«Мәңгілік ел» пойызы киелі Қараөткел, көрікті Көкше жерінде

Ұлы дала елінің тәу еткен тәуелсіздігіне биыл аттай 25 жыл. Төңіректі жанға жайлы нұрға бөлеп, мерейлі мерекенің лебі еседі. Алаш даласын толық қамтитын «Мәңгілік ел» пойызы ақжарылқап ниетпен сапарға шыққан болатын. Өткен сенбі күні жақсылық арқалаған, жан жылуын бөктерген жолаушылар көлігі Көкшетау қаласында аялдады.

  Зайыры пойыздың «мамандандырылған» деп аталуы бекер емес. Сан саланың 98 маманы бар. Таңғы сағат тоғызда теміржол вокзалының маңындағы алаң қала тұрғындарына толып кетті. Елдің көңілі де дәл сол күнгі ауа райы тәрізді шуақты нұрға малынып, көтеріңкі болды. Көкшетаулықтар пойызды айрықша салтанатпен қарсы алды.
– Бұл күн – ерекше күн, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, – пойызбен келген мамандар халыққа қызмет көрсететін болады. Бұл ең алдымен мемлекеттің тұрғындарға деген қамқорлығының айғағы.
Бұл пойызда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, денсаулық сақтау саласының мамандары, мемлекеттік  қызметкерлер, атағын әлем таныған спортшылар, жезтаңдай әншілер бар екен. Негізгі мақсат «Бір тағдыр – бір Отан» қағидатын бекемдеу.
Сапарға шыққан қамқор топтың, яки «Мәңгілік ел» пойызының жетекшісі Әміржан Әлпейісов былай дейді:
– Елге қызмет көрсететін отызға жуық дәрігер бар. Біз екі жұманың ішінде 13 мың адамға қызмет көрсеттік. Олардың тең жартысы медицина саласының мамандарына жүгінді. Оның басты себебі, жергілікті жерлерде дәрігерлер тапшы болып отыр. Біздің мамандар сырқаттарды тексеріп, облыстық, республикалық клиникаларға жолдамалар беруде. Одан өзге де маңызды мәселелерді қарастырып, кеңес беру көзделген.
«Мәңгілік ел» пойызы Астанадан ақпанның 15-і күні республиканың әр аймақтарына жол шеккен. Бір айдың ішінде көмек-қайырымы, жанашырлығы мен жақсылығы мол бұл пойыз ел аймақтарын түгел дерлік аралап шықпақ. Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Әміржан Әлпейісов бастап келген «Мәңгілік ел» пойызының құрамында болған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбекті қорғау және бақылау басқармасының бас сарапшысы Рүстем Рамазанов және медициналық әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту  басқармасының бас сарапшысы Самат Ирахметов облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында кездесу өткізіп,  зейнетақымен қамтамасыз ету, жәрдемақы төлеу, еңбек құқығын қорғау,  «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы және басқа да мәселелер бо-йынша кеңес берді.
Астаналық мамандармен өтетін кездесу туралы алдын ала хабарланып,  құлағдар болғанымен мұң-мұқтажын айтып келген тұрғындардың қарасы көп болмады.  Кездесуге жиналғандардың дені осы салада жұмыс істейтіндер. Сол себепті жергілікті әлеуметтік сала қызметкерлері астаналық әріптестерін сұрақтың астына алды. Ондағы сұрақтар негізінен зейнетақымен қамтамасыз ету, жәрдемақы төлеу, еңбек құқығын қорғау,  «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы және басқа да мәселелер төңірегінде болды.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет-шілердің айлығы мен әлеуметтік төлемдер де сөз болды. Осы орайда,  Көкшетау қалалық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру  басшысының орынбасары  Инна Адам әлеуметтік қызметшілердің жалақыларын көтеру қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, елімізде жаңа жылдан бас-тап әлеуметтік  сала қызметкерлерінің айлығы көтерілген болатын.  Осыған қарамастан, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйіне барып,  қызмет көрсететін әлеуметтік қызметшілердің айлығы сол қалпында қалып отырған көрінеді.
Бұл жөнінде еңбекті қорғау және бақылау басқармасының бас сарапшысы Рүстем Рамазанов және медициналық әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту  басқармасының бас сарапшысы Самат Ирахметов барлық қойылған сұрақтарды жазып алып, аталған министрліктегі тиісті мамандарға жолдап, оның шешу жолдары мен жауаптарын облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының электрондық поштасы арқылы жіберетінін атап өтті.
– Біз осыған дейін 4 облыста болып, мыңдаған адамды қабылдадық. Барлық облыстағы жағдай бірдей. Біздің мақсатымыз тек қана халықты қабылдау емес, оларға нақты көмек көрсету, орын алған әлеуметтік мәселелерін шешу және тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында елімізде қолға алынған игі істер мен «Мәңгілік ел» идеясын халыққа жеткізу, – дейді Рүстем Рамазанов өз сөзінде.
 «Мәңгілік ел» пойызымен келген сарапшы мамандар Б.Момышұлы көшесінің бойындағы өткен жылы ашылған халыққа қызмет көрсету орталығында түрлі мәселелер бойынша кеңес беру қызметін көрсетті. Олардың арасында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің мамандары бар.
Қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Нұрбек Әлібекұлы «Мәңгілік ел» пойызының келетіндігі, тегін құқықтық кеңес беру қызметі көрсетілетіндігі жайында алдын ала жұртты ақпараттандыру бағытында біраз жұмыстар жүргізілгендігін айтты.
«Мәңгілік ел» пойызының құрамында келген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқық қызметін көрсету жөніндегі бас сарапшысы Қанат Мықтыбаевтың айтуынша, заңды тұлғаларды тіркеу, алиментті өндіріп алу, жылжымайтын мүлікті жекешелендіру, мүлікті жариялауға байланысты сұрақтармен келетіндер көп екен.  Бұл күні жүздесуге келген адамдар да осы тақырыптардағы сауалдарды көп қойды. Білікті сарапшылар құқықтық кеңес беру қызметін түске дейін жүргізді. Осы уақыт ішінде 31 адам өздерін толғандырған түрлі сауалдарға  толымды және нақты жауап алды.
Дәрігерлер облыстық және қалалық ауруханаларда болып, тұрғындарды қабылдады. Осы сапарда невролог, нефролог, уролог, гематолог, ортопед-травмотолог, ревматолог, пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангихирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог мамандар ақмолалықтарды қабылдап, еліміздің түрлі медициналық мекемелеріне жолдама берді.  
«Мәңгілік ел» пойызының мүшелері ақмолалық кәсіпкерлермен де кездесті. Бизнес өкілдеріне арнайы дәріс оқылып, әртүрлі сұрақтарға толық жауап берілді. Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта арнайы бағдарламалар да қабылданған. Аталмыш жобалардың ұтымды тұсын оңтайлы пайдаланып кәсібін ашамын немесе кеңейтемін дегендерге кеңес берілді. Соның ішінде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасындағы Кәсіпкерлік Кодексіне орай қойылған сұрақтар көп болды.
– Біздің мақсатымыз әртүрлі салалар
бойынша қызмет көрсету. Кәсіпкерлік Кодексінде көптеген нормативтік-құқықтық актілер бар. Ол жасалмас бұрын сарапталып, сүзгіден өткен. Соның арқасында бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік туып отыр, – деді Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Арнұр Дарбаев. Бас қосуда қаржыландыру мәселесі де көтерілді. Несие алу барысындағы кейбір қиындықтар да сөз болды. Оны оңтайлы шешу жолдары да көрсетілді.
Достық үйінде бас қосқан бір топ құрам «Мәңгілік ел» идеясымен өзектесетін, ел бірлігін насихаттап отырған әртүрлі орталықтардың жұмысымен танысты. Бұл жиынға облыстағы түрлі этномәдени орталықтардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік мүшелері қатысты. Татулықты ту еткен жиынға қатысушылар поезд жетекшісіне ел бірлігі туралы жазылған еңбекті табыс етті. Негізінде «Мәңгілік ел» пойызының құрамындағы жүзге жуық адам әртүрлі сала бойынша облыс тұрғындарымен кездесіп, кейбір мәселелердің шешімін табуға қолдау көрсетті.  «Мәңгілік ел» пойызымен келген ғалымдар Шоқан Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университетінің студент жастарымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Онда өскелең ұрпақтың лайықты білім алуы жайлы сөз болды. Ақмолалық жастардың мақтанышпен айтар табыстары да жоқ емес. 2015 жылы 226 ақмолалық жас өңір басшысының стипендиясына ие болды, оның 20-сы медицина саласының жоғары білім ошақтарында оқуда. Осы мақсатқа 65,6 миллион теңге бөлінді. Зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуын лайықты атап өту мәселелері де көтерілді. «Мәңгілік ел»
пойызымен келген профессор Әміржан Әлпейісовтің тарих тағылымы туралы әңгімесін жастар ұйып тыңдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.  


Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар