Нұрғожа Нарынбайұлы Ораз

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 84 жасқа қараған шағында белгілі ақын-жазушы, журналист-публицист Нұрғожа Нарынбайұлы Ораз қайтыс болды.
Нұрғожа Ораз  1932 жылы Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданы «Октябрь» колхозында дүниеге келген. 1956 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң туған ауылында мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Кейін Қостанай облыстық «Коммунизм туы» газетінде тілші болып қызмет атқарған. 1963 жылы  Целиноград қаласына қоныс аударып, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа ауысады. 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқарды. 1990 жылдан қашан өмірден өткенше өзі ашқан әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Сарыарқа» (кейін «Жаңа Сарыарқа») журналының бас редакторы болды.
 Қаламгердің алғашқы өлеңдер жинағы 1964 жылы «Тұңғыш кітап» деген атпен жарық көрді. Одан кейін әр жылдары балаларға арналған «Кім табады?», «Шұғыла», «Көңіл көктемі» атты кітаптары баспадан шықты. Ал, 50 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тың ырғақтары» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жеке кітап болып оқырмандарға жол тартты. Кейін «От кешкен балалық шақ», «Достар хаты», «Жауқазын шақ», «Таңдау» сияқты көптеген кітаптары бірінен соң бірі  баспа жүзін көріп жатты. Өзінің шығармашылық ғұмырында ерінбей-талмай зор қалам қарымын танытқан Нұрғожа Ораз барлығы 30-ға жуық кітаптың авторы атанып,  қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосты. Оның қаламынан туындаған өлеңдері мен поэмалары, повестері мен романдары көкейкестілігімен оқырмандар жүрегінен лайықты орын
алды.  
Нұрғожа Ораз драматургия саласында да қарымды қаламгер ретінде танылды. Осының айғағы ретінде «Қиядағы қақтығыс», «Армысың, таңым» атты пьесаларын айтуға болады. Білікті публицист, проблемалық очерк, деректі жанрдың шебері ретінде де жазушының есімі бүкіл елімізге танымал еді. Оған осы бағытта жазылған «Дала демі» кітабы нақты дәлел бола алады.  
Қазақ әдебиетінің тау тұлғалары Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, тағы басқаларының  алдын көрген, Тұманбай Молдағалиев сияқты қазақ поэзиясының марқасқаларымен  достығы жарасқан асыл ағамыз шын мәнісінде, өткеннің көзі, жақсының өзі болатын. Ел тәуелсіздігін баянды ету жолында қаламымен, қоғамдық белсенді қызметімен аянбай тер төккен Нұрғожа Нарынбайұлының Отан алдында сіңірген еңбегі әр жылдары лайықты бағаланды. Ол еліміздің орден-медальдарымен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының  лауреаты атанды.
Көңілі кең, жаны жомарт абзал аға «Тың өлкесі» газеті болып тұрғанында өзі киелі шаңырағында еңбек еткен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті мен «Көкшетау» әдеби-көркем журналымен де байланысын үзбей, топтама өлеңдері мен прозалық туындыларын ықыласпен ұсынып тұратын. Әсіресе, Қазақ КСР халық ақыны Шәкен Отызбаев туралы журналымызда жарияланған деректі дүниесі оқырмандар тарапынан жылы қабылданғаны есімізде.
Жасы жағынан да, соңында қалдырған бай әдеби мұрасы тұрғысынан да Арқа ақын-жазушыларының көш басында тұрған қарымды қалам иесінің қазасына байланысты өмірлік жары Айман апайымызға, балалары мен немерелері, жақын туыстары, ағамызды білетін барша қауымға қайғырып, көңіл айтамыз. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Алла тағала иман байлығын берсін, асыл аға!

Ақмола облыстық «Арқа ажары»
газетінің және «Көкшетау»
журналының редакциялары.       

 

 

Сарыарқаның сарбазы еді

 

Ол кезде…  кешегі кеңестік жүйенің билігі мен әмірі жүріп тұрған кезде бүгінгі Қазақстанның солтүстік аймағында, соның ішінде облыс орталықтарында  қазақ тілінде сөйлесудің өзі мұң болатын. Екі қазақ өз тілінде сөйлесіп келе жатса «не деп тұрсыңдар, кәнеки, орысша сөйлесіңдер» деп алая қарайтындар  кездесіп жататын.  Ана тіліміз жетімдік көріп, ұлттық рухымыз бен намысымыз аяққа басылып жатар сол тұста бүгінгі Астанада, кешегі Ақмола мен Целиноградта Нұрғожа Ораз, Көкшетауда Еркеш Ибраһим, Қызылжарда Бақыт Мұстафин, Қостанайда Байтұрсын Ілиясов, Арқалықта Сейіт Кенжеахметов сынды бір-бір қарымды қаламгерлер болатын да, олар осы өңірлерде ұлттық рух пен намыстың қорғаны, ана тіліміздің панасы, өз халқының шынайы жоқтаушылары мен жанашырлары, ұлт мүддесі жолында күрескер
тұлғалар еді.
Міне, сол тұлғалардың бірі Нұрғожа ағамыз да дүниеден озды. Кешегі Ақмола мен Целиноградтың коммунистік идеясының жалыны аузынан шығып тұрған заманда ұлттың мүддесін бәрінен де жоғары қоя білген, тілі мен ділі үшін күресе білген, «целинщиктерге» қазақтың асыл да абзал қасиетін таныта да білген Нұрғожа Ораз ағамыздың өз елі мен халқына сіңірген еңбегі жанды деуіміз керек. Ел тәуелсіздігін алған кезеңдегі және Қазақстанның астанасын Алматыдан Сарыарқаның төсіне көшіру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қадамын алғашқы болып қуана құптаған да, баспасөзде дәлелді де дәйекті сөзі мен пікірін де айта білген Нұрғожа ағамыз өз елі мен халқының алдындағы перзенттік парызын адал атқарып кетті.
Өмірінің біраз жылдарын «Сарыарқа» журналын шығаруға арнаған Нұрғожа Ораз қазақ тарихының қаншама ақтаңдақ беттерін ашты, қаншама талантты жастардың бағын ашты десеңізші. Нұрғожа ағамыз Қазақстанның  солтүстік аймағындағы қаншама талантты жастарды қолынан жетелеп әкеліп, қолдап, қолтықтап, батасын беріп, әдебиеттің қасиетті босағасынан аттатқызды. Ағамыз ақын Тұманбайдың адал досы еді! Ағамыз ақын Кәкімбектің сырласы еді! Біз кейінгілер осы ағалар арасындағы адал да таза достық көңілдерінің  жылы да шырайлы сәттеріне қызығатынбыз. Бір-біріне деген көңілдері суымай кеткен сол ағалардың бәрінің де қара жердің суық қойнында жатқандарын ойлағанда жаныңды мұң билейтіні бар. Енді, біз де сол ағалар рухына басымызды ие отырып, Сарыарқаның сайын даласындағы қорымнан мәңгілік орын тепкен Нұрғожа ағамызбен де қимай қоштасамыз. Бақұл болыңыз, ардақты аға! Сіз Сарыарқаның ұлттық рухының шынайы сарбазы едіңіз!

   Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
 Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты.

Астана.

 

 

 

Бақұл болыңыз, аяулы аға!

 

Тосын хабар қадірлі ағамыз, есімі қалың қазақ еліне кеңінен танылған қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын-жазушы Нұрғожа Нарынбайұлының өмірден озғанын жеткізді. Тағдырдың жазуына мойымасқа шараң жоқ екенін осындайда айқын сезінесің. Амал қанша…     
Өткен шақта сөз сөйлеу, қалам тарту тіпті қиын. Нұрғожа ағамызбен менің алғашқы таныстығым өткен ғасырдың 60-сыншы жылдары мектеп қабырғасында Қорғалжын ауданы орталығындағы орта мектепте болып еді. Осы Нұрекең мен майдангер жазушы Әскен Нәбиев ағаларымыз бастаған алматылық бір топ ақын жазушылар ауданымызды аралаған сапарларының бір күнінде білім ордасына әдейі басын бұрып, осындағы жоғары сынып оқушылармен жүздескен еді.
Арамыздағы әдебиет үйірмесінің мүшелері қойған сауалдарға толымды жауап қайтарып, оқушылардың шығармашылығына, әдебиетке, оның ішінде әңгіме, өлең жазып жүрген жас түлектерге ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар нұсқап, қайсыбіріміздің сиясы кеппеген дүниелерімізді өзімен бірге алып кетіп, кейін республикалық, облыстық басылымдарда жариялатқан еді.    
Бұдан кейінгі ақын ағамен арамыздағы таныстық 1971 жылы өзім қызметке қабылданған облыстық «Коммунизм нұры» (бүгінгі «Арқа ажары»)
редакциясы қабырғасында жалғасын тапты. Нұр-аға ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының осы солтүстік өңірдегі бес облысты қамтитын бөлімшесін басқарады екен. Партиялық есепке редакциядағы ұйымға тіркелген. Қызмет бөлмелеріміз бір қабатта, қатарлас. Жиі араластық. Кейде редакцияның тапсырысымен тақырыптық лездемелерімізді де өткізіп жүрді.
Осы кезеңде өзі де өндірте шығармашылықпен айналысты. Сан алуан тақырыпты қамтыған өлең-дастандары, деректі прозалары, балаларға арналған кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Облыстың, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Ең бір атап өтерлік игілікті шара ұмытыла бастаған ақындар айтысын ұйымдастырып, осы аймақтағы ақындардың басын қосып, бүгінгі Конгресс хол сахнасына шығарып, ақмолалықтарды бір серпілтіп тастап еді. Бұны ұмытуға
бола ма?!.
Иә, көз көрген қызметтес, сырлас, дәмдес болған ағаларымыз, құрбы-құрдастарымыз, інілеріміздің қатары сиреп келеді. Осындайда өзегіңді өрт шалғандай сезімде боласың.
Нұрғожа ағамыздың қолға алған игілікті бір шаруасы – өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары облыс орталығында шыға бастаған «Сарыарқа» әдеби-көркем, танымдық журналы еді. Шығармашылық орта бұл басылымды жақсы қабылдады. Журналды қолдайтын демеушілерді тартып, оның таралымын едәуір көбейтті. Ана бір жылдардағы қиыншылық кезіндегі шықпай қалған басылымды бертінде «Жаңа Сарыарқа» деген атпен қайта жандандырған еді. Нұр-ағаның еңбекқорлығы баршамызды қызықтыратын. Ал, өзі тындырған шаруасының ешқайсысына да «болдым, қойдым» деген емес. Қаламы қолынан соңғы демі таусылғанша түсірмегенінің куәгерлерінің бірімін.
Енді, міне, ардагер ағамызды, ақын ағамызды, жазушы ағамызды, қайраткер ағамызды бақилық сапарға шығарып тұрмыз. Ал, Нұрағаның соңында қалған мол әдеби мұрасы оқырмандарына жол табады деген сенімдеміз.  Қош бол, қаламдас аға… Жаныңыз жәннатта болсын!

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.   

Астана.

 

 

 

 

 

Нұрландырған ордамды

 

(Нұрғожа Ораздың рухына)

 

Қарадан қазағымның қалған кегі,
Ақтаңгер оза шабар ардан тегі.
Нұрғожа сауыры сары алтындай,
Сарыарқаның салқам төс, сардар бегі.

Өзеннің көкке бойлар өр ағашы,
Өнеге көрсеткен ғой ер анасы.
Нұрғожа – жазушы қауымының,
Арқада алғашқы еді төрағасы.
Ақордам толған қазақ қарашысы,
Ағаның әр қадамы – алаш ісі.
Хаттаған қалың тарих жәдігерін,
«Сарыарқа» журналының сарашысы.

Ағадан тәлім-тәліп алам ба осы,
Бойынан таралатын адам хошы.
Болды ол талай ұрпақ тамсандырар,
Тұлғалы Тұмағамның адал досы.
…Нәр алған кәусар бұлақ жыр-анадан,
Жаралған  мүбәрактай бір-ақ адам.
Алаштық ардакүрең азаматтан –
айырылдық айнабозым Нұрағадан!
            

 Бақытжан ТОБАЯҚОВ.
 
  Астана.

 

 

 

 

 

Ұлттық мұраттарды ұлықтаған

 

Қазағы ат төбеліндей ғана  болып,  тілі тозып,  ділі  аза бастаған  халқымыздың  кешегі  Целиноградта   ұлттық  мұраттарын ұлықтап,  сол жолда арыстанша  күрескен ардақты ағамыз  Нұрғожа Нарынбайұлы  Ораз  Ақмоладағы аз ғана  қалам ұстаған топ – біздерді аяулы Алматыға, жас жазушылардың сол  жылдардағы  түрлі кеңестеріне апарған,  ұлы қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Олжас  Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиевтермен  таныс-тырып,  баталарын әперген  ардақты ағамыз еді. Бүгінгі Астананың, кешегі Ақмоланың топырағында   көктемгі  жауқазындардай   қазақ тілі мен мәдениеті дәнінің сақталып қалуына    сіңірген еңбегі  зор еді  ағамыздың.  Топырағыңыз торқа болсын,
жақсы аға!
Сіз сол жылдары өзіңіз армандаған  Тәуелсіздіктің  таңы мен  Ақмолаңыздың   ғажайып  ұлы  Астанаға айналғанын көріп  кеттіңіз, асыл аға! Рухыңыз жұмақта  шалқысын,  жүзі – нұрға,  жүрегі – жырға толы болған аяулы қаламгер!

Смағұл  РАХЫМБЕК,
жазушы.
Астана.

 

 

 

 

 

Нұрлы бейнеңіз –жүрегімізде

 

Қазақтың тағы да бір қадірлі қаламгері дүниеден озды. Өзінің бар саналы өмірінде ата әдебиетіміздің кемелдене түсуіне өз қал-қадірінше үлес қоса білген Нұрғожа аға Оразбен сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында ол – аға, мен – іні болып табысып едік. Целиноград қаласы тұсында тағдырдың жазуымен бір қалада тоқайласып, бір мақсатта жұмыс істеген де тұстарымыз
болып еді.
1965 жылы Нұрекең Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болып тағайындалғаннан бас-тап шығармашылық қарым-қатынасымыз нығая түскендей болды. Кейіннен «Сарыарқа», «Жаңа Сарыарқа» журналын шығарып, Қазақстанның орталық, солтүстік аймағындағы облыстардың қаламгерлерінің қалам қарымын қанаттандырып, ізденістерін жетілдіре түсуге кеңінен жол ашты. Журнал беттерінде олардың шығармаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік жасады. Уақытпен бірге өзі де кемелденіп, тәжірибесі мен шығармашылығы толыса түсті. 1963 жылғы «Тұңғыш кітабынан» бас-тап келе-келе поэзия мен прозалық шығармалары жарық көре бастады. Көркем очерктерінен бастап поэма, повесть, романдарға дейін өзінің қалам қарымын байқатып үлгерді. Өз оқырмандарының қадір-құрметіне бөленді.
Нұрғожа аға өзінің табиғи көркем мінезімен, адам сыйлағыш сырбаздығымен ерекшеленетін. Ұзақ жылдар бірге жүріп Нұрекеңнің аузынан әлдекімдер туралы ауыр сөз, орынсыз ғайбат күстәналауды естімеппін.
Міне, қатал тағдыр осындай көркем мінезді абзал азаматқа да ажалдың құрығын салыпты. Амал қанша! Пенделік мінезімізге бағып, бақұл бол ардагер аға, асыл азамат дейміз. Соңыңда қалып бара жатқан қадірлі жеңешемізге қайғырып көңіл айтамыз. Ұрпағыңызға есендік, баянды да бақуатты ұзақ ғұмыр тілейміз. Нұрлы бейнеңіз менің де жүрегімде ұзақ сақталады, ардақты Нұраға! Иманыңыз жолдас болып, пейіште нұрыңыз шалқығай!

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Ақмола облыстық филиалының
директоры.
Көкшетау қаласы.

 

 

 

Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, баспасөзіне елеулі еңбек сіңірген белгілі жазушы, жерлесіміз Нұрекең – Нұрғожа Ораз 1958-1963 жылдары Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінде еңбек еткен. Бұл жылдар Нұрекеңнің нағыз шабытты жылдары десек артық айтқандық болмас. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы атанған Би ағаң – Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин негізін салған «Қостанай таңы» газетінде Нұрғожа ағамыз қаламгерлік қуатын шыңдаған үстіне шыңдай түсті. Содан кейін 1963-1965 жылдары «Тың өлкесі» газетінде де аты мәшһүр бола бастады.
Оның қаламынан көптеген құнды дүниелер туғанын әдеби қауым, оқырмандары әлі де еске алады. Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылды. Қашан соңғы демі біткенше қолынан қаламын тастамай өткен даңқты жерлесіміздің өмірі біздер үшін өнеге. Ол өзінің барлық саналы ғұмырында туған елінің, туған жерінің жырын жырлады, даңқты еңбек адамдарының тұтастай галереясын жасады. Өзі кезінде қаламгерлік жолын бастаған «Қостанай таңы» газетінің мұражайының төрінде Нұрекеңнің портреті ілулі тұр. Жыл сайын Қостанайға келіп, осы дарқан өлкенің азаматтарымен, туған жер төсіндегі туған-туыстарымен дидарласып қайтуды өзіне парыз санайтын Нұрекең біздің шаңыраққа да бет бұрмай өтпейтін.
Нұрғожа Ораз ұлағатты ұрпақ өсіріп, елге сыйлы болды, мемлекеттің талай мәртебелі марапаттарын алды.
Қаламы жүйрік журналист-жазушы, танымал қоғам қайраткері, жастардың тәлімгер ұстазы Нұрғожа Ораздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Орны толмас қазаға байланысты марқұмның отбасы мен ағайын-туғандарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы,
Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

 

Өлім – ғапыл, ажал – болжаусыз! Тойымсыз ажал алдымен ардақ тұтар асылдарымызды алатыны да қатты қиналтады. Міне, еліміздің ардақты азаматы, Арқаның аяулы ақсақалы, қабырғалы қаламгер Нұрғожа Нарынбайұлы Ораз өмірден озды. Қалам жанрының барлық саласында, қоғамдық істердің қалың ортасында өзіндік айшықты ізін қалдырған Нұрғожа ағамыз сарабдал сабырлылығымен, ешкімге қиянаты жоқ адалдығымен, сөзге шешен, ойы терең парасаттылығымен кешегі Ақмола, бүгінгі Астананың шығармашылық ортасында ғибрат алар ақылшымыз еді.
Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын, қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері ретіндегі бүкіл шығармашылық өмір жолын осы ежелгі Қараөткел жерінде өткізді. Сөйтіп, өткен ғасырдың екінші жартысында Солтүстік облыстардан шыққан талай буын жас ақын-жазушылардың шығармашылық соқпағының бетін ашқан өкіл әкесіне
айналды.
Мен Нұрғожа ағаммен облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінде еңбек жолымды бастаған 1977 жылдан етене араласып кеттім. Нұрағаңның өмірлік тәжірибесінен нәр ала жүріп, Целиноград қаласында ұлттық рухымызды көтеру, қазақ мектептерін ашу мақсатындағы бастамалардың ұйытқысы болып, жеріне жеткіздік. Ақиқатында, таралымы республикалық дәрежеге жеткен «Сарыарқа» журналын шығарған, Ақмола топырағында сонау 1957 жылдан бері үзіліп қалған айтыс өнерін қайта жаңғыртқан үлкен азаматтық істері, халқымыздың тарихы, әдебиеті, көне ата дәстүрі тақырыптарына жазылған зерттеме еңбектері Нұрғожа Ораздың қаламгерлік, қоғамдық қайраткерлік қалпын барлық қырынан танытып тұр. Соған лайық егемен еліміздің көптеген сый-құрметтеріне ие болды.
Патша көңіл оқырманына ақын, жазушы, әнші, публицист ретінде кеңінен танылған Нұрғожа ағамыз жүрек сырын ақ қағаздың бетіне түсіруден бір сәт қолын үзбей өткен қаламгер. Өмірінің соңғы күніне дейін ол қолынан қаламын түсірген жоқ.
Ойлы сөзбен зер жасап алтындаймын, сөз төгіліп тұрғанда алқынбаймын. Түпке тартып кеткен ой тереңінде, тұнығы мол терең бір қартыңдаймын, – деп жырлап өткен Нұрекең Айман жеңгеміздің айтуынша, 19 ақпанның арайлы ақ таңын әдетінше сергек тұрып қарсы алып, арайлы Арқа, ару Астанасымен соңғы рет қоштасып, ақ төсегіне жантайған қалпы үнсіз жүріп кетіпті. Атам қазақ оны «ақ өлім» дейді. Жаратқан ие мұндай қадірді сүйген құлының пешенесіне ғана жазады екен.
Ендеше, елінің ардақты азаматы, аяулы ағамыз Нұрғожа Нарынбайұлының топырағы торқа болып, жаны жәннаттың пейішінде шалқысын.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
жазушы-журналист.     

Астана.

 

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар