Сақтықты ескере бермейміз

облысымызда қаңтар айында өрттен 6 адам, бұған қоса, пештен иіс тиіп 8 адам қайтыс болды

Ақмола Медиа орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында өрттің алдын алу және онымен күресу шаралары туралы баяндалды.  
Өткен 2015-2016 жылғы жылу беру маусымы кезінде өрттің алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілгенімен,  тілсіз жаудың құрбандарының саны азаяр емес. Өрт сөндірушілер келтірген мәліметтерге қарағанда ағымдағы жылдың қаңтарында облыс аумағында барлығы 73 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 6 адам көз жұмған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш. Оның ішінде адам шығыны 33 пайызға артқан. Тек материалдық шығын көлемі азайғанын байқауға болады. Былтыр бұл көрсеткіш  6,1 миллион теңгеге жетсе, биыл 4,7 миллион теңгені құрап отыр.
Мұны әрине, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері және жеке адамдармен жылу беру маусымы барысында бірігіп өткізген шаралардың нәтижесі деуге болады. Дегенмен, жалпы облыс бойынша өрт оқиғалары Көкшетау қаласы, Атбасар,  Аршалы, Бұланды, Қорғалжын және Шортанды аудандарында көп тіркелген.
Сонымен қатар, пештен шыққан ыстан улану оқиғасы да белең алып отыр. Мәселен, жыл басталмай жатып, бір айдың ішінде 17 адам ыстан уланған. Оның 8-інің өмірін арашалап қалу мүмкін болмады.
Адам өліміне әкеп соқтыратын тілсіз жаудың бел алуы негізінен, мас күйінде темекі тұқылын дұрыс сөндірмеу, отты абайсыз пайдалану, пеш және электр желісі құрылғыларын қолданған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерінің дұрыс сақталмауы себебінен болып отыр.
– Жыл сайын жылу беру маусымы басталысымен өрт шығу қаупі де арта түседі. Сондықтан, біздің департамент тарапынан қалалар мен аудандарда өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жос-парлы кешендік жұмыстар жүргізілуде, – дейді өртке қарсы күрес қызметінің басшысы  Денис Шелкоплясов.
Өрттің алдын алуда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқаруда. Сонымен қатар, 1863 жеке үйлер мен пәтерлер тексеріліп, 3641 адамның қолдарына нұсқау тапсырылған. Брифинг барысында көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында қауіпті елді мекендер мен жолдарды қардан тазарту жұмыстары сияқты алдын алу шаралары да айтылды.
Жалпы, департамент тарапынан бұдан басқа атқарылған жұмыстар баршылық. Алайда, бүгінгі күні өрт сөндіру қызметі саласында проблемалар да жоқ емес. Оларды іскерлікпен шешу Мемлекет басшысы атап көрсеткен кемшіліктерден неғұрлым арылуға өз септігін тигізері анық.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар