Елбасы тапсырмалары өңірде ойдағыдай орындалуда

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында «2015 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2016 жылдың негізгі міндеттері туралы» облыс әкімі Сергей Кулагиннің халық алдындағы  есеп беру кездесуі болып өтті.

Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысып отырды.

 Облыс әкімі және онымен бірге еріп жүрген меймандар алдымен, өңірдің жобалар көрмесін аралап көрді. Мұнда өткен жылы пайдалануға берілген кәсіпорындардың өнімдері қойылыпты. Алдымен, Целиноград ауданы Максимовка селосындағы «SAMHAT» аяқ киім фабрикасы» серіктестігінің тауарларына назар аударылды.
Игі істері көрмеден көрініс тапқан Қосшы ауылындағы Тайыр Мұралиев басқаратын «Сапа Су» серіктестігі темір-бетон өнімдерін шығарумен айналысады. Көкшетау, Степногорск қалалары мен Ерейментау, Еңбекшілдер, Аршалы аудандарындағы ірі кәсіпорындардың көрмеге қойған өнімдері мен жобалары да көз тартарлықтай. Бұдан кейін барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандық, қалалық мәслихаттардың  хатшылары, атқару органдарының басшылары, өнеркәсіп, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы ұйымдары мен оқу орындарының жетекшілері, қоғамдық жұртшылық, діни конфессиялар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық мәдени орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан есеп беру кездесуі басталды. Онда жасаған баяндамасында облыс әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстар мен Елбасының  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерге жан-жақты тоқталып өтті.
– Қадірлі қауым, ардақты ақмолалықтар! –  деп бастады өз сөзін Сергей Кулагин халық алдындағы есеп беру кездесуінде. – 2015 жылдың ең басты саяси оқиғасы 26 сәуір күні өткен Президент сайлауы болды. Сындарлы шақта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы тарапынан зор қолдауға ие болғандығын айрықша мақтаныш сезіммен айтуға болады.
– Стратегиялық бағдарламалардың негізін Ұлт жоспары – 100 нақты қадам бағдарламасына топтастырылған бес реформа құрайды. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін 59 жаңа заң қабылданып отыр, – деді шешен одан әрі өз сөзінде, – негізгі назар экономикалық дамуға аударылған. Жаңа экономикалық стратегия Қазақстан Республикасы Президентінің қараша айында Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында қамтылған. 2015 жыл қатардағы қалыпты жыл болмады. Әлемдік дағдарыс төрткүл дүниені тегіс есеңгіретіп кетті. Осы экономикалық дағдарыстан шығу үшін ел Президенті дағдарысқа қарсы стратегияны нақты белгілеп берді. Біз қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеудеміз. Өткен жылдардағы есеп беру кездесулерінде 780 ұсыныс түскен екен. Халықтың көкейінде жүрген мәселелердің басым көпшілігі ауыз сумен қамтамасыз ету, жол салу мен жөндеу, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіріп, тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласын жаңғырту және жер телімдері мәселесі. Бірде-бір мәселе аяқсыз қалған жоқ. Ұсыныстардың басым көпшілігі  аудан және қала әкімдерінің жұмыс жоспарларына енгізілді. Одан басқа да облыстық деңгейде шешетін сауалдар бар. Өткен жылғы аймақта өнім өндіру көлемі 102 пайызды құрады. Бұл 1,2 триллион теңге деген сөз. Экономикамызға 200 миллиард теңгеден астам қаржы құйылды. Жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарда 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Орташа айлық еңбекақы мөлшері 5 пайызға өсті. Жергілікті бюджетке түсетін қаржы көлемі 11 пайызға ұлғайды.
Мұнан соң баяндамашы 2015 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 313 миллиард теңгені құрағандығын, нақты көлем индексі 106,9
пайыз болғандығына тоқталды. Бұл көрсеткіш республикадағы алдыңғы лекте. Баяндамашы металлургия және химия өнімдері саласының да серпіліске  ие болып отырғандығына тоқталды. Айталық, металлургия кәсіпорындары 134,6 пайызды, химия өнеркәсібі 156 пайызды құрады. Индустриалды-инновациялық даму бағыты тұрақты қарқын алуда. Азық-түлік өндіру көлемі екі еседен артық өсті.
Бүгінгі таңда Степногорск зауытында подшипниктің 162 түрі өндіріледі, қосымша тағы 49 түрін игеру жоспарлануда, – деді шешен өз сөзінде. Өндірістік қуатты арттыру жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Өздеріңіз білетіндей өткен жылы Индус-трияландыру бағдарламасының екінші бес жылдығы шеңберіндегі шаралар жүзеге асырылды. Осы бағытта жаңа технологиялар мен инновациялар енгізілді. 2015 жылы
11 индустриалдық жоба іске қосылып, жаңаша серпін берді.
Жалпы облыста индустриализация бағдарламасы бойынша 166 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 6,2 мың жұмыс орны ашылды. Экспортқа өнім шығаратын 17 кәсіпорын жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы 73 миллиард теңге қаржыны құрайтын 14 жоба жүзеге асырылмақ.
Елдің ішкі нарығын дамыту мен өндірістік әлеуетті нығайтудың резервтерінің бірі аймақаралық қауымдастықты күшейту болып табылады.
 Астаналық аймақ ретінде облысымыз Елордаға жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің негізгі жеткізушісі болып отыр, сонымен қатар, құрылыс материалдары және өндірістік-техникалық мақсаттағы, оның ішінде, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі нысандарының құрылысына арналған тауарлар жеткізіледі. Алдағы кезең ішінде аймақты дамыту мен ағымдағы алға қойылған міндеттерге байланысты Мемлекет басшысы алдындағы есебімде облысаралық өзара тауар алмасудың маңыздылығына мән берілген болатын. Республиканың барлық аймақтарына, сонымен қатар, Даму және инвестициялар жөніндегі министрлікке кәсіпорындар арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті жолға қою мақсатында облыстың тауар өндірушілері тізілімі жіберілді.
Бүгін қалыптасқан экономикалық жағдайды есепке ала отырып, әрекеттегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс орындарының қысқартылуына жол бермеу, жаңа нысандарды уақытылы енгізу сияқты негізгі міндеттер алға қойылып отыр. Бұл үшін біздің облысымызда қажетті резервтер мен мүмкіндіктер баршылық.
Экономиканы дамытудың негізгі бағыты – аграрлық сектор, мұндағы өндірістік қызметті облысымыздың 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары жүзеге асырып келеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындау осы саланың негізгі міндеті болып табылады.  2015 жылы агроөнеркәсіптік кешенге құйылған инвестициялар көлемі 25 миллиард теңгені, оның ішінде, «Агрокәсіпкерлік-2020» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау – 16,2 миллиард теңгені құрады (өсім 14 пайыз). Бұл жанар-жағармай материалдарын қаражаттандыруға, тұқым өсіру шаруашылығы мен асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау бағытындағы іс-шараларды өткізуге, минералды тыңайтқыштарды пайдалану арқылы егіс алқаптарын екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. Осы аталған шаралардың бәрі облыс ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жылды табысты аяқтауына мүмкіндік берді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан облыс диқандары гектарынан 11,6 центнерден өнім жинап, қамбаға  4,7 миллион тонна астық жинады. Астықтың жақсы сапасы «Есіл» ӘКК кепілдігі арқасында алынған несиелік қаражатты уақытылы қайтаруға мүмкіндік берді. Соңғы үш жылдың ішінде облыс 4,5 миллион тонна көлемінде тұрақты астық өнімін алып келе жатқаны туралы айта кеткен жөн. Жыл сайын ақмолалық астық жақын және алыс шетелдің 13 мемлекетіне сатылуда.
Қазіргі таңдағы аграршылардың негізгі мақсаты – егіс науқанын уақытылы өткізу. Көктемгі егіс жұмыстарын бастамас бұрын тұқымды толық сертификаттау, машина-трактор паркінің дайындығын қамтамасыз ету, жанар-жағармай материалдарының уақытылы жеткізілуін ұйымдастыру қажет. Мал шаруашылығы басым бағытта дамып келеді. Қолданылатын шаралардың арқасында мал мен құс басының тұрақты өсуі қамтамасыз етілуде. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» атты мақсатты бағдарламалар аясында 20 мың ірі қара мал сатып алынды, «Ырыс» бағдарламасы бо-йынша 14 тауарлық-сүт фермалары іске қосылды. 2015 жылы 900 тонна қара мал еті экспортқа шығарылды. Асыл тұқымды ірі қара мал басы соңғы үш жылда 1,5 есеге дейін, тұқымдық мал шаруашылығын қаржыландыру 30 пайызға ұлғайтылды.
Негізгі міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту болып табылады.  2014-2015 жылдары аталмыш салаға 8 миллиард теңге құйылды. 10 жаңа өндіріс орны ашылып, 5-еуі жаңғыртылды.  Азық-түлік белдеуін дамыту аясында Астана нарығына өткен жылы 108 мың тонна ет-сүт өнімдері жеткізілді. Ет өнімдерімен қамтамасыз ету 50 пайызға, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 45 пайызға ұлғайды, ұн, жұмыртқа және картоп өнімдерінің қажеттілігін толық көлемде жауып отырмыз. Целиноград ауданындағы бройлер құс фабрикасының қуаттылығы 20 мың тоннаға ұлғайды, Макинск құс фабрикасының құрылысы жөніндегі жоба жүзеге асырылып келеді. Астрахан ауданында «Техно Құс» ЖШС бройлер құс фабрикасының құрылысы – келешегі зор жоба болып табылады.
Мемлекет шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық жағдайларды жасап отыр.  2015 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қаржыландыру 12 пайызға ұлғайды, іс-шараларды жүзеге асыруға 1,9 миллиард теңге бөлінді. Тек соңғы екі жыл ішінде ғана аталмыш бағдарлама бойынша облысымыздың 250 кәсіпкері қаржылық қолдау алды, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 2 миллиард теңге көлемінде 790  шағын несие берілді.
–Инвестиция тарту стратегиялық маңызды міндеттердің бірі,–деп атап өтті баяндамашы,–2015 жылы облыс экономикасына 200 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Мұнан кейін баяндамашы өз сөзінде 2015 жылы тұрғын үй құрылысы саласына 27 миллиард теңге тартылғандығын, мұның өзі өткен жылғы көрсеткіштен 20 пайызға артық екенін айтып өтті. «Қол жетімді тұрғын үй» бағдарламасының жоспары 256 мың шаршы метр болса, облыста 282 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2406 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 105,3 пайыз артық.
Соңғы жылдары электр қуатымен қамту желісі құрылысына қомақты бюджет қаржысы бағытталды. Мәселені түбегейлі әрі кешенді шешу үшін, Астана қаласының маңындағы 6 елді мекен электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етілуі үшін 372 шақырым электр желісі тартылып, 8 трансформаторлық станция орнатылды. Үстіміздегі жылы Қараөткел селосын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 300 миллион теңге қаржы бағыттау көзделуде.
Мұнан соң баяндамашы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жылумен қамтамасыз ету мәселелері жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды. Өткен жылы бұл жұмысқа 6,6 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Тұрғындарды алаңдататын тағы бір өзекті мәселе, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Баяндамашының айтуына қарағанда, «Ақ бұлақ» бағдарламасына 2015 жылы 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінген, 6 елді мекенге су құбырларын  тартуды аяқтау 14 мың тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Жалпы, облыс бойынша орталықтандырылған су жүйесімен қамту 82 пайызды құрап отыр.
Автомобиль жолдарын жақсарту үшін 2015 жылы 6 миллиард теңге қаржы бағытталды. Көкшетау және Степногорск қалаларында, аудан орталықтары мен кенттерде, Астана қаласының маңындағы елді мекендерде және Щучье-Бурабай курортты аймағында жөндеу жүргізілуде. Ағымдағы жылы 5,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жалғастырылатын болады.   
Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі бюджет саясатын қайта қарап, ықшамдау. 2015 жылы мемлекеттік бюджетке түскен қаржы көлемі 105,4 пайызды құрады. Бірақ, акциз салығы 2 пайызға төмендеп кетті.
– Аудан және қала әкімдері мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесе отырып, мүлікті заңдастыру тәртібін халыққа ұғындыру үшін кең көлемде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі керек,–деді баяндамашы,–бұл өте маңызды. Әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі халықты еңбекпен қамту. 2015 жылы 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, жұмыссыздық көрсеткіші 4,9 пайызды құрап отыр. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық үш пайызға кеміді. Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде өндірістік кәсіпорындарда 90 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалу үшін меморандумға қол қойылды. Үстіміздегі жылы бес мыңнан астам үшжақты келісімге қол қойылып, кәсіпорындардағы 120 мың жұмысшының еңбек орнын сақтау туралы уағдаластық жасамақшымыз. Азаматтарды әлеуметтік қолдау барысын жетілдіру мақсатында қосымша 1,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, 21 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 533 жұмыс орны ашылатын болады.
Әр жыл сайынғы Қазақстан халқына арналатын Жолдауда адам капиталын дамытуға айрықша назар аударылып отыр. 2015 жылы білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі шараларды жүзеге асыру үшін 52 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның 31 пайызы облыстық бюджеттің есебінен.  Облыста 28 мектепке дейінгі мекемелер  пайдалануға берілді. 3,5 мың жаңа орын мектепке дейінгі бүлдіршіндердің 91 пайызын қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, білім беретін мектептер жүйесі де кеңейтілуде. Аршалы және Бұланды аудандарында 540 орындық екі мектеп пайдалануға берілсе, Көкшетау қаласындағы №2 және Краснояр селосындағы №3 екі мектеп кеңейтілді. Облыста үш ауысымда білім беретін және апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселелері түбегейлі шешілді. Ел Президентінің кәсіби-техникалық білімді тегін беру туралы пікірі барлық қазақстандық қоғам тарапынан қолдауға ие болып отыр. Бүгінгі таңда облыстағы 38 колледжде 94 мамандық бойынша 20 мыңнан астам студенттер оқытылуда. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 13 мың адам білім алуда. Ендігі арада облыстық білім басқармасы, аудандар мен қалалардың әкімдері мемлекеттік жекеменшік әріптестік механизмдерін жетілдіре отырып, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға тиісті. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасы аяқталды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көлемі бір жарым есеге өсті. Емдеу және диагностика бағытында жаңа  технологиялар енгізілді. Саланың инфраструктуралық құрылымы кеңейтіліп, 22 жаңа нысан пайдалануға берілді. Осы шаралардың барлығы демографиялық ахуалды жақсартып, халықтың табиғи өсіміне игі ықпалын тигізуде. Бұл орайдағы көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсті. Өткен жылы 14 нысанның құрылысына 4,5 миллиард теңге қаржы бағытталды. Бес дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Мемлекеттік медицина мекемесі жүйесін дамытумен қатар, облысымызда жекеменшік медицина да қарқын алуда. Көкшетау қаласында «Авиценна» жекеменшік емдеу-профилактикалық мекемесінің жаңа емханасы пайдалануға беріліп, қала тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде.
Мұнан соң шешен өз сөзінде денсаулық сақтау саласының жай-күйіне тоқталды. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы туралы да айтылды. Бұл саладағы көкейтесті мәселенің бірі медицина кадрларының жетіспеушілігі. Бүгінгі күні облысқа 339 дәрігер қажет. Соңғы екі жыл ішінде грант бойынша 100 түлек медициналық жоғары оқу орындарына түскен. Оның 49-ы мемлекеттік- жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Кадр мәселесін шешу үшін әр жыл сайын кемінде 100-120 мектеп түлегін бағыттау жоспарлануда.
– Өткен жыл ғажайып оқиғаларға толы болды,–деді баяндамашы өз сөзінде, – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Даңқты жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин мен көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуын облыс жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтіп, есімдерін ел есінде сақтау шараларын ұйымдастырды. Облыс орталығында Науан Хазірет атындағы 1200 орындық орталық мешіттің ашылуы айта қаларлықтай оқиға болды. Соңғы үш жыл ішінде «Еңбекпен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 21 мәдениет нысанына 500 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, әлеуметтік саланың 102 нысанына 2,4 миллиард теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мұнан соң баяндамашы мемлекеттік міндеттің бірегейі дене тәрбиесі мен спортты дамыту мәселесіне тоқталды. Тұрғындарды бұқаралық спортпен қамту көлемі жыл сайын арта түсуде. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдау-көмегінің арқасында өткен жылғы көктемгі су тасқынының зардабы жедел жойылды,–деді шешен өз сөзінде,–облыстың 8 аймағындағы нысандар толығымен қалпына келтірілді. Целиноград ауданының тұрғындары қатты зардап шеккен болатын. Оразақ селосында 200 пәтерлік жаңа поселке салынды. Оған Ағанас селосының тұрғындары түгел көшірілді. Ақкөл мен Қосшы елді мекендерінде екі 45 пәтерлік тұрғын үй салынды. Оған қоса, алты елді мекендегі 30 тұрғын үй жөнделді. Биылғы жылғы көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шаралары қазірден бастап жүргізілуде. Ақпан айының басындағы мәліметке қарағанда облыстың 12 аймағында қар қалыпты мөлшерден 1,5-2,5 есе көп түскен. Сондықтан, қапы қалмауымыз керек. Кешегі күні өткен әкімдік отырысында бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
Есіл ауданындағы Калачи селосы мен Красногор поселкесіндегі тұрғындарды көшіру жұмыстары жалғасуда. 2015 жылы үш тұрғын үй салынды. Есіл қаласындағы 40 пәтерлік тұрғын үйді қалпына келтіру жоспарлануда. Бүгінгі күні Калачи селосы мен Красногор поселкесінен 199 отбасы көшірілді. Бұл жұмысқа жергілікті кәсіпкерлер көп көмек көрсетті.  Мұнан соң баяндамашы өз сөзінде жемқорлық заң бұзушылық мәселесіне тоқталып өтті. 2015 жылы облыста 87 мемлекеттік қызметші осындай қылмыстық әрекетке барған.
Шешен одан әрі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына тоқталды. Облыста 92 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Баспасөз бетінде ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, одан туындайтын ең өзекті мәселелер жариялануда. Қоғамдық өміріміздің саналуан қыры бүкпесіз көрсетілуде. Өткен жылы дамуымыздың басым бағыттарын қамтитын 17 мыңнан астам материалдар жиі жарияланған екен. Жаңа ғасыр баспасөзге бостандық бергенімен, айтылған немесе жазылған әр сөздің жауабы бар екендігін ұмытпаған жөн.
Баяндамашы одан әрі үстіміздегі жылы облыс тұрғындарымен қанша есепті кездесулер өткізілгендігіне, халықпен жүздесу барысында қандай мәселелер көтерілгендігіне тоқталды. Сөзін түйіндей келе, облыс әкімі есеп беру кездесуіне жиналған жұртшылықты Елбасы қойып отырған асқаралы міндеттер үдесінен шығу жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Бұл шаралардың барлығы мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, қоғамымызды нығайтып, экономикамызды өркендете түсуге бағытталады. Бір арнада тоғысқан қажымас қайрат, ерік-жігер сүйікті Отанымыз Қазақстанды әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына жеткізеді.
–Біз, ақмолалықтар барлық мүмкіндігімізді жұмылдыра отырып, ел дамуына лайықты үлес қосайық,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин сөзінің соңында. Баяндамадан кейін өңір басшысы есеп беру кездесуіне қатысып отырған жұртшылық тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді. Кездесуге қатысқан Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашев өзіне қойылған бірнеше сауалдарға тұшымды жауап қайтарды. Есеп беру кездесуінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев сөз сөйледі. Басқа да залдан сөйлеушілер облыс әкімінің жұмысына оң баға берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар