. 2015 жылы негізгі капиталға  10 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл қаржының 8,7 миллиард теңгесі немесе 86,9 пайызы жекеменшік иелерінің үлесінде. Инвестиция тарту 2014 жылмен салыстырғанда 107,2 пайызды құрады. Яғни, өндіріске инвестиция салу деңгейін түсірмей, керісінше біршама көтеруге қол жеткіздік.
Елбасымыз үлкен алқалы жиындарда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жа-йын үнемі айтып келеді. Өйткені, еліміздің экономикасын дамытуда бұл саланың алатын үлес салмағы елеулі. Степногорск қаласында бүгінгі күні 3760 кәсіпкер тіркеліп, жұмыс істеуде. Шағын және орта кәсіпкерлердің қала бюджетін құраудағы үлес салмағы 37 пайыз деңгейінде. Өткен жылы осы сала қосымша  420 жұмыс орнын құрды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіледі. 2015 жылы 190,2 миллион теңгенің  8 жобасы субсидияланды. Олардың қатарында балабақшаны кеңейту, шағын автобус сатып алу, экологиялық сараптама жасайтын зертхана, дәріхана ашу сияқты жобалар бар. Оған қоса  жалпы құны 13 миллион теңгені құрайтын бес грант берілді. Жалпы алғанда мемлекеттік бағдарламалар аясында кредит портфелі 1,1 миллиард теңге болатын 28 жоба субсидияланды.
Степногорск негізінен өнеркәсіпті қала болғанымен, ауыл шаруашылығы саласы да жақсы қарқынмен дамып отыр. Өткен жылы бұл сала 2,9 миллиард теңгенің өнімін өндірді.  2014 жылмен салыстырғанда бұл 190 пайыз деңгейінде. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіші екі есеге жуық өскен. Оның 2,2 миллиард теңгесі егін шаруашылығының үлесінде болса,  0,7 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Биылғы жылы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында екі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Оның біріншісі, «Қазақстанның жылыжай технологиясы» серіктестігінің аумағын 6 гектарға дейін кеңейту, ал екіншісі  1,5 мың гектар алқапқа көкөніс егу жобасы. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 195 жұмыс орнын ашуға жағдай жасайтын болады.
Жалпы, қаламыздың дамуына моноқалалар бағдарламасының тигізіп отырған пайдасы үшан-теңіз. Біз жоғарыда уақыттың өзі талап етіп отырған өнеркәсіп, шағын және орта бизнес саласындағы атқарып жатқан жұмыстарға баса көңіл бөлдік. Мұнымен бірге, қаланың келбеті де жақсару үстінде. Сонғы жылдары қайта жаңартылған қала көшелері, су құбыры жүйелерінің ауыс-тырылуы, тағы басқа да игілікті істер осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Әнуар КҮМПЕКЕЕВ,
Степногорск қаласының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар