Қазақ халқының жақсылығын ұмытпаймыз

«Инені қапқа салып жасыра алмайсың» деген сөз бар халықта. Жалғандықты басты идеология етіп алған Кеңес үкіметінің жүргізген өктем саясатының зардабын миллиондаған жеке адамдар, оған қоса, тұтастай ұлттар мен халықтар тартқандығы бүгінде ешкімге құпия емес. Кедейлер мен езілгендерге теңдік, бостандық әпереді деген Кеңес үкіметінің зорлық-зомбылық, кедейлік пен аштық, қуғын-сүргін әкелгені қазір құпия болудан қалды. Шындық жарыққа шықты.

Мен Шешенстанда дүниеге келсем де, бар өмірім Қазақстанда өтіп келеді. Мен 1934 жылы сол кездегі Пригородный ауданына қарасты Ангушт ауылында дүниеге келіппін. Туған ауылымның бейнесін тіпті, көз алдыма да елестете алмаймын. Өйткені, бақытты балалық шағым тым қысқа болды. Оны алдымен басталған Ұлы Отан соғысы бұзса, содан кейін «халық жауы» ретінде шешен халқын туған жерінен жаппай жер аударған кеңестік озбыр саясат ойранын шығарды.
Қыстың соңы еді. Солтүстік Кавказда қыс жұмсақ болады. Кейін білгенімдей, бұл 1944 жылдың 23 ақпаны, яғни, Совет армиясының құрылған күні екен. Таңертең есігімізді қатты соққылап аштырған түстері суық қару асынған жауынгерлер орыс тілінде әмір бере сөйлеп, отбасымыздың әбігерін алды. Содан ауыл тұрғындарын кәрі-жасына, әйел-еркегіне қарамай бәрін орталық алаңға жинады. Әскери киінген шенді офицер әмірлі даусымен айқайлай сөйлеп, жағдайды қысқаша түсіндірді. Әр отбасынан бір адамнан үйге жіберіп, олар қажет заттарды алып келді. Қажет дегенде тек киім-кешек пен аздаған жолға деген азық-түлік қана. Осыдан кейін адамдарды жүк машинасына отырғызып, көрші стансаға апарды. Сол арадан жүк вагондарына отырғызды. Пеші, ұйықтайтын сөресі жоқ, тесіктерінен жел улеген вагонда жеңіл киіммен шыққан жұрт суықтан және аштықтан қалжырап, бірер күннен кейін суық тигендер ауыра бастады. Анам мен әкем бар жылы киіммен біздерді, балаларын орап, вагон еденіне жатқызды. Ара-тұра стансаларға тоқтайды. Ондайда әр вагоннан бірнеше адам шығарып, су, аздап нан алдырады. Бар  қорегіміз мұздай су мен қатқан қара нан болды.
Бала болсам да бәрі есте, біздің вагонға отырған адамдардың жартысынан көбі жолда қайтыс болды. Суықтан, аштықтан қалжыраған адамдар көп ұзамай жантәсілім етіп жатты. Адамдардың өлі денесі вагонда тірілердің жанында жата беретін. Тек стансаларға тоқтағанда өлген адамдардың мүрделерін жақын маңдағы жерге апарып көмдіреді, ал поезд көп тоқтамайтын болса өлікті далаға асығыс тастап кете барады.
Бұл азапты жолдың қанша уақытқа созылғанын білмеймін. Есімде қалғаны, тоқтаған вагонның есігін ашып, автомат асынған жауынгерлер әмірлі үнмен әлдене деп бұйырды. Азапты сапардан есеңгіреген жұрт вагоннан шықты. Сол арада күтіп тұрған бейтаныс жандар бізді бөліп алып, белгісіз жаққа алып кетіп жатты. Біздің отбасымызды қалың тон киген қазақ атшанаға отырғызып, жүріп кетті. Кейін білгенімдей, біз тоқтаған станса Жақсы кенті екен. Содан бізді Есіл ұжымшарының үшінші бөлімшесіне әкелді. Бізді әкелген кісі бөлімше басшысы болса керек, шеткі бір үйге әкеліп орналастырды. Жат ауыл, жат орта. Бала болсақ та, жайымыздың ауырлығын кәдімгідей сезініп, жаутаңдап әке-шешемізге, онан қалды бейтаныс үй иелеріне қараймыз. Дегенмен, біздің жолымыз болды.  Бізге алғашында жатырқаған сияқты болып көрінгенімен, үй иесі де, балалары да көп ұзамай туысымыздай болып кетті. Олар тамағын бізбен бірге бөліп ішіп, бар жылы-жұмсағымен бөлісті.
Бүгінде мен Атбасар қаласында тұрамын. Зейнет демалысына шыққанша сол Есіл кеңшарында малшы болып еңбек еттім. Қазақтар қиындық көріп, «халық жауы» деген жаман жаламен жер ауып келген біздерді жатырқамай жылы қабақ танытып, жақсы қарсы алды. Егер олар тарапынан да кеңестік шолақ саясаттың салқыны сезілгенде жер ауып келген шешендердің аман қалуы екіталай еді деп ойлаймын. Иә, біздер сондай қиын шақта жарты нанын бөліп жеген қонақжай және кеңпейілді қазақ халқының бұл жақсылығын ешқашан ұмытпақ емеспіз. Балаларымның бәрі қазір ержетіп, әртүрлі салада қызмет етеді, кәсіпкерлікпен айналысады. Оларға ұдайы қонақжай және кеңпейіл қазақ халқының жақсылығын айтып отырамын. Қазақ «орнында бар оңалар» дейді. Бір кезде сталиндік озбыр саясаттың салдарынан туып-өскен елінен, жерінен, бар жиған-терген дүние-мүлкінен айырылып, жат жерге жер аударылған шешен халқы Алланың рахымымен және қазақтардың қонақжай кеңпейілдігінің арқасында аман қалып, ұрпақ өсіріп, еңселі елге айналды. Қазақстан менің екінші Отаным. Өйткені, менің бар саналы өмірім осы қасиетті жерде өтті. Менімен бірге қазақ еліне келгендердің біразы кейін атажұртқа оралды. Аға ұрпақ өкілдерінің көбі осында қалды. Өткен жылы Ингушетияның президенті Евкуровтың інісі келген еді. Оның атасы мен туыстарының қабірлері осында жатыр. Мен оны апарып көрсеттім. Ол сол маңдағы ауыл тұрғындарын шақырып, ас берді, бата оқытты.
Қазір теледидардан әлемнің әр түкпірінде болып жатқан соғыстар мен лаңкестік туралы үнемі естіп, көріп жүреміз. Сондайда жүздеген ұлттың өкілдерін кең қанатының астына алып, тату-тәтті өмір кешіп жатқан Отаным – Қазақстан екендігін мақтанышпен есіме аламын. Ләйім, біз көрген қиындықтарды ендігі ұрпақ ешқашан көрмесін, аспанымыз ашық болып, бейбіт тірлігіміз мәңгі жалғаса бергей!

Абубакар ЗАРАХОВ,
еңбек ардагері.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар