Торғайда туып, топ жарған

1 наурыз – Көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков 70 жаста

  Серік Тұрғынбеков 1946 жылы 1 наурызда Қостанай облысы Жангелдин ауданының Шақшақ Жәнібек ауылында туған. Еңбек жолын 1964 жылы Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастаған. 1967-1973 жылдар аралығында Қазақ радиосында аға редактор, 1973-1978 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Одан әрі республикалық халық шығармашылығы үйінде бөлім меңгерушісі, Қазақ телевизиясында редактор, Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы  істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры болып қызмет істеді.
Әр жылдары баспадан «Сүйген жүрек», «Асан ата ізімен», «Қобыз», «Көкейкесті», «Торғай толғауы», «Жүрегімнің сәулесі», «Тыңда түлегендер», «Кеш келген көктем», «Жерорта» атты жыр жинақтары, «Махамбет және Жәңгір хан», «Сәкен сұңқар» дас-тандары, «Нұрхан», «Мұқағали» пьесалары, тағы басқа да шығармалары жарық
көрген.
Ақынның аударуымен орыс ақындары А.Твардовскийдің лирикалық өлеңдері, «Перзент», «Бауырлас жырлар», П.Богдановтың «Москва үшін шайқас» поэмалары қазақ тілінде сөйледі. Серік Тұрғынбеков –  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2003).  Көптеген республикалық мүшәйралардың жеңімпазы мен жүлдегері.

 

 

Серік ақын – сері ақын

 

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ

 

Асқаның – алты қырқа, Серік ақын,
Аяғың жеткен жердің бәрі жақын.
Қамшының сегіз таспа өріміндей,
Өлеңмен бірге өрілген сенің атың!

Өлеңсіз өмір бар деп сезінбейсің,
Сезімнің мөлдіреген өзіндейсің.
Кешегі Кеңшіліктің сыңарындай,
Сырбай мен Ғафулардың көзіндейсің.

Тудың да байтақ Торғай даласында,
Жастығың өтті Алматы қаласында.
Асқардан асып кеттің арындаумен,
Байқамай қас пен көздің арасында.

Ақынсың, жаныңа кір жолатпаған,
Тойымсыз жан емессің жалақтаған.
Нысана – басыңдағы аппақ шашың,
Ақ бұлттай аспаннан кеп қонақтаған.

Келесің бұлтты шайқап басыңменен,
Беттесіп жарқылдаған жасынменен.
Шулатып шұбар ала ғасыр өтті,
Бөрідей шу асуды басып жеген.

Жырладың мұңға батқан кең далаңды,
Береді әрқашанда ел бағаңды.
Тересің жыр маржанын тұңғиықтан,
Білмейсің арзан сөзбен алдағанды.

Кетсе де тажал заман тайқып ақыр,
Әлі де тағдыр жолы қайқы жатыр.
Кесілген басын іздеп, мазаңды алып,
Түсіңе кіреді ылғи Кейкі батыр.
Сондықтан, тыным алмай толғанасың,
Күн сайын қаламыңды қолға аласың.
Қияға қиырдағы көзің салып,
Қырандай қанатыңды қомданасың.

Ұланы байтақ елдің байтақ ақын,
Кезің бұл айтарыңды айта алатын.
Тулаған тіршіліктің айдынында,
Жөнің жоқ жел қайықтай шайқалатын.

Дүние екі жүзді – айнымалы,
Шын ақын оған несін қайғырады?
Өкінбе қалтаң жұқа болғанына,
Болған жоқ жырдан асқан байлық әлі!..

2006.
Астана.

 

 

 

Торғай

 

(Серік Тұрғынбековке)

 

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

1
Сері аға-ау, мәлім күллі сырың маған,
Қырық жұт келсе дағы қырылмаған…
Торғайың –
Қазақта бір киелі ел ғой,
«Алаш» деп,
Әлі күнге шырылдаған!

Бұл дала,
Құдайым-ау,
Қандай дала,
Қарасаң,
Қара жерде нардай дара.
Қай құста қандай ғажап –
Қасиет бар,
Қазаққа адал болған –
Торғай ғана!
2
Боз торғай, қайтем сені, қара торғай.
Ұш-ұша талды-ау бір қанаты оңбай.
Алаштың даласымен салыстырсаң,
Аспанның өзі бізге – алақандай.
Боз торғай, қайтем сені, қара торғай.

Сол елде,
Бұл Алаштың ұлылары,
Біткен жоқ жаулары да құрып әлі…
Сол жерде –
Көк бөрі тұр,
Көк тәңірге,
Баяндап уайымын – ұлып әлі.
Батыста – қарсы алдынан Аю шығып,
Шығыста – Айдаһарға ұрынады.
Мойыны бізден шыққан шарананың,
Соларға былқ-сылқ етіп бұрылады.
Анаңнан ақын болып туған ұлсың,
Бөрімен көкке қарап ұлығалы.

3
Біледі…
Білсе дағы жүреді ғой,
Білмеген пенде құсап мұны бәрі.
… Жүз пайыз адам болар
Ақын деген,
Бір пайыз арал болса –
Құрығаны!

20. 01. 2016.

 

 

Тимеңдер, «Биші қайыңға»!

 

Серік Тұрғынбеков

 

 

Тыңдағын, астамсыған алпауыттар,
Сендердің сөздеріңде сәл қауіп бар…
Тегінде «Биші қайың» аман тұрса,
Көгінде Көкшетаудың ән қалықтар.

Кеткенде сұлулықтың көзі іріңдеп,
Баптаудың,
Аялаудың өзі міндет.
Айналып бүкіл дүние –
Ақ қайыңға,
Тұрғандай табиғаттың өзі билеп.

Билейді бір орында,
Жүрмейді олар.
Жұлсаң да жапырағын гүлдейді олар.
Аямай –
Ақ қайыңды құлатқандар.
Аққуды
Атқанменен бірдей болар.

Күнде атып,
Аңның өзін,
Құстың өзін,
Суымай бетіңдегі сұсты кезің.
Қорқаудай дүниені құртып болып,
Енді –
«Биші қайыңға» түсті көзің!

Орманда –
Оңашада сүйіскендер,
Шәрбатын махаббаттың жиі ішкендер.
«Биші қайың» –
Сүйеді аялауды,
«Биші қайың» –
Киелі, тиіспеңдер!

Бұл Бурабай –
Өтемі ата даңқтың,
Биші қайың –
Мекені махаббаттың.
Жоғалтып,
Жер бетінен сұлулықты,
От жағып ортасынан
Отамақ кім?!

Бұл дала –
Берілмейді уайым-зарға,
Бірақ та,
Бишікеште тойым бар ма?!
Атақты
Абылай хан заманында,
Билеген,
Адам түгіл,
Қайыңдар да!

Болса да,
Өзі батыр,
Өзі мерген,
Ешкімнің емес олар сөзіне ерген.
Ежелгі ел мекені,
Ертегідей –
Кешегі Кенесары көзі көрген.

Күрмеуі шешілмеген қиыс-керең,
Кім қалды заман зәрін жиі ішпеген?!.
Кешегі Кенесары сарбаздары,
Көкшенің бір талына тиіспеген.

Таптың ба,
Жемқорлықтың бір төлемін,
Айтсаңшы,
Қайда барып гүл теремін…
Баяғы Құлагерді құлатқандай –
Балтаңды сұлулыққа сілтегенің!

Тыйылып,
Тізгініңді тым ірікпей,
Көктемнің
Күйге толы күні бітпей…
Балтаңды қолыңа ұстап,
Қарайсың сен,
Бетіне сұлулықтың шімірікпей.

Қорласаң сұлулықтың ақын ғаріп,
Жүрегің дауаламай,
Жақын барып…
Табиғат сыйға тартқан
Сұлулықты –
Қиясың қалай ғана дәтің барып!

 

 

 

Мөлт еткен көз жасындай…

 

Таппадым бір-біріне разы жан,
Баз кешіп тіршіліктің тұрағынан.
Бүгінгі Ақан сері мен боламын,
Көңілінің Көкшетауы құлазыған.

                       ***
Көкшетаудың құзына ғашықпын,
Қашан басына шығар екем?
Көкшетаудың қызына ғашықпын,
Қашан жанымды ұғар екен?!
                       ***
Көңілім әлі күнге алаң қанша,
Жазуға жалықпас ем қалам болса.
Мәңгілік сұлулықты іздер едім,
Көкшетау жер бетінде жаралмаса.

                       ***
Көкшетау –
Мәңгілікке ол тұрағым,
Ақынға дем беретін  дерті  қалың.
Армансыз
Аман-есен жүрейін деп,
Ауаңды көкірегіме толтырамын.
                       ***
Көкшетау –
Жер ұйықтың мекенінде,
Алаңдап күнде осылай өтемін бе?!
Арман не,
Бар сырыңды
Біліп алсам –
Бұқпаның
Бұғып жатып етегінде!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар