Бай, бақуатты болайық

Ақша билеген бүгінгі нарық заманында бай, бақуатты болғысы келмейтін пенде жоқ шығар. Бірақ, байлық деген екінің бірінің басына кездейсоқ қона салатын бақ құсы емес. Байлыққа алдына нақты мақсат қойып, ақылмен және табандылықпен жұмыс жасау арқылы ғана жетуге болады. Әлемдегі ең бақуатты ел саналатын АҚШ-та қайыршыдан ханзадаға айналған алпауыт байлардың сондай нәтижеге жету тәжірибесін талдай отырып, байлыққа жетудің құпиясына үңілген Наполеон Хиллдің «Ойлан да, байы» кітабы қазір әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, миллиондаған таралыммен тарап кеткен. Сондықтан,  оқырмандарымызға осы кітаптан қысқаша үзінді ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

 

Сіздің өміріңіздің өзгерісті сәті Бір сәтті күні табысқа жетудің құпия сыры кітабымыздан шығып, өзінің барлық ұлы тұлғасымен алдыңызға тіктеле тұратын болады. Сол кезде сіз оны айтпай-ақ танисыз. Сіз  оның алғаш белгілерін сезіне бастаған сәтіңізде деміңізді ішіңізге тартып, сағатыңызға көз саласыз, міне, дәл сол сәттен бастап сіздің өмір жолыңыз күрт өзгереді. Сондай-ақ, мынаны жадыңызда ұстаңыз: бұл кітап ойдан шығарылып құрастырыла салған көркем дүние емес, ол нақты адамдардың өмір жолына негізделіп жазылған, сондықтан, одан қандай істі қалай жасауға болатыны жайында толымды ақпарат аласыз. Сіз ойыңыза алған шаруаны қолға алуға қажетті ынта-ықыласты молынан табасыз. Ал, енді кітапты оқуға кіріспей тұрып, Карнеги формуласының сырын ашуға қандай кілттің көмектесетіні жайында аздап ишара танытуға рұқсат етіңіз. Кез-келген мақсатқа жетудің қайнар бастауында ой тұрады. Егер сіз табысқа жетуге дайын болсаңыз, онда мақсат жолының жартысына жетуге қажетті құпияны білдім деп санауыңызға болады. Ал, қалған жарты жолдың тылсымын сіз мақсатыңызды түйсіну арқылы табасыз деп сенемін. Сонымен, іске сәт!

Алдымен, ойлан
Сіздің ойыңыз табысқа жетуге дайындығыңыз туралы бірінші болып дабыл қағады. Сіздің ойыңызға алған мақсатыңызға жетуге өмірдің өзінің көмектесуіне қалай қол жеткізуге болады? Шын мәнінде ой – бұл зат және өте құдіретті зат. Ең бастысы, сізде айқын ниет, табандылық және ойыңызды ақшаға, болмаса басқа да материалдық затқа айналдыруға деген ыстық ықылас болсын деңіз.
Эдвин С.Барнс бірде мынадай ақиқатты анықтады: «байығың келді ме, онда ойлан». Бұл тылсым сыр оған бірден ашыла салған жоқ. Ол бұған ақырындап жетті және бәрі де ұлы өнертапқыш Эдисонның іскер әріптесі болсам деген ыстық ықыластан басталған еді. Бұл арада мынау айқын, Барнстың ниеті жай қиял емес, нақты мақсат болатын. Ол Эдисонға жалданып жұмыс істеуді емес, онымен іскерлік әріптес болуды ойлады. Сіз қарапайым елеусіз пенденің осындай үлкен мақсатына қалай жеткені туралы байыптап оқыңыз, сонда табысқа жету қандай қағидаға негіз болатынын ұғынасыз.
Бұл арада мына жайды айта кеткен жөн, Барнс ойына алған мақсатына бірден жете алған жоқ. Оған екі нәрсе кедергісін келтірді. Ол Эдисонды танымайтын және ол тұратын Нью-Джерси штатындағы Ист-Ориндж қаласына баруға қажетті ақшасы да жоқ еді. Көп адамдар үшін осы екі себептің өзі ойына алған мақсатынан бас тартуға түрткі болар еді. Бірақ, Барнсқа бұл кедергі болмады және оның көкірегіндегі мақсатыма жетсем деген ықыласы одан әрі арта түсті.

Эдисон оның көздеріне тура қарады
Барнс тұңғыш рет Эдисонның зертханасына кірген сәтінде бірден өзінің онымен іскерлік әріптес болғысы келетінін айтып салды. Кейін Эдисон бұл кездесуді былай деп есіне алады: «оның сыртқы бейнесі қарапайым қаңғыбасқа келетін, бірақ көздерінде ойына алған мақсатына жететініне деген кәміл сенім болды. Мұндайлар әдетте ойына алғанын орындамай қоймайды. Адамдармен араласқан ұзақ жылғы тәжірибе маған мынаны көрсеткен: егер пенде бір нәрсеге жетемін деп қатты ынталанса және сол үшін бәрін, тіпті өмірін де құрбандыққа шалуға әзір болса, ондай жан міндетті түрде тағдырды жеңеді. Мен оған сондай мүмкіндікті бердім, өйткені, ол өз санасын мақсатына жетуге бағындырған екен және уақыт осы ойымның дұрыстығын дәлелдеп берді». Оның сыртқы бейнесінің Эдисонға ұнамағандығы анық. Бірақ, бет бейнесінен ақыл-ойы анық байқалып тұрды. Әрине, Эдисонмен алғашқы кездескен сәтте Барнс оның әріптесі бола қойған жоқ. Бірақ, ол жұмыс істеуге мүмкіндік алды, тіпті азын-аулақ жалақыға болса да. Содан кейін бірнеше айлар өтті. Сырт қарағанда ештеңе де өзгерген жоқ. Барнсты ойына алған мақсатына ештеңе де жарты сүйем де жақындатпады. Бірақ, осы күндерде оның санасында үлкен серпіліс болды. Эдисонның әріптесі болсам деген ықыласы бұрынғыдан да арта түсті.
Психологтардың мына тұжырымы шындық: «егер адам бір нәрсеге жетсем деп ынталанса, бұл оның сыртқы бейнесінен анық көрінеді». Барнс Эдисонмен әріптес болуға дайын еді және ол өз дегеніне жететініне нық сенді. Ол өзіне-өзі: «өлерменденіп қажеті қанша, одан да сатушы агент болып ақша табайын да» деп айтқан жоқ. Керісінше, «мен мұнда Эдисонмен іскер әріптес боламын деп келдім, ендеше сол мақсатыма жетемін, егер бұл үшін бар өмірімді құрбандыққа шалсам да, ойыма алғанымды орындаймын». Ол осылай ойлады.

Мүмкіндік күтпеген жерден келеді
Барнс үшін мүмкіндік өзі күткен жақтан емес, мүлдем басқа бағыттан келді. Бұл шын мәнінде мақсатқа жеткізетін негізгі мүмкіндіктің бірі болып саналады. Ол бәлкім үйге кіретін қосалқы есікті пайдалану түрінде және көбіне уақытша сәтсіздіктер, тіпті жеңілістер кейпінде келіп жатады. Сондықтан болар, мұндай мүмкіндікті көп адамдар түйсіне алмайды. Бұл кезде Эдисон «Эдисонның үстемдік құрылғысы» атанған жаңа құрылғыны жаңғыртып жатқан. Дегенмен, жаңа құрылғы сауда агенттері тарапынан оншалықты ықылас тудыра қоймады. Олар жаңа құрылғыны оңай сатуға болады деп үміттенбеді.
Барнс жаңа құрылғыны сататынына сенген еді. Ол Эдисонға сауда агенттері тарапынан сұраныс болмаған құрылғыны сатамын деген ұсынысын білдіргенде, бірден қолдау тапты. Ол сөзінде тұрып құрылғыны оңай сатты. Осыдан кейін жаңа құрылғыны барлық елдерге шығарып сату жөніндегі шартқа қол қойды. Осылайша, бұл іскерлік байланыс Барнсқа біраз табыс түсірді, бірақ ең үлкен табыс – ол Эдисонмен іскерлік әріптес болу мүмкіндігін әкелуі еді. Бұл Барнстың кез-келген адамның ойлаған мақсатына жетіп, бақуатты болатынына деген сенімін бекіте түсті. Алғашқы шарт Барнсқа қанша ақша әкелді, бәлкім бір, екі немесе үш миллион доллар болар, бірақ, бұл сома мейлі қанша болса да оның ойына алған мақсатқа қалай жетуге болатыны жөніндегі ие болған нақты біліммен салыстырғанда түк те
емес еді.

Аударған
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар