Бәріміз туыс болып кеттік

Алғыс адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі. Алғыс айту болып жарияланған 1-наурыз, ең алдымен, тағдырдың тауқыметімен елімізге мәжбүрлі түрде қоныс аударған басқа ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысы деп ойлаймын.

 

Кешегі Кеңес үкіметі Ұлы Отан соғысы кезінде саяси сенімсіз деген желеумен Еділ бойындағы немістер, Кавказдан шешен, ингуш, қарашай, черкес, Қиыр Шығыстан кәріс, еврей, грек, поляк және тағы да басқа ұлттар қазақ даласына жер аударылды.
Бала күнімізде соларды біздің ауыл қалай қарсы алғанын өз көзімізбен көрдік. Әлі күнге дейін жадымда, әр үйге екі-үш жанұядан бөліп кіргізді. Оларда еш тамақ жоқ, киімдері де біздің өңірдің суығына лайық емес. Бәрі де жылап-сықтаған, жүдеу, әсіресе балалар көздері мөлдіреп, қолымыздағы сүт, нан, қаймақты көріп, қиыла қарайды, түрлері аянышты. Іштеріндегі жетім балаларды ауылдың кісілері бауырына басып, асырап алды. Мысалы, Лида деген неміс қызын әкемнің ағасы Төлеміс Күмісбаев деген кісі асырап, өсіріп, жиырма жасында ұзатты. 1960 жылдарға дейін сол үйді төркіндеп келіп, араласып жүрді. Ата-әжеміз қайтқан соң, қатынас үзіліп қалды.
Ұзақ жылдар басқарма болған Әбду Тұржанов деген кісі Пайза деген қызды асырап алып, қолынан ұзатты. Ол әлі күнге соларды төркін санап, араласып тұрады. Қостанай қаласында елге белгілі Жантөриндер отбасындағы бір кәріс қызы қыздар педагогикалық институтының жағрапия факультетін бітіріп, мұғалім болып бізді оқытты. Қазаққа тұрмысқа шығып, бес бала өмірге әкеліп, өсіріп жеткізді. Бәрі Астанада тұрады, біреуі ғылым докторы, апай 95 жасқа келіп, былтыр қайтыс болды.
Біздің ауылда Махмуд, Юсуф Герзелеев деген шешендер болды. Өздері ағайынды 10-15 отбасы еді. Ерлері сауда жасап, асхана, тері илейтін шеберхана ұстаса, әйелдері киім тігу, тоқумен айналысты. Сол кездегі мектеп формалары мен пионер галстуктерін бізге солар тігіп беретін. Шрейдер, Манвайлер, Боргер, Байер, Лянга және тағы да басқа отыз шақты неміс отбасылары болды. Олар техника тілін жақсы білетін еді. Диірмен ұстады. Инженер, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі сияқты қызметтер атқарды. Әйелдері бау-бақшамен айналысатын, солар негізін қалаған алма бағы ауылда әлі бар. Бәрі де еңбектеріне қарай марапатталып, депутаттыққа сайланды, партия қатарына өтті. Шешендер 1964 жылдары тарихи
Отандарына қайтса, немістер бертінде 1995 жылдары Германияға кетті. Келіп тұрады, хат жазысып тұрады. Біразы қазақпен құда.  Өзім 1974 жылы Вильгельм, Саша Арнольд деген екі баланы елге әкеліп, жүргізушілікке оқытып, үйлендіріп, іні етіп ұстадым. Олар да қазір Германияда тұрады. Жиі хабарласып тұрамыз.
Сөз соңында айтарым, бастарына түскен қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға мойымастан, талайлы тағдырлардың басын шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін алғыс айту күнін жариялауы өте дұрыс деп санаймын.
Осының бәрі қазақ халқының ақкөңілдігі, бауырмалдығы, даласындай кеңдігі, үлкен жүректілігінен болса керек.

Темір ТІЛЕМІСҰЛЫ.
білім саласының ардагері.

Щучинск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар