Өміріне куә болған нұрлы өлке

Көпұлтты мемлекетімізде түрлі ұлттар мен ұлыстардың тағдырлары бір арнада тоғысып жатыр. Кейбіреулері елімізге Кеңес үкіметі кезіндегі күштеп жер аударудың нәтижесінде қоныс аударса, басқа да себептермен осында тұрып жатқандар бар. Олардың барлығы Қазақстанды өз Отаным деп санайды. Бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнап келе жатқан Татьяна Папеновамен әңгімелескенімізде де өзге ұлт өкілдерінің елімізді шексіз сүйетініне куә болдық.

  Кейіпкеріміз Ресейден Қазақстанға 1959 жылы ата-анасымен бірге көшіп келгенде небары он жаста ғана екен. Бұл отбасының бір күнде бөтен елге қоныс аударуына мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін анасының біздің елге жолдамамен қызметінің ауысуы себеп болыпты. Мінеки, содан бері қаншама жыл өтсе де, Татьяна Николаевна бізбен әңгіме барысында туып-өскен жерімен қалай қимай қоштасқанын тебірене еске алды.
–Туған ауылымды тастап кету оңай болған жоқ. Қазақстанға пойызбен көшіп келе жатқанда ата-анамнан «Бұл елде де бұрынғыдай бақытты боламыз ба, жаныма жақын достар таба аламын ба?» деп сұрай бергенім есімде. Марқұм анам маған басын изеп, құшағына қысып жұбататын. Шынымен де, Қазақстанда еш таршылық көрген жоқпыз. Анам мектепке жұмысқа орналасты, әкем де түрлі қызметтер атқарды. Біз әпкем екеуіміз анамыздың жолын қуып, мұғалімдік оқуға түстік, – деді бүгінде жасы жетпіске таяған
 кейуана.  
 Бұл отбасы көшіп келген жылдары қазіргі Егіндікөл елді мекені «Краснознаменка» кеңшары деп аталатын. Сонау 1950 жылдары мұнда өзге ұлттың өкілдері қазіргіден де көп тұрған деседі. Кейін халық біршама бытырап, көбінесе орыс, украин, бірен-саран кәріс, татар, поляк, чуваш ұлтының өкілдері ғана қалған. Ғұмырына, қуанышы мен қиындығына  түгелдей куә болған бұл өлкені кейіпкеріміздің де тастап кеткісі жоқ. Оның туған жерге деген адалдығын, мамандығына беріктігін тіпті зейнеткерлікке шықса да, әлі де мектепте талмай жұмыс істеп келе жатқанынан-ақ көруге болады. Ұлы да аудан орталығындағы мектептердің бірінде оқушыларға  дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ал, өзі бастауыш сынып мұғалімі. Жолдасы екеуі жалғыз ұлдарынан үш немере сүйіп отыр. Ұлағатты ұстаздың кеудесінде білім саласына сіңірген адал еңбегі үшін алған  «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, тағы басқа медальдары жарқырайды.
–Шәкірттеріме жасым жетпіске тая-ды десем, сенбейді. Қазіргі балалар өте зерек, айтқан сөзді тез ұғып алады. Ой-өрістері өте жақсы дамыған. Бұл әріптестерімнен жоғары білімділікті әркез ізденіп отыруды талап етеді. Ақпарат күн сайын дамыған мына заманда біліміңді шыңдап тұрмасаң болмайды. Сол себепті, бос уақытымда ғаламторда отырамын, жаңа газет-журналдармен танысамын. Шәкірттерім мені өздерінің екінші аналарындай көреді, – дейді қарт ұстаз ағынан
жарылып.
Ертеде даңқты қолбасшы Александр Македонский: «Менің өзімнің ұстазыма қарыздарлығым әкемнен кем емес. Әкемнен өмірді жалғасам, ал, Аристотельден сол өмірімді жақсы өткізу үшін білім алдым» деген екен. Шынымен де, адамзаттың бойына ізгілік нұрын шашып, білімге, ғылымға  деген құштарлығымызды оятатын ерекше жандар – ұстаздар. Өмірде анасынан үлгі алып, баланы үйретуден жалықпаған білім бағбаны  Татьяна Папеноваға да шәкірттерінің айтар алғысы зор деп ойлаймыз.
    
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар